Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуға қосымша қант зауыты қажет пе?

18 Шілде 2025, 18:42
764
Бөлісу:
 автордан
PHOTO
Фото: автордан

Былтыр өнім зауытқа сыймай, шаруалар әбден әбігерге түскен. Сол себепті жаңа қант зауытының қажеттілігін жарыса жазған едік. Ал әкімдіктің оған өз уәжі бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алыстан арбалаған шаруалар

Асықпайтындай-ақ бар, ол зауытты салуға жергілікті бюджет тұрмақ, мемлекеттің шамасы жетпейді. Ал инвестор тартуға әкімдіктің шамасы жетпейді. Себебі инвестиция құюға бейіл ешкім жоқ, жаңа зауытты салу үшін қыруар қаржы қажет. Жыл сайын тәтті түбір алқабы көбейіп келеді. Ақсу мен Көксу қант зауыттарының сыры белгілі. Ақсу жиі бұзылса, Көксудың кагат алаңы өте тар.

Жетісуға қосымша қант зауыты қажет пе?

Ауыл шаруашылығы саласының маманы, агрономия ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Исаев бұл мәселеге былай баға берді:

Қант қызылшасы – суды көп қажет ететін дақыл. Егер біз жаңа технологияны енгізіп, өнімділікті 100-150 тоннаға жеткізсек, оны міндетті түрде жергілікті жерде өңдейтін инфрақұрылым керек. Әсіресе, Алакөл секілді шалғай аудандарда. Бірнеше жүз шақырым тасымалдау – шаруалар үшін үлкен шығын. Демек, қосымша қант зауыты – тек қажеттілік емес, өңірлік агроиндустрияның болашағы, - дейді.

Кеңестік кезеңде өңірдің аты тәтті түбірмен бірге аталатын. Бүгінде де бұл дақыл өңірдің егін шаруашылығын қайта тірілтіп, экономиканың маңызды саласына айналып келеді. Бірақ, осы қызылша шаруашылығын табысты ету үшін өнімді тиімді өңдеу, оны алысқа тасымалдамай, өз жерінде қантқа айналдыру – ең басты мәселе болып тұр.

Бүгінде Алакөл, Көктұма, Жайпақ сынды шалғай аудандардан қызылша тасымалдау шаруалар үшін қымбатқа түседі. Бұл өңірлердегі өнім көлемі артқан сайын, жергілікті жерде өңдеу қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Осы орайда, Алакөл ауданына қосымша қант зауытын салу мәселесі көтерілуі орынды. Оған басты себеп, жеке шаруашылықтар мен серіктестіктер егіс көлемін ұлғайтып келеді. Соның бірі – "BOLAT Group LTD" ЖШС, олар заманауи технологияны пайдаланып, былтыр 275 гектар алқапта тамшылатып суару әдісін енгізген.

Жетісуға қосымша қант зауыты қажет пе?

Бірақ, кәсіпкер Бауыржан Сейірбаевтың айтуынша, технология қымбат, ал оны игеруге мемлекеттен ешқандай көмек берілмеген.

Қытайлықтар 10 күнде бес скважина қазып, суды жіберіп берді. Тамшылатып суаруға арналған инфрақұрылымды өз күшімізбен орнаттық. Бір скважина – 50 гектар жерге ғана жетеді. Электр қуатын жеткізу үшін трансформатор мен бағаналар орнаттық. Бұл – үлкен шығын. Осының бәріне инвесторлардан алынған қаражат жұмсалды. Мемлекет тарапынан бір тиын көмек жоқ, - дейді ол.

Сол себепті де шаруалар жыл сайын пайдаға емес, шығынға батып отыр. Әсіресе өнімді 300 шақырым жердегі Ақсуға тасымалдау экономикалық жағынан тиімсіз.

Зауыт 3 теңге үстеме баға қосып қабылдайды. Бұл жол шығынын жаппайды. Шаруалар келесі жылы егіс салуға құлықсыз. Сондықтан Алакөлге қант зауыты қажет, – дейді Сейірбаев.

Былтырғы хаос қайталана ма?

Қызылша салынса қытайлық технология еніп келеді. Қазіргі таңда су тапшылығы мен климат өзгерісіне бейімделу үшін қытайлық технологияларды тарту тиімді екені байқалып отыр. Тамшылатып суару жүйесі су шығынын 8 есеге, тыңайтқышты – 68 есеге дейін үнемдейді. Бір насос 50-56 гектарды қамти алады. Мәселен, механикалық басқару жүйесі арқылы 300 гектарға тарта алқапты бар болғаны 4 адам суғара алады.

Жетісуға қосымша қант зауыты қажет пе?

Бірақ, бұл жүйеге тек маманданған кадрлар ғана қызмет көрсете алады. Ал олар бізде жоқ. Қытай мамандарының Қазақстанда заңды жұмыс істеуі шектеулі. Бұл мәселе шешілмесе, технологияны толық енгізу мүмкін емес.

Су үнемдейтін технология енгізу – басты талап. Президент тапсырмасына сай, біз 2024-2030 жылдарға арналған Мастер-жоспар әзірледік. Былтырдың өзінде 30 мың гектарға дейін үнемді суару тәсілдері енгізілді. Соның ішінде 10 мыңға тарта гектар – тамшылатып, қалғаны – жаңбырлатып суарылады. 40-тан астам шаруашылық осы жүйеге көшті. Бұл – өнімділікті 2-3 есеге арттырады, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Бірақ, өнімді өңдейтін зауыт болмаса, нәтиже де толық болмайды. Былтыр шаруалардың жанайқайы министрлікке дейін жеткен. Содан да болар биыл қант қызылшасының көлемін азайтты. Бұл салада шешілмеген күрделі мәселелер өте көп. Оны Үкімет басындағылар да біліп отыр. Ал салаға маман тарту мүмкін емес. Себебі шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота көп емес.

Жетісуға қосымша қант зауыты қажет пе?

Қытайлық мамандарға заң аясында рұқсат алу қиын, ал жергілікті кадрлар жаңа технологияны толық меңгермеген. Бұл – сала дамуына үлкен кедергі, - дейді шаруа иесі.

Егер осы үш бағытта нақты қадамдар жасалса, Жетісу өңірі Қазақстанның басты қант кластеріне айналуы әбден мүмкін

Өңір зауытқа мұқтаж ба?

Жергілікті билік үшінші қант зауытының құрылысын бастауға бағытталған келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл бастама жүзеге асса, Жетісу алқаптарынан жиналатын 1 миллион тоннаға дейінгі қант қызылшасы толықтай өз өңірімізде өңделетін болады.

Қазірдің өзінде бізде екі бірдей өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Оның бірі — Көксу қант зауыты. Биыл бұл кәсіпорынға 60 миллион еуро көлемінде инвестиция тартылып, ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, зауыттың жылдық өңдеу қуаты 500 мың тоннаға жетеді, - дейді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Ал Ақсу қант зауыты жылына 350-400 мың тонна өнімді қабылдап, өңдей алады. Осы екі кәсіпорынның өзінде-ақ 800-900 мың тоннаға дейін қант қызылшасын игеруге мүмкіндік бар. Облыстың шұрайлы топырағы мен табиғи ресурстары мұндай өндіріс көлеміне толықтай сай. Әсіресе, суару жүйелерінің жаңартылуы және суармалы алқаптардың ұлғаюы өңірдің аграрлық әлеуетін бірнеше есе арттыра түседі.

Егер біз үшінші зауытты іске қоссақ, Жетісудың барлық алқаптарынан жиналған мол өнімді өзімізде өңдеп, ішкі нарықты толық қамтамасыз ете аламыз. Бұл қадам өңір экономикасына тың серпін береді, - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, былтырғы жылы облыста 13 мың гектар жерге тәтті түбір егілген болатын. Соның нәтижесінде 630 мың тонна өнім жиналды. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. Орташа өнімділік әр гектардан 450-500 центнерге дейін жетіп, қант қызылшасы шаруашылығындағы үлкен жетістік ретінде бағаланды.

Жетісуға қосымша қант зауыты қажет пе?

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, мұндай мол өнім кенеттен келген жетістік емес. Оның артында – жүйелі жоспар, тыңғылықты еңбек пен жаңа технология бар. Жетісудың диқандары үшін бұл – үлкен үміттің бастауы.

Дегенмен, өткен маусымда белгілі бір қиындықтар да орын алды. Атап айтқанда, Жамбыл облысынан жеткізілген 100 мың тонна қызылша уақытша өңдеу кешігуіне себеп болған. Дегенмен бұл мәселе де оң шешімін тауып, Ақсу қант зауытына қабылданып, өңдеуге алынды. 

Жалпы, өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы қарқыны көрсетіп отырғандай, Жетісу қант өндірісінің жаңа дәуіріне қадам басуда. Алдағы жылдары бұл салада экспорттық әлеуеттің де артуы әбден мүмкін.

Шешім бар ма?

Қорытындылай келе, мамандар мынандай пайым жасап отыр. Тәтті түбірді тиімді етіп, шаруаларды қызықтыру үшін алдымен осы үш негізгі мәселе шешімін табуы тиіс:

Біріншісі, жергілікті өңдеу зауытын салу. Алакөл, Көктұма, Жайпақ сынды елді мекендерден өнімді шалғай зауыттарға тасымалдау – экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Екіншіден, Су және электр инфрақұрылымын субсидиялау. Шаруаларға су жүйесін жүргізу мен трансформатор орнатуға мемлекет қолдау көрсетуі керек. Ал үшіншіден жаңа технологияны игеруге қабілетті шетелдік мамандарды заң аясында тарту тетігі қарастырылуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы