Ұлттық кеңес. Жиі қойылатын сауалдарға жауап

18 Шілде 2019, 19:19
3510
Бөлісу:
Ұлттық кеңес. Жиі қойылатын сауалдарға жауап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Оның құрылатыны жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусым күні - Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімінде айтты. 

«Билік пен қоғам арасындағы диалогтың маңызы зор. Әртүрлі пікірлер бола береді, бірақ біртұтас қоғам керек. Сол үшін мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес еліміздегі ең маңызды мәселерді талқылайды. Алғашқы отырыс тамыз айында өтеді», - деген еді Тоқаев. 

Сол күні кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулы қабылдады. 

Ал 2019 жылғы 17 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы осы Жарлықтың орындалуын бақылауды ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктеді. 

Ұлттық кеңес деген не? 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (Ұлттық кеңес) ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады.

Негізгі мақсаты

Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау.    

Басты міндеттері

·        тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу;

·        жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау;

·        жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;

·        өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.

Құрамы

·        Ұлттық кеңес оның төрағасынан, орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады.    

·        Ұлттық кеңестің төрағасы (бұдан әрі – Төраға) - Қазақстан Республикасының Президенті.

·        Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.  

·        Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.     

·        Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.  

·        Ұлттық кеңестің мүшелері өздерінің өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқығы жоқ.

·        Ұлттық кеңестің мүшелерінде Мемлекет басшысы қол қойған, Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің куәлігі болады.  

Отырыс жиілігі

Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді.  

Жұмыс процесі

Ұлттық кеңестің ұсынымдарын алған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер оларды қарайды және қабылданған шешімдер туралы Ұлттық кеңеске Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте хабарлайды.

Халық қалай бақылайды?

Ұлттық кеңесте талқыланатын мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері мен отырыстарда қабылданған шешімдер жұртшылықтың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі, сондай-ақ Интернет желісінде орналастырылады.

Бұған қоса, Ұлттық кеңестің отырыстарына Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңестің мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

Кімдер бар?

Ұлттық кеңестің құрамы: Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Президенті, төраға; Қырымбек Көшербаев - ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға орынбасары; Ерлан Қарин - ҚР Президентінің кеңесшісі, хатшы.

Ұлттық кеңестің мүшелері: Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков; Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков; ҚР Ұлттық архивінің «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы; қоғам қайраткері Мұрат Әбенов; «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» РҚБ президенті Азаматхан Әміртаев; қоғам қайраткері, саясаттанушы Данияр Әшімбаев; Қазақстан Медиаодағының тең құрылтайшысы Арманжан Байтасов; қоғам қайраткері, «Мен ояндым» акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай; журналист, «Informburo.kz» порталының бас редакторы Михаил Дорофеев; Мәжіліс депутаты Дания Еспаева; «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы; қоғам қайраткері, саясаттанушы Расул Жұмалы; әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова; қоғам қайраткері Қазыбек Иса; «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы; «Жастар» ҒЗО директоры Талғат Қалиев; «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов; қоғам қайраткері Жәнібек Қожық; журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат; қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам; кәсіпкер, IT-маман Бағдат Мусин; қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек; «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов; саясаттанушы Саясат Нұрбек; Алматы жоғары басқару мектебінің және «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті Қанат Нұров; адвокат,«Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова; құқық қорғаушы қайраткер Айгүл Орынбек; «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев; «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков; «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының жетекшісі Асхат Садырбай; Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров; қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым; Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Максим Споткай; қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан; «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова; Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов; Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан; «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев; «Транспаренси Казахстан» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов; «Қазақстан барысы» даму қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев.

Қалай іріктелді?

«Кеңес мүшелері - тұрақты түрде ұзақ уақыт бойы қоғам назарындағы өзекті мәселелермен айналысып жүрген азаматтар. Белгілі салалар бойынша кәсіби түрде шұғылданып жүрген мамандар, белсенді, беделді қоғам мүшелері. Олар барлық саланы қамтып отыр. Бұл кеңестің құрамына саяси-қоғамдық алаңдары бар әртүрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция, жаңа қалыптасып келе жатқан оппозиция, қозғалыс өкілдері бар», - деді ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин.

Өздері не дейді?

Мұхтар Тайжан: «Мен өз басым бұрыннан айтып келе жатырмын, билік пен қоғам арасында диалог құрылатын жиын болуы тиіс. Мұндай тұрақты түрде жұмыс істейтін жиын қажет деп білемін. Менің мақсатым – мемлекетіміздің болашақта өркениетті, құқықтық, демократиялық, шынайы нарықтық елге айналуына үлес қосу. Біз ұрпағымызға өркениетті ел қалдырып кетуіміз керек. Осы жиынның жұмысы аталған мақсатта басты қадам болады деп үміттенемін».

Мұрат Әбенов: «Кеңестің құрылуын, оның қажеттілігін, бәрін түсініп отырмыз. Мен құжаттың ішіндегі тізімді қарап шықтым. Маған ұнап тұрғаны, әртүрлі саланың, әртүрлі саяси партияның өкілдері бар. Мен бұл жерде анда-санда, екі-үш айда бір рет тек ресми жиын есебінде емес, нақты әр кезде қоғамдағы ең өзекті проблемаларды көтеріп, соны шешуге тырысатын бір жақсы кеңес болады деп ойлаймын. Маған тағы бір ұнағаны, осы кеңестің жұмыс төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік проблемалар, мемлекеттік бағдарламалар сараптап, қаралады».

Алғашқы жиын қашан?
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің алғашқы жиыны тамыз айында, шамамен 20-ларында өтетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы