Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы аудит нәтижелерін жариялады

11 Қараша 2026, 11:11
АВТОР
 gov.kz 11 Қараша 2026, 11:11
11 Қараша 2026, 11:11
90
Фото: gov.kz

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жылдары едәуір артқанымен, бұл технологиялық нәтижелер мен экономиканың дамуынан әзірге толық көрініс таппай отыр. Ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1% болуы көзделгенімен, нақты көрсеткіш 0,16%-ды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша есеп беру кезінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ғылымды елдің технологиялық егемендігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде қарастырады. Конституцияда да адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде белгіленген.

Бұл ғылымды басқару жүйесіне және оның түпкілікті нәтижесіне қойылатын талаптарды арттырады. Соңғы жылдары салада маңызды шаралар қабылданды. Ғылымды қаржыландыру едәуір ұлғайып, жоғары ғылыми ұйым ретінде Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылды. Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жас ғалымдарға қолдау көрсетіліп келеді, – деді Әлихан Смайылов.

Аудит қорытындысы бойынша қандай шаралар қабылданды?

2025 жылы жүргізілген аудит қорытындысы бойынша Үкіметке 8 ұсыным, ал аудит объектілеріне 88 тапсырма берілген. Қазіргі уақытта олардың жартысынан астамы орындалған, - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Атап айтқанда, Ғылым қоры арқылы тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді гранттық қаржыландыру заңнамалық тұрғыдан қарастырылды. Министрліктің ғылыми зерттеулерге арналған сатып алу қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті айқындалды.

Сонымен қатар аккредиттеу және ғылыми сараптама рәсімдері, сондай-ақ апелляцияларды қарау тәртібі реттелді. Ғылыми нәтижелерді енгізуді растаудың бірыңғай нысаны және коммерцияландыру жобалары бойынша жоспарлы сату көрсеткіштерін айқындау әдістемесі бекітілді, - деді Смайылов.

Алайда Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2026 жылғы аудит нәтижелері қабылданған шараларға қарамастан, ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі мәселенің әлі де сақталып отырғанын көрсетті.

Ғылымға бөлінетін қаржы артқанымен, нәтиже жеткіліксіз

Бірінші мәселе – қаржыландыру көлемінің өсуі тиісті технологиялық нәтижелермен салыстырмалы түрде көрініс таппай отыр.

2022-2025 жылдары ғылымға жұмсалған қаражат 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өсті. Соған қарамастан, ғылымның экономикадағы үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Жалпы ішкі өнімдегі ғылым үлесі 1% болуы көзделгенімен, нақты көрсеткіш 0,16%-ды құрады.

Сондай-ақ ғылымды қаржыландыруда бюджет қаражатына тәуелділік артқан. Мемлекеттік бюджет есебінен бөлінетін қаржының үлесі 55%-дан 82%-ға дейін өсті. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелділігін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Бұған қоса, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13%-дан 5%-ға дейін төмендеген, - деп баяндады ол.

Наверх