Жезқазғанда онкология орталығы мен жаңа емхана салынады

Онкология орталығы облыстық көпбейінді аурухананың жаңа корпусында орналасады.

 Денсаулық сақтау министрлігі 5 Қараша 2026, 07:12
5 Қараша 2026, 07:12
111
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жезқазған қаласында 100 төсектік онкология орталығы және бір ауысымда 250 адам қабылдайтын заманауи емхана бой көтереді. Жаңа медициналық нысандар Ұлытау облысы тұрғындарына сапалы медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алуға мүмкіндік береді.

Өңірге жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облыс әкімі Есет Байкенмен бірге онкология орталығының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысып, жаңа емхананың құрылысымен танысты.

Онкология орталығы облыстық көпбейінді аурухананың жаңа корпусында орналасады. Мұнда қатерлі ісіктерді ерте анықтау және мамандандырылған ем жүргізу үшін қажетті жағдай жасалады. Сондай-ақ бір ауысымда 250 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталық ашылады. Жобаны 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ал Жезқазғанның Батыс ауданында жалпы ауданы 8,4 мың шаршы метр болатын үш қабатты емхана салынады. Онда диагностикалық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана, амбулаториялық хирургия орталығы және әйелдер консультациясы орналасады. Бұған қоса, тоғыз жедел жәрдем бригадасына арналған станция бой көтереді. Болашақта емхана қызмет көрсететін аудан халқы 18 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде.

Сапар барысында министр медициналық колледждің жұмысымен танысып, өңірдегі медицина ұйымдарының басшыларымен кездесті. Жиын қорытындысында құрылыс жобаларын уақытылы аяқтау, медицина кадрларын даярлау және медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Наверх