Қазақстанда 2025 жылы өндірілген жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі 159,6 трлн теңгеге жетті. Нақтыланған деректерге сәйкес, ел экономикасы өткен жылмен салыстырғанда нақты мәнде 6,5%-ға өскен. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылы экономиканың бірқатар негізгі саласында айтарлықтай өсім тіркелді. Ең жоғары өсім көлік және жинақтау саласында байқалып, оның көлемі нақты мәнде 19,4%-ға артқан. Құрылыс саласы 17,5%-ға, сауда 8,1%-ға, өнеркәсіп 7,7%-ға, ал ақпарат және байланыс саласы 6,4%-ға өскен.
Қай өңірлерде өсім жоғары?
Өңірлер бөлінісінде жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) ең жоғары өсім қарқыны Түркістан облысында тіркелді. Мұнда көрсеткіш 13%-ға артқан.
Екінші орында – 11,6% өсім көрсеткен Солтүстік Қазақстан облысы. Ал Астана қаласында ЖӨӨ 10,2%-ға өскен.
2025 жылғы ЖІӨ құрылымында ең жоғары үлес Алматы қаласына тиесілі болды. Еліміздің ірі мегаполисінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 22,7%-ды құрады. Одан кейін Астана қаласы – 12,3% және Атырау облысы – 10,4% көрсеткішпен орналасқан.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ қанша?
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 7 827,2 мың теңгені құрады. Бұл 15 006,4 АҚШ долларына тең.
Өңірлер арасында жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша Атырау облысы көш бастады. Мұнда көрсеткіш 23 332 мың теңгеге жеткен.
Одан кейін:
- Алматы қаласы – 15 601,1 мың теңге;
- Ұлытау облысы – 13 831,8 мың теңге;
- Астана қаласы – 12 370 мың теңге.
Осылайша, жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша мұнай-газ өндірісі басым Атырау облысы мен экономикалық белсенділігі жоғары ірі қалалар алдыңғы қатарда тұр.
Бақыланбайтын экономиканың үлесі азайды
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында бақыланбайтын экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 15,69%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 1,02 пайыздық тармаққа төмендеген.
ЖӨӨ-дегі бақыланбайтын экономика үлесінің ең айтарлықтай қысқаруы Ұлытау облысында байқалды. Мұнда көрсеткіш 5,78 пайыздық тармаққа азайған.
Абай облысында бақыланбайтын экономиканың үлесі 4,43 пайыздық тармаққа, ал Атырау облысында 3,92 пайыздық тармаққа қысқарған.
Жалпы, 2025 жылғы статистикалық көрсеткіштер Қазақстан экономикасының негізгі салаларында өсім сақталғанын көрсетеді. Әсіресе көлік және жинақтау, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салаларындағы өсім елдің жалпы экономикалық көрсеткіштерінің артуына елеулі ықпал еткен.