Жітіқарадағы 5 бала өлімі: Отбасы жайлы тың дерек айтылды

14 Қазан 2024, 14:47
1896
Бөлісу:
Жітіқарадағы 5 бала өлімі: Отбасы жайлы тың дерек айтылды
Фото: pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жітіқарадағы өрттен қаза тапқан 5 баланың отбасына қатысты тың дерек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үйдегі үлкен ұлдың айтуынша, қайғылы оқиға таңғы сағат 4:30 шамасында басталған. Ол таңғы сағат 5-те көршілерден көмек сұраған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлаған. Таңғы 6-да мен Алматыға жұмыс сапарымен ұшып кеткендіктен, оқиға орнына департамент директоры барды. Ол басынан аяғына дейін, яғни жерлеу рәсіміне де қатысты. Отбасыға тиісті қолдау шарасы көрсетілді, - деп айтты министр.

Жақыпованың сөзінше, отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың қатарында болған.

Сондай-ақ отбасында фамилиясы әртүрлі балалар тәрбиеленген. Әйел 2 рет некеде болған. Бірінші некеден 3 бала, екінші некеден 2 бала болған. Ең кенже бала – 1 жаста. Мамырда әйел көпбалалы ана атанып, «Күміс алқа» медалімен марапатталды. Бірінші күйеуімен ол ресми түрде ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге көлемінде алимент алған. 2 тоқсан бойы 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Жақсы төлем төленген, - деп түсіндірді Еңбекмині.

Светлана Жақыпова бұл мәліметті департамент директорынан алған.

Сондай-ақ балалардың анасы жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген. Сол түні ол қалаға кеткен. Не үшін кеткені тергеу аясында айтылмай отыр. Оның неге кеткенін білмеймін. Бірақ үйге 1995 жылы туған жігіт сол күні кешкі сағат 7-де пеш жағып беріп кетіп қалған. Балалар тоңып қалмау үшін оны анасы жіберген болуы керек, - деді ведомство басшысы кулуарда.

Еске салсақ, 11 қазан күні таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен 5 бала қаза тапты. Отқа оранған үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы кәмелетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені 2011 жылғы бала ғана аман, зардап шекпеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал әкелері түрмеде отыр.

Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы