Баку қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстанның жоғары аудиторлық палатасының мамандары Әзербайжан Есеп палатасының қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу мақсатында семинар өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Іс-шара екі ведомствоның 2024-2026 жылдарға арналған өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі тақырыбы — инвестициялық жобаларды іске асыру аудиті. Қазақстан тарапынан департамент директорлары Ләйлім Қашымова мен Ақылбай Ыбыраев баяндама жасап, Қазақстанда осындай аудиттерді жүргізудің әдіснамасы мен практикасы туралы айтып берді.
Атап айтқанда, инвестициялық жобалар тиімділігінің аудит критерийлері мен көрсеткіштерін анықтау, оны жүзеге асыру ерекшеліктері, сондай-ақ аудит сапасын бақылау сияқты тақырыптар қозғалды.
Өз кезегінде Әзербайжан Есеп палатасының өкілдері де осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рашит Ахметов семинар қарсаңында атап өткендей, инвестициялық жобалардың аудиті олардың табысты орындалуын қамтамасыз етуде және тәуекелдерді барынша азайтуда шешуші рөл атқарады.
Бұл олардың тиімділігі мен ашықтығын арттырудың маңызды құралы, — деп атап өтті Р. Ахметов.
Сондай-ақ Рашит Ахметов қатысушыларды Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жалғасып жатқандығы туралы хабардар етті. Мәселен, конституциялық өзгерістер шеңберінде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мәртебесі арттырылып, өкілеттіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражатына аудит жүргізу құқығы және елдегі барлық мемлекеттік аудит органдарының тексеру қорытындыларын қайта қарау құқығы берілді.
Жоғары аудиторлық палатаның құзыретін кеңейту тұрақты негізде үздік шетелдік тәжірибені, халықаралық стандарттарды енгізуді, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін жүйелі түрде арттыруды талап етеді. Сондықтан Әзербайжан Есеп палатасының тәжірибесі біз үшін де маңызды, — деп түйіндеді Р. Ахметов.