Жезқазған қаласының екі тұрғынына қатысты "MetaGo" қаржы (инвестициялық) пирамидасы жарнамалау күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған фактіні ҚМА Ұлытау облысы бойынша Департаменті өңірлік прокуратураның үйлестіруімен және Агенттіктің көлеңкелі экономика саласындағы талдамалық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде анықталды.
Күдікті тұлғалар "MetaGo" қаржы пирамидасының қызметі туралы ақпараттық ресурстарда ("YouTube" бейнехостинг сайты, "Whatsapp" және "Telegram" мессенджерлері, "Facebook" және "Instagram" әлеуметтік желілері), сондай-ақ осы қаржы пирамидасының символикасы бар киім мен плакаттарды пайдалана отырып халықпен кездесулер мен жиналыстар өткізген, - делінген ҚМА таратқан хабарламада.
Осы арқылы 63 млн теңгеден астам сомада залал келтіріп, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне 80-нен астам азаматты тікелей тартқан.
Қазіргі уақытта ҚК-нің 217-1-бабы - адамдар тобының қаржы пирамидасын жарнамалауы – бойынша тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар департамент бұрын жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралар нәтижесінде тіркелген Жезқазған қаласының осы тұрғындарына қатысты "MetaGo" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылыққа алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
ҚПК-нің 201 бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.