Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің инвестициялық кірісі - 6,8 триллион теңге

24 Маусым 2022, 14:36
1376
Бөлісу:
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің инвестициялық кірісі - 6,8 триллион теңге

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 маусымындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 12,8 триллион теңге болды. 

Бұл қаражаттың зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтитыны белгілі.

Зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық табыстың үлесі жыл сайын өсіп келеді. 2014 жылдан бері Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық табыс (БЖЗҚ-да барлық зейнетақы активтерін біріктіру үрдісінің аяқталуы) 5,9 трлн теңгеге жетті. Ал Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істей бастағаннан бергі инвестициялық табыс 6,8 трлн теңге. 

Жыл басынан бері геосаяси ахуалдың нашарлауы салдарынан әлемдік қаржы, тауар нарықтарында құбылмалылық орын алып, бұл инфляцияның өсуі мен зейнетақы активтерінің табыстылық көрсеткіштеріне  кері әсерін тигізді. Осылайша, зейнетақы активтерінің кірістілігі жыл басынан бері әр түрлі кезеңдерде бірде оң, бірде теріс қалыптасқан қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау салдарынан өзгеріп отырды.

Зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланды. Инвестициялардың 2/3 жуығы теңгемен және 1/3 жуығы шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылған. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін. Жалпы, 2014 жылдан бастап зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 17%-дан  29%  дейін өскенін атап өткен жөн.

2022 жылдың қаңтары мен наурыздың басы аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы әлсіреп, доллар құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін жетті. Ал наурыз айының ортасында доллар бағамы 512 теңгеге дейін өсті. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты. Салымшылар да өздерінің жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық табысты байқады. Одан кейін ұлттық валюта нығая бастап, сәйкесінше, доллар бағамы  төмендеді. 1 маусымда 1 доллардың құны 414.67 теңге болды. Зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізілетіндіктен, оны салымшылар өздерінің үзінді көшірмелеріндегі өзгерістерден көре алады.

Нәтижесінде қаржы нарықтарындағы келеңсіз жағдайлар мен активтерді валюталық қайта бағалау инвестициялық кірістілікке әсер етіп, соңғы 12 күнтізбелік айда ол 4,14%.

Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдау орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені, ол нарықтың үнемі құбылмалығына тәуелді.

Мысалы, 2021 жылы  салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-сына бөлінген таза инвестициялық табыс шамамен 1,4 трлн теңгені құрап, бұл бір жыл ішінде түскен жарналар мөлшерінен асып түсті (1,3 трлн теңге). БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік  Ұлттық банкінің басқаруымен былтыр жыл басынан бері 11,13% көрсетсе (бұл мерзімді банк депозиттері бойынша табыстылықтан жоғары), инфляция 8,4% болды.   

2014 жылдың сәуірінен бастап 2022 жылдың 1 маусымына дейін Ұлттық банктің басқаруындағы кірістілік 99,94% болды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап (1998 жыл) инвестициялық табыстылық 2022 жылдың 1 маусымына өсу қорытындысымен 670,58% құраса, барлық кезеңдегі инфляция 603,68% көрсетті. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енген күннен бастап 2022 жылдың 1 маусымына дейінгі кезең аралығында зейнетақы активтерінің нақты (яғни, инфляциядан асып түсетін) табыстылығы 66,90% болды.

Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайты немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен көре алады. 

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы