Жоғары аудиторлық палата су бұру саласында бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады

19 Желтоқсан 2024, 11:46
195
Бөлісу:
Жоғары аудиторлық палата су бұру саласында бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады
Фото: @auditpalatasy

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында су бұру саласында бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит су бұру саласында шешілмеген проблемалар қатарын анықтады. Бұған уәкілетті органдардың іс-қимылындағы сәйкессіздік, нормативтік базадағы олқылықтар, сапалы мониторинг пен дұрыс жедел деректердің болмауы, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейінің төмендігі, инвестициялық жобалардың жете пысықталмауы және т.б. жатады.

Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу деңгейінің төмендігі және жергілікті жерлерде тарифтердің төмен болуы инфрақұрылымды жеткіліксіз қаржыландыру тәуекелдерін тудырып отыр. Сонымен қатар статистикалық ақпаратты жинаудың, өңдеудің және қорытудың бірыңғай тәсілінің болмауы желілердің ұзындығы, кәріз-тазарту станцияларының саны, авариялық желілер және т.б. бойынша деректердің сәйкессіздігіне әкелді.

Республиканың 67 қаласында кәріз тазарту станцияларын жаңадан салу, жаңғырту және реконструкциялау керек, ал 27 қалада олар мүлдем жоқ.

Өңірлер арасында қаражат бөлуде теңгерімсіздік байқалады. Мысалы, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарында желілердің тозу дәрежесі жоғары болуына қарамастан, Астана қаласы, Түркістан және Алматы облыстары көп қаржыландырылған.

Су бұру бойынша 27 күрделі жобаны сараптамадан өткізуді сараптама жүргізуге тиісті құқығы жоқ ұйымдар жүзеге асырған, бұл заңнамаға қайшы келеді. Түркістан, Қарағанды облыстарында, Шымкент пен Астанада 15 жоба бойынша іске асыру мерзімдері бұзылған, ал жекелеген жобалар бойынша түзетілген жобалық құжаттамаға қайта сараптама жүргізілмеген. Жалпы су бұру бойынша 35 жобаны іске асыру құны түзету нәтижелері бойынша 109 млрд теңгеден 180 млрд теңгеге, яғни 70 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Бұл ретте бақылаудың төмендігі кейбір нысандардың пайдаланылмай тұруына әкеледі. Мысалы, Қарағанды облысының Приозерск қаласында құны 1,9 млрд теңге болатын тазарту құрылыстарын реконструкциялау жобасы 2017 жылдан бастап 98%-ға дайын күйінде тұр. Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында кәріз желілерінің болмауына байланысты 5,6 млрд теңге сомасына пайдалануға берілген тазарту станциялары бойынша 6 жоба тоқтап тұр.

Отырыста Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірыңғай ақпараттық жүйесіз қаралған проблемалар өзекті болып қала беретінін атап өтті.

Цифрландырусыз, анық ақпаратсыз шығындарды тиімді жоспарлай алмайсыздар. Жағдайды жалпы ел бойынша, өңірлер бөлінісінде және инфрақұрылым түрлері бойынша тұтастай көре алу қажет. Ең маңызды мәселелерді бірінші кезекте шешу керек. Сапалы мониторинг болмаса, болжамға ғана сүйеніп әрекет етесіздер, яғни қай өңір бірінші келсе, сонымен жұмыс істейтін боласыздар. Бұл дұрыс емес және тиімсіз, — деді Әлихан Смайылов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдеріне.

Аудит қорытындысы бойынша:

барлығы 18,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды;

бюджет қаражатын және активтерін тиімсіз жоспарлау – 23,4 млрд теңге;

оларды тиімсіз пайдалану – 26,7 млрд теңге;

ықтимал шығындар мен түспей қалған пайда 17,3 млрд теңгені құрады;

59 жүйелі кемшілік және 277 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Оларды жою жөніндегі жұмыс толық аяқталғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Өзгелердің жаңалығы