Өңірдің экожүйесі нашарлаған. Мәселен, "Текелі су құбыры" мекемесінен экологиялық бұзушылықтар анықталып, 560 млн теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білікті ботаниктер қажет
Табиғаты көркем аймақтың экологиялық қуаты жоғары болуы тиіс деген тұжырым кейінгі жылдары қалыс қалып барады. Себебі түрлі кәсіпорындар ашылып, қоқыс қалдықтарын кез келген жерге төгетін тұрғындар көбейді. Әрине, Жетісуда айтарлықтай үлкен зауыттар, үлкен өндіріс орындары санаулы. Дегенмен экожүйесі жыл сайын құбылып бара жатыр.
Ерікті экологтар Жетісу жерінде фауна мен флораны даму үдерісі кері кетіп бара жатқанын айтуда. Мәселен, жылына облыс бойынша мыңнан астам ағаш шабылып, құрылыс материалы ретінде сатылады. Ал өсімдіктердің негізгі қоры Жоңғар Алатауы ұлттық саябағында десек, онда да ағаштардың байырғыдай жайқалып өспейтінін байқауға болады. Мұның бәрі экожүйенің өзгерісінен туындаған түйткіл екенін аңғару қиын емес.
Бізге осындай мемлекет тарапынан қорғалған ұлттық саябақтарымызды сақтап қалып қана қоймай, оны ғылыми түрде зерттейтін мамандар қажет. Мәселен жетісу жерінде ботаниктер жоқтығы білінеді. Оның үстіне саябақағы түрлі жануарларды қорғау барысында салаға қажет зоологтардың да зәрулігі білінеді. Көктем келе ботаниткердің жұмысы қызады. Алайда мұндағы сан алуан өсімдіктерді толықтай зерттеуге адамның шамасы жетпейді. Қазір заманауи апараттар қажет. Оларсыз іс өңбейді. Мәселен, ескі заманда бұл жер орманшаруашылығы ретінде халыққа қызмет көрсетті. Сол кезеңде бау-бақшалар болған. Ел тонналап жеміс-жидек тасыды. Қазір бұл үрдіс тоқтаған. Біз сиверс алмасының өзін әрең қорғап отырмыз, - дейді Жоңғар Алатауы ұлттық саябағының аға ғылыми қызметкер Жанар Нұрғожанова
Оның айтуынша, саябақта бар болғаны оншақты ғылыми қызметкер бар. Бүгінде аталған аймақ генетикалық резерват ретінде қарастырылып, тау ормандарының бүлінген табиғи учаскелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы генетикалық маңызды обьектілер жан-жануарларға ғана емес, адамдар үшін де маңызды.
Жалпы, обьектілерді-генетикалық резерваттарды ұстау – табиғат тепе-теңдігін бұзатын шаруашылық қызметтердің барлығын тоқтату. Талап бойынша, ғылыми жұмыстар және олардың жай-күйіне мониторинг жүріп тұрады. Себебі жылда атқарылған жұмыстар сараланбаса, істің алға жылжуы екіталай.
Өңірдегі экологтардың мәліметіне үңілсеңіз, облыс орталығына жақын орналасқан Текелі қаласының табиғаты ерекше әдемі болғанымен экологиялық тепе-теңдігі бұзылған. Кезінде түрлі кәсіпорындардың қалдығы ауаға таралып кетуі мүмкін. Кеңес заманыңда Екінші дүниежүзілік соғыс қызған шақта моноқалада қару, жарылғыш заттар шығаратын жабық өндіріс орындары болған. Оларды кеңес ғалымдары тау-тастың арасына, тіпті сол маңайдағы үңгірлерге соққан.
Жетісу жері туристік аймақ ретінде алып қарасаңыз, барлық жағынан даңғыл жол көрінуі мүмкін. Біз бар байлығымызға ақша ретінде қарасақ, онда табиғатты сатып жатырмыз деген сөз. Алайда оның өз жаны бар. Серуенге, не жазда демалысқа келген қонақтар түрлі қатты қалдықтарын орманның ішіне тастап кетеді. Оны жеген жабайы жануарлар өледі. Одан бөлінетін улы заттар өркендеп келе жатқан өсімдіктерді жояды. Одан бөлек қоқыс төгетін орындардың бейберекет орналасуы да табиғатқа зиян. Бізде қоқыс төгетін полигондар болғанымен олардың жұмысы жүріп жатқан жоқ. Мәселен, соңғы жылдары өңірдегі кәсіпорындардың сұйық зиянды заттарды өзенге ағызып жіберу фактілері де тіркелді. Олар тек азғантай айыппұлмен құтылды. Негізінде одан шегетін зиян өте көп. Біз мәселені алдын алмаймыз, артынан баға береміз, - дейді өлкетанушы, эколог Қажет Андас.
Бүгінде орманшаруашылығы қызметкерлері табиғатты қорғау мақсатында арнайы рэйдтер жүргізіп, туристерді бақылауға алып жатыр. Дегенмен нәтиже көңіл көншітпейді.

7 лауазымды тұлға айыппұл арқалады
Соңғы ақпараттарға сүйенсек, басқа өңірлерге қарағанда Жетісудың экологиялық әлеуеті орташа деп баға берілген. Яки, салыстырмалы түрде қолайлы деуге келеді. Алайда экомониторинг нәтижелері бойынша облыс орталығы мен оған жақын орналасқан моноқаланың атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары екені байқалады. Тіпті қала тұрғындары бұрынғыдай емес, жасыл желекке толы кенді шаһардың ауа райы өзгенгенін айтып отыр.
Қыс мезгілі ылғалды болып келеді, жазы аптақ ыстыққа ұласып барады. Мәселен, алдыңғы жылы облыс бойынша шығарындылардың көлемі 52 мың тоннаны құраған. Ал өткен жылдың бірінші жартыжылығына үңілсек, он мың тоннаға тарта қоқыс есептелген. Оның ішінде энергетика объектілеріне 45%, өнеркәсіп пен құрылысқа 20% тиесілі.
Облыстағы экологиялық мәселелерге талдау жасағанда, ауаның ластануына жол ашқан негізгі факторлар: коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеудің тиімсіз әдістері және ескірген кәріз тазарту қондырғылары болып шықты. Көпке мәлім, экожүйені қалыпқа келтіру мақсатында 2021 жылы жаңа кодекс қабылданды. Одан бөлек, 5 жыл көлемінде өңірлер бөлінісінде экожүйені жақсарту жөніндегі Жол карталары бекітіліп, ол бүгінде іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, 2021 жылы облыс орталығымен қатар, Ескелді, Көксу аудандарының 6 қазандығы газға ауыстырылды. Бүгінде орталықтағы кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтің тиімділігін арттыру үшін 3,5 млрд теңге көлемінде полигондарды салу және рекультивациялау бойынша 3 жобаны іске асырылмақ. Осы жылы жобалар аяқталуы тиіс, - дейді Жетісу облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектордың міндетін атқарушы Ерасыл Бекжанов.
Оның айтуынша, өңірде орталықтандырылған су бұрумен 358 елді мекеннен барлығы 13 немесе 3,6% қамтылған. Моноқаланы тазарту жұмыстары толық жүзеге аспаған.
Былтыр "Текелі су құбыры" ШЖҚ МКК-не тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, өрескел экологиялық заңбұзушылықтар анықталған. Жоспардан тыс тексеру барысында лобраториялық сынамалар нәтижелері негізінде мекеме 600 млн теңгеге тарта айыппұл арқалаған. Одан бөлек те бірнеше мекеме айыппұлмен құтылған.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, тазарту құрылыстары бойынша қателіктер тек қана қалалық жерлерде емес, аудандарда да кездеседі. Сол себепті, жөндеу жұмыстарын жүргізу және тазарту құрылыстарын қайта жүргізу қажет. Ол үшін тағы да облыстық бюджеттен қаржы қарастырылуы шарт. Бұл ретте жергілікті атқарушы органға экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарастыру тиімді. Сонда мекеме жауапкершілікті сезінеді.
Былтыр соңғы 11 айдың қорытындысына үңілсеңіз, қайта өңдеу және кәдеге жарату 11,65 %-ды құрады. Өкініше қарай, бұл төмен көрсеткіш саналады. Жалпы республика деңгейінде орташа көрсеткіш 24 %-ды құрап отыр. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны мәселесі алаңдатады. Былтыр космомониторинг барысында 243 қоқыс үйіндісі белгілі болды. Әкімдіктің ақпараты бойынша оның 197-і немесе 81% жойылды. Бұл ретте біздің инспекторлар жергілікті аумаққа барды. Шындығында, көптеген қоқыс үйінділері жойылмағаны анықталды. Осы ретте, қоқыс үйінділерін жоймағаны үшін 7 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтылай кетсек, Қаратал және Көксу аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Алакөл, Панфилов және Ескелді аудандарының ауылдық округ әкімдері заң аясында жауапкер болды, - дейді Е.Бекжанов.
Шынында заңды тұлғалардың өзі заң бұзған.
.jpeg)
4 полигон заңсыз жұмыс істеген
Біздің бір байқағанымыз, қоқыстардың пайда болу себептерінің бірі ретінде – ҚТҚ заңдастырылған полигондарының санының аз болуын алып қарауға болады. Мәселен, 7 полигонның 43% ғана немесе 3 полигоны экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бұл республика бойынша төмен көрсеткіштердің бірі саналады.
Қараңыз, Талдықорған қаласында, Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ кентінде, Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек кентінде және Көксу ауданына қарасты Балпық би кентінде, жалпы алғанда 4 полигон рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Ал Ақсу мен Сарқан аудандарында және Текелі қаласында ҚТҚ жеке полигондары атымен жоқ.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта Алакөл ауданында ҚТҚ полигонын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар құрылыс монтаждау жұмыстары әзірленіп жатыр. Бүгінде Ақсу, Алакөл, Көксу, Кербұлақ, Сарқан аудандарында және Текелі қаласында қоқыс тиеу, қоқыс сұрыптау станцияларының құрылысы бойынша 6 ҚМЖ әзірленді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды.
Өкінішке қарай, қалдықтарды басқару жағдайы өте қиын Мәселелерді шешу үшін әкімдік ертерек ҚТҚ полигондарының жай-күйін жақсарту және оларды тиісінше шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ, өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі жағдай туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді тарту қажет. Сонымен қатар, кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітуі шарт. Сонда ғана ауаның ластану деңгейі азаяды, - дейді қала тұрғыны, эколог Айымбет Танатбаев.
Жылдан жылға экологиялық мәселелері қалыңдап бара жатқан Жетісу өңірі туризмді дамыту үшін алдымен тазалыққа мән бергені абзал. Туристердің дені өңірдің табиғаты тамаша болғанымен, тазалығы төмен екенін жеткізуде.
