Жезқазғанда тұрғын үй құрылысын екі есеге ұлғайтамыз – Жеңіс Қасымбек

2 Қазан 2019, 10:36
1644
Бөлісу:
Жезқазғанда тұрғын үй құрылысын екі есеге ұлғайтамыз – Жеңіс Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жергілікті әкімдіктегі активте Жеңіс Қасымбек Жезқазғанды дамыту және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты нақты жоспарларды жариялады, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Мысалы, облыс басшысы келесі жылы Жезқазғанның бюджеті ұлғайтылатынын мәлімдеді. Айта кету керек, соңғы екі жылда бұл сан екі есе өсті.

"Келесі жылы қала бюджетін тағы 5 млрд теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаражатты барынша көп әлеуметтік мәселелерді шешу үшін тиімді пайдалануға тиіспіз", - деді Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы қалада халық саны артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан, тиісінше, тұрғын үйге қажеттілік туындайтыны анық.

"Маған мәлім еткендей, соңғы жылдары қала тұрғындарының саны артқан. Бұл жақсы жаңалық. Енді олар үшін үй салу керек. Сондықтан келесі жылдан бастап Жезқазғанда тұрғын үй құрылысын екі есеге ұлғайтамыз. Тек әлеуметтік үйлер ғана емес, ипотекалық, жалға берілетін және коммерциялық үйлер салатын боламыз. 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Жезқазғанда екі көпқабатты үй салынды. Биылғы жылы тағы бір 18 пәтерлі жаңа үй тұрғызылады. Ал 2020 жылы 60 пәтерлі үй қолданысқа тапсырылады. Оның құрылысын бастадық", - деді аймақ басшысы.

Жезқаганның коммуналдық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы күндері суық сумен қамтамасыз ету мәселесі сын тудырды. Аймақ басшысы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовке сөгіс жариялады.

"Мен сумен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын бөлімшенің жұмысына теріс баға бергім келіп отыр. Сондай-ақ «Қазақмыстың» басшылығына осы мәселеге назар аударуларыңызды сұраймын – қаланы сумен жабдықтау мекемелеріндегі басшылық қызметтеріндегілер қаншалықты лауазымдарына сай келетінін қарастыру қажет", - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі сондай-ақ қаланың жылу беру маусымына дайындығын сұрады. Ол жергілікті ЖЭО-да болып, жағдаймен танысты. Жеңіс Қасымбек келесі аптада жезқазғандықтардың үйлерін жылу жүйесіне қосуға дайын екендігін жеткізді.

"Жылу беру маусымына қала дайын. Үш жылу трассалары жуылды, қысыммен тексерілді және іске қосуға дайын. 8 қазанда жылу беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз жылу құбырларын ауыстырамыз, бұл жұмыстар 2020 жылы аяқталады. Бұл тұрғын үйлерді сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов.

Тағы бір өзекті мәселе - Жезқазған-Қызылорда трассасын жөндеу. Өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау мамыр айында аяқталатынын айтты. Сондай-ақ, келесі жылы қайта құру басталады. Сонымен қатар, Қарағанды-Жезқаған жолы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстар 2021 жылға жоспарланған.

Билік тек көлік қатынасы ғана емес, әуе қатынасында да мәселелерді шешпек. Жергілікті тұрғындардан Жезқазған-Алматы әуерейсін іске қосу туралы өтініш түсті.

"Біз бұл рейсті келесі жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Барлық қажетті мәселелерді тиісті министрлікпен шешкеннен кейін", - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, ақсақалдар мен қала тұрғындары айтқан барлық мәселелер шешіліп жатыр. Бірақ бұл уақыт пен қаражатты қажет етеді, деп атап өтті ол.

"Біз оларды шешу үшін жұмыс істейтін боламыз", - деп қорытындылады аймақ басшысы.

Жезқазған өңіріне жұмыс сапары барысында ол мыс балқыту зауытында болып, кәсіпорынның жоспары және жұмысымен танысты.

Өзгелердің жаңалығы