Бұл туралы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салық кодексінің 10-бабына сәйкес салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер міндетті түрде ресми жариялануы тиіс. «Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес уәкілетті орган басшысының, жергілікті өкілеттік органдардың құқық нормаларын қамтитын, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық шешімдерінің күшіне енуінің қажетті шарты оларды әділет органдарында мемлекеттік тіркелуі тиіс. Соттар салық дауларын қарау кезінде осы шарттарға сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша қабылданып, салық органы шешім шығарған кезде қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілер қолданылатынын соттар назарда ұстағаны жөн, - деп атап өтті Жоғарғы Сот төрағасы.
Айтуынша, ол қандай жағдайда заң ережелерінің кері күші болмайтынына тоқталды.
Салық кодексінің 3-бабы 5-тармағына сәйкес салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрін белгілейтін, мөлшерлемені арттыратын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің жағдайын нашарлататын Қазақстан Республикасы заңдары ережелерінің кері күші болмайды. Салық кодексіне сәйкес, салық органдары өз құзыреті шегінде салықтық міндеттеменің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндірмелерді жүзеге асыруға міндетті. Сот оларды салық заңнамасының нормаларына сәйкестігін ескере отырып бағалауы тиіс, - деді Асламбек Мерғалиев.