Өңірде білім саласында жас мамандарға сенім көп артылады. Олар да өз мүмкіндігін жібергісі келмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселен, облыс бойынша жаңа оқу жылында жүздеген жас маман мектепке жұмысқа тұрған. Бүгінде олардың тәжірибесін һәм біліктілігін саралау үшін облыстық білім басқармасының қолдауымен әрі облыстық әдістемелік орталықтың ұйытқы болуымен "Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз" байқауы ұйымтастырылып тұрады. Бұл сында сүрінбей өткен жас маман республикаға жолдама алады.
Байқау барысында педагогтердің кәсіби біліктілігі, жаңашылдығы, сабақ беру әдісі бағаланды. Олардың ақпараттық технологияларды қолдану дағдылары ескерілді. Осы бағытта қазылар алқасы қатысушылардың әрбір жұмысын сараптап, үздік педагогтерді анықтады. Жас мамандар кәсіби ортада пікір алмасып, болашаққа жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік алды, - дейді облыстық әдістемелік орталықтың директоры Ғалия Мухметова.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, қатысушылар эссе жазу, өзін-өзі таныстыру, сабақ беру бағытында бақ сынады.
Білім бәйгесінде І орынды сарқандық – Мейірім Қажиев алды.
ІІ орынды талдықорғандық Жансұлу Нұрихан мен Анель Үмітбек иеленді.
III орынға көксулық Арайлым Басанова, кербұлақтық Ақжан Мұқашева, қараталдық Айсұлу Нұрғиса лайық деп танылды.
Ұстаз жас талғамайды. Алдымызда отырған бала елдің болашағы. Оның біліміне қашан да педагог жауапты болады. Сол себепті аянбай еңбек етуіміз қажет. Бүгінгі байқау әріптестеріммен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Алда талай жетістікке жетемін деп ойлаймын, - дейді жеңімпаз жас маман М. Қажиев.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және грамоталармен марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.