«Жоғалған баланы іздеуге сүңгуірлер жұмысына қаражат жиналып жатыр» деген ақпарат жалған

23 Ақпан 2021, 15:18
1316
Бөлісу:
«Жоғалған баланы іздеуге сүңгуірлер жұмысына қаражат жиналып жатыр» деген ақпарат жалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан хабарламаға қатысты ҚР ТЖМ ресми түсініктеме берді.

Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли атап өткендей, қазіргі таңда Whats App және өзге де әлеуметтік желілерде Қызылорда облысында жоғалған баланы іздестіру жұмыстарына сүңгуірлердің жұмыстарына ақы төлеу үшін қаражат жиналып жатқандығы туралы ақпарат таралып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі бұл ақпараттың жалған екендігін ресми түрде мәлімдейді. Құрметті Қазақстан азаматтары, барша жанашыр қауым! Бұл ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймыз. ТЖМ-нің ресми сайтында, Қызылорда облысы департаментінің ресми сайтында барлық іздестіру жұмыстары туралы ақпараттар уақытылы орналастырылып жатыр. Сондай-ақ, барлық қызмет ақысыз негізде мемлекеттің қаражатына көрсетілетіндігін ресми түрде мәлімдейміз, - деп айтты ТЖМ өкілі.

Еске сала кетейік, жалған ақпарат таратқандығы үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша жауапкершілік көзделген.

Айта кетейік, Байқоңыр қаласында 20 ақпан күні 2013 жылы туған екі бала жоғалып кеткен болатын. Ертеңіне бір баланың денесі Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы Байқоңыр понтон өткелінен 500 метр қашықтан табылды. Ал екіншісі әлі іздестіріліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы