Жетісулық этнос өкілдері батысқа жылу жинады

28 Сәуір 2024, 21:25
380
Бөлісу:
Жетісулық этнос өкілдері батысқа жылу жинады
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Өңірдегі Қазақстан халық Ассамблеясына қарасты этномәдени бірлестік төрағалары және мүшелері бірлесіп, су тасқыны болған аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетісу жерінде 40-тан астам этнос өкілі тұрады.. Олардың басым бөлігі украин, корей, орыс, ұйғыр, өзбек, қырғыз халықтары. Одан бөлек ингуш, әзірбайжан, шешен, неміс, татар секілді бірнеше диаспоралары бар. Сонау қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері бір атаның балаларындай күн кешіп келеді. Бүгінде қандай да бір ұлттық мерекемізден қалыс қалған емес, тіпті ел басына қасірет төнгенде де қасымыздан табылуға тырысады.

Батыс пен Солтүстіктегі алапат су тасқыны елді бір есенгіретіп тастады. Бұл сәтте ауызбіршілігіміз жарасып, бір-бірімізге барынша көмек бергеніміз абзал. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда бізді бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Осындай сәтте біз де жанынан табылуға тиіспіз, – дейді корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Эдуард Ким.

«Жүректен жүрекке» республикалық акциясы аясында қолға алынған игілікті іске кәсіпкерлер қауымдастығы, еріктілер және Ассамблея жастары белсене қатысқан. Осылайша 8 аудан 2 қаладан қосылған әлеуметтік жәрдем, облыс орталығына жиналып, батыс пен солтүстікке жол тартты. 90 тонна гуманитарлық көмек тиеген жүк көлігі 2-3 күнде жетеді. Топан сумен күресу кезінде қажет резеңке аяқ-киімдер, жарықшамдар, жатын шатырлар жиналған.

Біз арнайы өңір базарларын аралап сапалы аяқ киімдер сатып алуға тырыстық. Әр түрлі азық-түліктер мен жылы көрпе жастықтар жолдадық. Сондағы халықтың қиын жағдайда екенін жетісулықтар жақсы түсінеді, – дейді Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының маманы Меруерт Ахметова.

Өзгелердің жаңалығы