Жобалардың үздігі – «Асарлатып үй салу» аясында 123 тұрғын үй салынуда

22 Қазан 2020, 09:16
3668
Бөлісу:
Жобалардың үздігі – «Асарлатып үй салу» аясында 123 тұрғын үй салынуда

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл басынан бері демеушілер мен меценаттар есебінен 323 млн 849 мың теңге жиналып, 41 жоба іске асырылған.

Бұл жайында өңірдегі «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Зарина Қуатова айтып берді. Ол қырықтан астам жобаның ішінде 9 тұрғын үйді, 2 саябақты, 6 спорттық нысанды, 1 мешіт пен 7 инфрақұрылымды дамыту жобасын атап айтуға болады. Сонымен қатар, 11 әлеуметтік көмек түрі мен өзге де жобалар бар. 

Қайырымды жандардың қаражаты есебінен ең көп жоба Қордай ауданында жүзеге асырылды. Онда 57 миллион теңге көлеміндегі сомаға шағын футбол алаңы, спорт алаңшасы және балалар алаңы салынса, 300 мың теңгеге streetworkout тұрғызылды. Бұған 25,3 миллион теңге жұмсалған инфрақұрылымды дамыту жобасын және әлеуметтік жобаларды қосу керек. Содан кейін Шу, Сарысу, Жуалы, Меркі, Талас, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласы тұр. Ал Мойынқұм, Байзақ аудандарында мүлде жұмыс жүргізілмеген, - деп атап өтті Зарина Қуатова. 

Жауапты маманның сөзінше, Тараз қаласын дамытып, көркейту мақсатында «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі жалғасу үстінде. «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстыратын «Арбат-1» жолының, Әйтеке би көшесінің бойынан «Анаға тағзым» орталығының макетін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аққозиев және Сыпатай батыр көшелерінің аралығында «Арбат-3» кешені мен жаяу жүргіншілер жолағы, «Дос-Нар» сауда орталығының маңынан «Қазақ халқына мың алғыс» монументі ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен жатақхана алдындағы саябақта биіктігі 7,5 метрді құрайтын «Домбыра» ескерткішінің ашылғаны бар. 

Жергілікті әкімдікке қарасты басқармалар арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясмындағы 13 арнайы жобаның 6-уынан көш бастап Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы алдыңғы қатарда тұр. Ал, Туризм, Жастар саясаты мәселелері басқармалары мен «Қоғамдық келісім» мекемесі нәтижелі жұмыс көрсете алмады. Жоғары оқу орындарынан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік мемлекеттік университеті барлық жобаларды дер кезінде және жоғары деңгейде орындаса, әкімдіктер арасында Тараз, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Жуалы аудандары жоғары көрсеткішке ие болды, - деді спикер. 

Арнайы жобалардың бірде-біреуінен оң көрсеткіш көрсете алмағандар – Сарысу, Мойынқұм аудандары. Ал ең үздік жоба ретінде Байзақ ауданынан бастау алған асарлатып үй салуды айтуға болады. Бүгінде бұл бастаманы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қолдап, аймақ бойынша 123 тұрғын үй салынуда. Бүгінде 116 үйдің құрылысы басталған. 8 үйді сатып алу жоспарланып отыр. Пайдалануға берілгені – 9 үй. 

Зарина Қуатова жаз айлары әлем үшін өте ауыр кезең болғандығын еске салып, іс-шаралардың басым бөлігі онлайн форматта өткенін айтты. Биылғы маусым айында мемлекеттік хатшының тапсырмасымен қосымша «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» арнайы жобалары енгізілген. Алдағы уақытта бағдарлама аясындағы іс-шаралар мен жобаларды іске асыруда осы арнайы жобаларға басымдық берілуі қажет. 

Қауіпті індеттің екінші толқыны кезінде офис тарапынан «Қымызмұрындық» дәстүрі өзгеше форматта ұйымдастырылып, өңірдегі науқастар мен медицина қызметкерлеріне 1 тоннаға жуық қымыз жеткізілді. Игі істі жалғастырып, қолдау білдірген Тараз қаласы мен Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу, Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу аудандары әкімдіктеріне алғысымызды білдіреміз, - деді жауапты маман. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында жобалық офистің қызметкерлері «Бірге – таза Қазақстан» жобасын дәріптеп, Меркі ауданындағы Үңгіртас аумағына тазалық жұмыстарын жүргізген екен. Бұл бастаманы өзге аудандар да жалғастырып, Талас ауданындағы «Жартас» көлі, Мойынқұм ауданындағы Қызыл қайнар бұлағы мен Хантау тауының, Жуалы ауданындағы «Шақпақ әулие» киелі мекенінің, Шу ауданындағы Атбасар, Сексеуіл ауылдарының, Т.Рысқұлов ауданыдағы Қайыңды тауының, Тілеміс сайы мен Мыңтеке жотасының аумақтарын тазалаған. Сонымен бірге, «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында ұмыт болған ұлттық тағамдардан онлайн шеберлік сағаттарын өткізу қолға алыныпты. Жамбылдық жас келіндер мен аналар «Өрме төстік», «Үлпершек», «Қарын бүрме», «Ми палау», «Балғын сүр ет», «Қымыз», «Құрт», «Ірімшік», «Талқан» сынды ұлттық тағамдардың құрамы мен жасалу жолдарын түсіндірген. 

Зарина Бердібекқызы енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның 13-і жобалық офиске тиесілі болса, жетеуін – әкімдіктер, алтауын – жергілікті әкімдікке басқармалар, төртеуін жоғары оқу орындары қолға алуы тиіс. 

Оның сөзіне қарағанда, көп жағдайда әкімдер мен басқарма басшылары бағдарламаның іске асырылуын есепті жинақтаушы маманға жүктеп қоятын көрінеді. 

Қарапайым мамандар қалайша мәдениет, білім, ішкі саясат бөлімдері басшыларын міндеттеп, жұмыстың сапалы орындалуын талап етпек? Сондықтан аудан әкімдері мен басқарма басшылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын тікелей өздері қадағалап, бақылауға алмай, қолдау көрсетпей – нәтижеге жету мүмкін емес. Өйткені өңірдің республикадағы көрсеткіші «әкімдіктер мен басқармалар, ЖОО өткізген жобалар мен іс-шаралардың сапасы, есептің дер кезінде берілуіне тікелей байланысты, - деді Зарина Қуатова.

Өзгелердің жаңалығы