«Жетісудың үздік келіні» байқауының танымалдылығы жыл өткен сайын артып келеді

8 Сәуір 2022, 12:58
2141
Бөлісу:
«Жетісудың үздік келіні» байқауының танымалдылығы жыл өткен сайын артып келеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жақында «Жетісудың үздік келіні» байқауы осымен үшінші рет өтті. Бүгін жоба ұйымдастырушылары баспасөз жиынын өткізіп, байқаудың қыр-сыры жайлы айтып берді.

«Жетісу келіндері орталығы» облыстық қоғамдық бірлестігінің директоры Арайлым Әлімжанованың айтуынша, облысы шегінде жұмыс істейтін бірлестіктің мақсаты – келіндерді жан-жақты дамыту, салт-дәстүрді және ұлттық киімдерді насихаттау.  Одан бөлек келіндерге психологиялық көмек көрсету және үйде отырған келіндердің уақытын тиімді пайдалануына қолғабыс етеді екен.

Орталық осы күнге дейін 9 келінге психологиялық көмек, 1 келінді қыстық отынмен қамтамасыз етсе, тағы үш келінге қайырымдылық көмек көрсеткен.

«Жетісудың үздік келіні» жобасы осымен үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Биылғы байқауға іріктеу  2021 жылдың қыркүйегінде басталды. Оған 70 өтінім келіп түсті. Келіндерге қойылатын критерилердің бастысы – енесінің жақсылығын асырып көрсете білу. Одан бөлек көркемсөзге және енесін мақтауына мән бердік. Байқаудың финалы наурыз айында өтті, оған 14 келін қатысып, бас жүлдені Көксу ауданынан келген келін жеңіп алды. Бірінші орынды Талдықорған қаласы, екінші орынды Ақсу мен Кербұлақ ауданы бөліп алды, ал үшінші орынды Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Текелі қаласынан келген келіндер иеленді. Одан бөлек «Баталы келін», «Алтын ожаулы келін» деген аталымдар бойынша да марапатталғандар бар, – деді Арайлым Әлімжанова.

Жетісудың 2022 жылғы үздік келіні Айнұр Алтынбекова аталған байқауға келіндік өміріндегі бар абыройын одан ары арттыру мақсатында қатысқанын жеткізді.

Бағымды сынау, келіндік өмірімдегі бар абыройымды одан ары арттыру мақсатында бұл байқауға қыркүйек айында өтінім бердім. Финалға өткен 14 келін де тәрбиелі, өнерлі болды. Байқауда бар өнерімді ортаға салдым, өйткені қатысқан соң жүлдегер болған дұрыс, – деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы