Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мектепке дейінгі білім беру және медициналық мекемелердің, сондай-ақ инфрақұрылымның жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 4 балабақша, 4 оқушы сарайы және 5 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы көзделген. Сондай-ақ Жезқазған қаласында Ұлытау облысының білім беру қызметкерлері үшін қызметтік тұрғын үй салу жоспарланып отыр, - деп атап өтті облыс әкімі.
Айтуынша, мәдениет саласында да бірқатар жұмыстар қолға алынады.
Жезқазған қаласында 450 орындық музыкалық-драма театрын салынып, Достық үйі мен С. Қожамқұлова атындағы драма театрының ғимараттарын қайта жаңартылады. Сондай-ақ кешенді жоспар облыстың 10 спорт нысанын салу мен реконструкциялауды көздейді. Кешенді жоспардың бірқатар іс-шаралары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған, атап айтқанда, 150 мыңға жуық жасыл желек отырғызылып, Кеңгір және Жезді су қоймалары тазартылады, - деді өңір басшысы.
Айта кететін жайт, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022–2026 жылдарға арналған кешенді жоспары тұрақты дамуды қамтамасыз етуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
2026 жылға қарай өнеркәсіп көлемінің 41 пайызға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 35 пайызға өсуі қамтамасыз етіледі. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 есе, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есе өседі. 9,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру және 1 трлн теңгеден астам жеке инвестиция тарту мультипликативті әсер береді. Тұтастай алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру өңір экономикасының өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді, - деді Берік Әбдіғалиұлы.