Жасанды интеллекттің (ЖИ) қарқынды дамуы әлемдік еңбек нарығына түбегейлі өзгерістер әкелуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берген экономист Олжас Құдайбергенов мәлімдеді. Сарапшы бұл пікірін Астанада өткен Qazaqstan NEXT 2026 форумы аясында айтты.
Экономистің сөзінше, жасанды интеллект ең алдымен қайталанатын, стандартты әрі алгоритмге оңай бейімделетін жұмыстарды алмастыра бастайды. Бұл үрдіс өндіріс, логистика, қаржы, қызмет көрсету және әкімшілік басқару салаларында айқын байқалады.
Жасанды интеллект – тек технологиялық жаңалық емес, ол еңбек нарығының құрылымын өзгертетін фактор. Қазіргі есептерге сүйенсек, әлем бойынша жұмыс орындарының шамамен 15 пайызы автоматтандыру тәуекеліне ұшырауы мүмкін, – деді Олжас Құдайбергенов.
Оның айтуынша, бұл процесс бір мезетте жүрмейді және барлық елге бірдей әсер етпейді. Дегенмен технологиялық дайындығы жоғары мемлекеттерде өзгеріс жылдам, ал дамушы елдерде баяуырақ іске асуы ықтимал.
Бұған дейін Kazmedia Holding компаниясының құрылтайшысы әрі директоры Еркін Жақыпов BAQ.KZ тілшісіне тікелей эфирде сұхбат берді. Ол атап өткендей, Turning Points Qazaqstan – сырттан таңылған пікір емес, іштен пісіп-жетілген ой ұсынады.