Жезқазғанда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

28 Қараша 2019, 03:46
8108
Бөлісу:
Жезқазғанда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жезқазғанда көпбалалы отбасылардың тұрғын үй проблемалары шешілуде, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен осы санаттағы кезекте тұрғандар үшін 25 пәтер сатып алынды. Жыл соңына дейін екінші нарықта тағы 5 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Тұңғыш президент күнін мерекелеу қарсаңында көпбалалы Байкенжиновтар мен Жұмағұловтар отбасы пәтер кілттерін алды. Қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова қоныс иелерін құттықтап, бақыт пен амандық тіледі, - делінген хабарламада.

Байкенжиновтар отбасында алты бала асырап отыр, оның бірі 1-топтағы мүгедек. Анасы балаға күтім жасайды, сондықтан еш жерде жұмыс істемейді. Отағасы 3-топ мүгедегі. Ол осыған дейін электр желілік компанияда электромонтер болып жұмыс істеген.

Жұмағұловтар отбасы да алты бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы – үй шаруасындағы әйел, ал күйеуі "Қалалық автокөлік жолдары басқармасы" кәсіпорнында еңбек етеді.

Жезқазғанда тұрғын үй алуға кезекте 2457 адам тұр. Пәтерге 192 көпбалалы отбасы мұқтаж. 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттің көмегімен қалада 37 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. 

 

Өзгелердің жаңалығы