Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың III-VI тоқсанында «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолдың құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Біздің облысымыз арқылы аталған жолдың 208 шақырымы өтеді. Жобаның өңір ғана емес, еліміздің экономикасына әсері қандай болатындығы жайлы Жезқазған қаласының әкімі айтып берген болатын.
«Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолдың қазіргі уақытта сұлбасы ғана қалды. Ал енді аталған жобаның маңыздылығына тоқталатын болсақ. Бұл жол өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына серпіліс беретін стратегиялық бағыттағы жол. Себебі «Жезқазған-Қызылорда» жолы дамып келе жатқан көршілес Өзбекстан елі мен күннен-күнге қуаттанып жатқан Ресейдің Сібір өлкесін жалғастыратын төте жол болмақ. Осылайша еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік туады, - дейді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров.
Оның айтуынша, аталған жол пайдаланылуға берілгеннен кейін Жезқазған өңірі аймақтық, халықаралық жүк тасымалдау процесіне белсене қатысатын болады.
Аталған жол құрылысы барысында қаламызда тасымалдау терминалдары орнатылып, сервистік бағыттағы кәсіпорындар ашылып, шағын және орта бизнесті дамытуға әсері болады деген ойдамыз. Сонымен қатар қымбатшылықпен күресуге де мүмкіндік тумақ. Өздеріңіз білетіндей, республика бойынша Жезқазғанда тауарлардың, оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасының жоғары екендігі белгілі. Осы проблеманы шешуде айтарлықтай көмек береді деп ойлаймын, - дейді қала басшысы.
Облысымыз арқылы аталған жолдың 208 шақырымы өтеді.
Жезқазған қаласы әкімінің мәліметінше, жол салу жұмыстары үстіміздегі жылдың 3-4 тоқсанда басталады деп күтілуде. Жолдың құрылысын республикалық деңгейдегі мамандандырылған кәсіпорындар жүргізеді. Дегенменде құрылыс жұмыстарына жезқазғандықтар да тартылады деп күтілуде.
Қала тұрғындары болса, өңірдің тұрмыс-тіршілігіне серпін беретін жоба ретінде жолдың құрылысын асыға күтіп отыр.