Жобаларымыз мемлекеттік аппаратпен байланысты нығайтуға бағытталған – Равиль Төлебаев

2 Маусым 2021, 19:15
3470
Бөлісу:
Жобаларымыз мемлекеттік аппаратпен байланысты нығайтуға бағытталған – Равиль Төлебаев
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге тегеурінді тосқауыл қою, қоғамның дамуын тежейтін кез келген жағдайға төзбеу сынды мәселелердің маңызы зор.

Бұл бағытта атқарылған жұмыстары мен жобалары туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтып берді. Ол әңгімесін былай бастады:

– Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқандығынан жұртшылық хабардар деп ойлаймын. Бұлардың дені қоғамға тамырын жайып үлгерген дерттің алғышарттарын жүйелі жоюға және азаматтық қоғам институттарымен сындарлы әріптестік орнатуға негізделген. Бұл орайда біз сыбайластықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтауға ықпал ететін, іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген арнайы мониторинг пен сыртқы талдау жүргізу механизмдерін кеңінен қолдану үстіндеміз. Мәселен, былтыр Жамбыл облысында осындай 17 мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 28 сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған жайымыз бар.

Сонымен қатар 11 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ұйымдастырушылық-басқарушылық шаралары қабылданды. Мұның ішінде Тараз қаласында тұрғын үй қорынан баспананы мұқтаж азаматтарға беру бойынша заңсыз қабылданған қаулының күші жойылып, пәтерлер мен жатаханалар 2006-2007 жылдардан кезекте тұрған шын мұқтаж отбасыларға үлестірілді. Тараз қаласы мен аудандардың мәслихат шешімдерінен әлеуметтік көмек көрсету бойынша артық құжаттарды талап ету нормалары да жойылды. Осыған дейін, үлгілік қағидалар негізінде жұмыс істеп келген Тараз қаласы әкімдігінің жер комиссиясы біздің ұсынысымыз негізінде ережесін қабылдады. Сол сияқты, Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысымен білім беру ұйымдарына оқушыларды қабылдау қағидалары бекітілді.

Аймақтағы Жастар ресурстық орталықтарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 1 млн теңгеге жуық заңсыз төленген айлық жалақы мен іссапар шығындары қазынаға кері қайтарылды. Ал жер қатынастары саласына жасалған талдау негізінде ұзақ мерзім бойы пайдаланылмай келген, Тараз қаласы аумағындағы коммерциялық мақсаттағы 3 жер учаскелері мемлекеттік меншікке берілді. Біздің ұсыныстарымызбен өз фукционалдық міндеттемелерін дұрыс орындамаған 8 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

– Равил Қуанышбайұлы, бұл мониторинг қорытындысы негізінде анықталған кемшіліктер ғой. Енді сыртқы талдау жұмыстарының арқасында қандай шаралар жолға қойылғанын атап өтсеңіз.

– Алдымен былтыр өңірдегі мемлекеттік органдардың, оларға қарасты мекемелердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 12 сыртқы талдау жүргізіліп, нәтижесінде 82 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғанын еске сала кетейін. Сондай-ақ 40 ұйымдастырушылық-басқарушылық шаралар қабылданып, 19 құқықтық актіге және 3 нормативтік құқықтық актіге өзгеріс енгізілді. Мысалы, «Рухани жанғыру» жобалық кеңсесі қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 8,2 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Бұл сома мемлекеттік бюджетке толығымен қайтарылды.

Сол сияқты, экология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына биологиялық негіздемелер жүргізмегендіктен, 9 мемлекеттік экологиялық сараптамалардың күші жойылды. Өңірдегі табиғи ресуртар басқармасына енгізілген ұсыныстарымыздың арқасында Жамбыл облысы әкімінің қаулысымен 12 су айдындары мен аңшылық алқаптары бойынша келісім-шарттар бұзылып, мемлекет меншігіне берілді. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен аудандардағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін енгізу бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Осылайша, шақыру комиссиясының құрамына жұртшылық өкілдерін қосу арқылы қабылданатын шешімдердің айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал еттік.

Заңнамалық тұрғыдан алатын болсақ, Эколгия кодексіне объектілерге қатысты эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін белгілеу туралы талап енгізілді. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің бұйрығымен тексеру барысында бейне жетон пайдалану нұсқаулығы әзірленді. Ауыл шаруашылығы министрінің «Су айдындарына балық жіберу, су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізу» қағидаларына комиссия құрамына қоғам өкілдерін қосу жөніндегі өзгеріс енгізілді.

– Қазіргі таңда қоғамдық институттармен сындарлы әріптестік орнатып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бағытында мемлекеттік органдарды барынша ашық, айқын болуға үндеп келесіздер. Менің білуімше, бұл бағытта да біршама шаруа атқарылды. Солардың негізгілерін айтып бересіз бе?

– Дұрыс айтасыз, біздің мамандарымыздың араласуымен бүгінде Жамбыл облысы аумағындағы қалалық және аудандық әкімдіктер толықтай қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне көшті. Мұнда тұрғындарға мемлекеттік қызметті бір терезе қағидаты бойынша көрсетуге мүмкіндік жасалған. Бұл шаруаларды облыс әкімдігімен бірлесіп «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында іске асырғанымызды атап өткен жөн. Сервистік әкімдікте 6 бөлімнің қызметкерлері, «Атамекен» және жұмыспен қамту орталықтарының мамандары қызмет етеді.

Біз басымдық беретін бағыттың бірі – бюджеттердің жаппай ашықтығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» іске қосылған болатын. Бұл жоба мемлекет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін көпшіліктің біле жүргені абзал. Бүгінде облыстағы жергілікті атқарушы органдармен тұрақты байланыс орнату арқылы 1 049 мелекеттік мекеме 1,1 трлн теңге шамасындағы өз бюджеттері туралы мәліметтерді аталған картаға енгізіп үлгерді. Осы карта аясында мемлекеттік органдар және қоғам белсенділері арасынан арнайы клуб құрылып отыр. Онда апта сайын бюджеттердің игерілуі барысында орын алған мәселелер талқыланып, проблемалары шешіледі. Енді қандай да бір азамат кез келген бюджеттің игерілімі бойынша қоғамдық мониторинг жасаған болса, оның қорытындысын аталған клуб жұмысына ұсынып, әрі қарай оны бірлесіп қарауға мүмкіндік туып отыр.

Тағы да айта кетерлігі, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайтуға, халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған. Бұлай дейтінім, жоба аясында қоғамдық мониторинг арқылы мемлекеттік органдар мен мекемелерге, әлеуметтік, денсаулық сақтау, тұрғын үй салаларына, сондай-ақ, аула тазалығы мен басқа да мәселелер бойынша 771 ұсыныс енгізіпті. Сондықтан болар, облыс тұрғындары тарапынан жоба қызметкерлеріне алғысын білдіріп жатқандар көп.

– Равил Қуанышбайұлы, аталған шаралардың нәтижелеріне қанықтық. Одан өзге, көзге көрінетін қандай жобаларыңыз бар?

– Елімізде орын алған жағдайлар біздің жұмысымызға да елеулі түзетулер енгізіп, қашықтықтан ақпараттық-ағартушылық тетіктерін қолдана отырып, алдын алу жұмысының толық әлеуетін ашу арқылы бизнес-үдерістерді сапалы түрде қайта қарады. Осылайша, «Антикор лайф», «Адал көмек» және басқа да жобалар іске қосылды. Бұлар біздің департаменттің жанынан құрылған Үгіт ақпараттық штабының азаматтармен кері байланыс орнатуының тетігі болды. Нақты мысалмен айтсам, аталған жобалар аясында 1 042 тікелей эфир ұйымдастырылып, 588 спикерлер, яғни мемлекеттік орган басшылары, заңгерлер, мекеме директорлары, қоғам өкілдері, арнайы мониторингтік топ мүшелері бірінен кейін бірі сұхбат берді. Ондағы қаралым саны 858 мың адамды құрады. Аталған іс-шара аясында мемлекеттік органдардың жұмысы, пандемия жағдайындағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, әлеуметтік төлемдер, аймақ бюджеттердің ашықтық индексі, дәрі-дәрмек пен дәрілік заттарды сату, мектеп оқушыларын қажетті құрал-жабдықтармен қамту, заңгерлермен әртүрлі бағыттағы құқықтық кеңестер, басқа да актуалды тақырыптар қозғалды. Демек, бұл жобалар өздерінің тиімділігін көрсетті деген ойдамын.

Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді анықтау мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тым жоғары баға қою фактілерінің орын алуына мониторинг жүргіздік. Нәтижесіде енгізілген ұсыныстар бойынша мемлекеттік органдар сатып алу жоспарын қайта қарап, бүгінге дейін 626 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.

Реті келгенде айта кетейін, инвесторлар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қолдауға, қорғауға бағытталған Protecting Business and Investments атты жобамыз бар. Мұның аясында бизнесті құқықтық қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылықты арттыру, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық профилактикалық механизмдерді жүзеге асыру, бизнес-процестерді оңтайландыру және регуляторлық ықпал ету бойынша іс-шаралар қарастырылған. Кешеге дейін біз шетелдік және отандық инвесторлармен жалпы сомасы 517 млрд теңгені құрайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсету туралы 36 келісімге қол қойдық. Олардың ішінде Германия, Иран, Чехия, Қытай секілді мемлекеттердің инвесторлары бар.

Сондай-ақ жоба аясында аймақтағы 24 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Мысалы, кәсіпкерлермен кездесу барысында медициналық емес мекемелермен физикалық қалпына келтіру қызметтерін көрсету үшін оңалту орталығын салған кәсіпкер Рауан Рауылбеков құжаттарды алу, атап айтқанда қабылдау актісіне қол қою проблемасы туралы хабарлаған болатын. Осы мәселені уәкілетті органдармен бірлесе қарастырып, қажетті қол жинау процедурасын оңтайландырып, жеңілдеттік. Кәсіпкер мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді заңды мерзімінде алып, қазіргі таңда өз кәсібін сәтті жүзеге асыруда.

– Айтпақшы, «Сапалы жол» жобасы аясында да біршама шаруа атқарылып еді. Сол туралы оқырмандарымызға кеңірек әңгімелеп берсіңіз.

– Иә, ондай жобамыз да бар, ол Мемлекет басшысының Жолдауындағы мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдау туралы тапсырмасымен толық үйлеседі. Нәтижесі де жаман емес. Былтырдан бері 73 іс-шара ұйымдастырып, қоғамдық мониторинг негізінде 70-ке жуык кемшілік анықтадық. Жол жабындыларын қалыпқа келтіру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді.

Одан бөлек, рейдтік іс-шаралар арқылы жол жабындарын зақымдау, шамадан тыс жүк тасымалдау сияқты 120-дан аса құқықбұзушылықтар анықталып, коммуналды қызмет атқаратын мекемелерге, ауыр жүк тасымалдаушы көліктердің жүргізушілеріне жалпы сомасы 16 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қуанатыным, қазіргі таңда қоғам белсенділері жол сапасына байланысты құқықбұзушылықтарға бейжай қарамайды. Осы мәселе төңірегінде түсетін арыз-шағымдар көп-ақ.

– Равиль Қуанышбайұлы, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласының мамандары былтыр басталған карантин жағдайларында қандай да бір шараларға араласты ма?

– Әлбетте, біздің арнайы мониторингтік тобымыз қоғамдық бақылауға белсене атсалысуда. Жамбыл облысы аумағында карантин жариялаланғалы топ мүшелері Тараз қаласы кіреберістеріндегі 37 бекеттегі жағдайға және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға өсіміне жол бермеу мақсатында күнделікті қоғамдық мониторинг жүргізді. Осы орайда, карантиндік бекеттерде бірқатар мәселелер анықтаған болатын. Айталық, карантиндік бекеттер толық қажетті қондырғылармен жабдықталмағандығы, көліктерді тексеру кадрларының аздығы, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, міндетті киімдердің талапқа сай еместігі және тағы сол сияқтылар мәселелер толығымен қолға алынды. Сондай-ақ, арнайы топ мүшелері блок посттарда белгіленген шектеулердің сақталуына мониторинг жүргізіп тұрды. Мысалы, сәуір айының соңында бекітіліген шектеулерге қарамастан, блокпосттар арқылы таксилердің жолаушыларды басқа қалаға ешқандай рұқсатсыз өту ақпараты түскен. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін топ мүшелері жолаушы ретінде такси арқылы блокпосттан өтуге әрекет жасаған. Ол Тараз қаласының Айша бибі бекеті арқылы еш кедергісіз өтіп кетті. Нәтижесінде Жамбыл аудандық полиция бөлімшесінің екі қызметкері қатаң сөгіс алып, тәртіптік жазаға тартылды.

Сонымен қатар, «Адал фарм» жобасы аясында Жамбыл облысы әкімдігі жанынан құрылған жедел топ құрамына біздің мамандарымыз да қосылып, дәріханаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізді. 167 дәріхана мен 32 дәрілік қоймалар, аурухана қызметі зерделенді. Онда бағаларды көтерудің, дәрілік заттарды заңсыз сатудың 49 фактісі анықталып, 32 әкімшілік хаттама толтырылды. Тағы айта кетерлігі, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында дәрі-дәрмектердің шекті бағасы көрсетілген QR-code енгізілген арнайы жадынамалар 240-тан аса дәріханаларға ілінді. Демек, дәріханаға келген азаматтар дәріні сатып алу барысында оның бағасына күмәні туса, оның шекті бағасын QR-code арқылы тексеруіне болады.

Сондай-ақ жобалық кеңсе менеджерлері, арнайы мониторингтік топ мүшелері және департамент қызметкерлері шет мемлекеттен келген гуманитарлық көмектердің медициналық мекемелерге жетуіне де ықпал етті. Өңірге Катар, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Онтүстік Корея, АҚШ, Үндістан, Украина, Жапония, Пәкістан, Грузия, Израил, Германия, Түркия мемлекеттерінен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, «КазАтомПром» жолдаған гуманитарлық көмектер қоймаларға ұсынылған тізімге сәйкес толықтай қабылданды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы