Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда жазушы Әнуар Әлімжановтың 95 жылдығы өтті

17 Мамыр 2025, 11:38
450
Бөлісу:
 Автордан
Фото: Автордан

Әлемге әйгілі Әнуар атты ғылыми-конференцияда облыс әкімі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азияға терезе ашқан тұлға

Жетісу жұрты қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркем сөздің хас шебері, мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың 95 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен еліміздің әр түкпірінен келген қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Айтулы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хаты оқылып, жазушының рухына тағзым жасалды.

Салтанатты шара жазушының бюстіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, одан әрі «Әлемге әйгілі Әнуар» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Қабанбай ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған басқосуда жазушының өмір жолын, шығармашылығын, елдік мүдде жолындағы қызметін арқау еткен мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар мәдениет үйінің фойесінде Әлімжановтың кітаптарынан, мұрағаттық құжаттарынан және жеке заттарынан құралған көрме жұрт назарына ұсынылды. Жазушыға арналған деректі бейнефильм де көрсетілді.

Конференцияны Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ашып, келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, Президенттің құттықтау хатын оқып берді. Хатта:

Әнуар Әлімжанов – ұлт руханиятында айрықша орны бар қаламгер. Ол өзінің көркем шығармалары арқылы адамгершілік пен достық идеясын терең толғап, оқырманның жүрегінен орын алды. Әл-Фараби мен Махамбет сынды ұлы тұлғалардың есімін қайта жаңғыртып, халық жадында мәңгі қалдырды. Сонымен бірге халықаралық әдеби байланыстарды дамытуда да үлкен еңбек сіңірді, – делінген.

Президенттің және ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының мерейтойға арнаған құттықтаулары Қабанбай ауылындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды.

Конференция барысында Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Нұрдәулет Ақыш Әнуар Әлімжановтың халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті. Ол қаламгердің әсіресе әл-Фарабиді қазақ руханиятына қайта әкелудегі тарихи еңбегіне тоқталып, «Отырардан жеткен сый», «Ұстаздың оралуы» сынды туындыларының мән-маңызын терең талдады.

Филология ғылымдарының докторы, әнуартанушы Кәкен Хамзин де жазушы мұрасын зерттеу барысына шолу жасап:

Әнуар Әлімжанов – қазаққа ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ тұлға. Ол – халықаралық кеңістікте танылған қайраткер. Болашақта оның мерейтойы ауқымды деңгейде атап өтілеріне сенемін, – деп ой бөлісті.

Ал ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының әдебиет арқылы халықаралық байланыс орнатудағы ерекше рөлін тілге тиек етіп:

Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов – сол дәуірде әдебиет арқылы ұлттық рухты биікке көтерген алыптар. Әнуар ағаның Махамбет туралы жазған шығармалары арқылы әлем қазақ рухын таныды. Ол Азия, Африка және Еуропа жазушыларымен тығыз байланыс орнатып, қазақ әдебиетін жаһандық деңгейге көтерген дара тұлға еді, – деді ақын.

Шынында Әнуар Әлімжановтың тарихи романдары – жай баяндау емес, терең философиялық пайым мен көркемдік танымның тоғысқан туындылары. Ол тарихты қаз-қалпында суреттеуге ғана ұмтылмайды, қайта сол тарихи фактілердің терең мәніне үңіліп, оларды көркемдік сүзгіден өткізіп, шынайы суреткерлікпен талдайды. Жазушы тарихи оқиғалар мен тұлғалар арқылы ұлттық рух пен мәдени тамырдың тым тереңде жатқанын дәлелдей отырып, оқырманның эстетикалық түйсігін, этикалық танымын және тарихи ойлау қабілетін оятады.

Бұл бағыт, әсіресе, «Ұстаздың оралуы» романында айқын көрініс тапқан. Әл-Фараби тұлғасы арқылы автор оқырманын рухани биіктікке жетелейді. Шығармада жазушы тарихты бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып, ұлттық сана мен патриоттық рухты нығайтуға, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән береді. Әлімжанов үшін тарих – тек өткеннің елесі емес. Ол – бүгіннің негізі, болашақтың бағдары. Осы ұстаным – оның қаламгерлік кредосының өзегі. Жазушы шығармашылығында тарихилық – өткенді терең түсіндіре отырып, қазіргіге жаңаша көзқарас қалыптастыратын көркемдік құрал ретінде көрінеді. Бұл – тарихи роман жанрының жаңа сатысы, терең философиялық мазмұнмен байытылған көркемдік өрнек, - деген екен филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев өз еңбегінде.

Мерейтой аясында жазушының рухына арналып ас берілді.

Тарих пен көркемдік түйіскен тұс

Айта кетейік, Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов 1930 жылы Жетісу өңіріндегі Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Журналист, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері ретінде ел есінде қалған ол «Литературная газетаның» меншікті тілшісі, «Ленинская смена» газетінде басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесінің төрағасы сынды ірі қызметтерді атқарды. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттармен атап өтілді.

Көркем әдебиеттегі тарихилық ұғымы өткенді құрғақ күйінде жеткізу емес, қайта сол өткеннің мәнін қазіргімен байланыстыра отырып терең ұғындыруды білдіреді. Шынайы суреткердің шеберлігі – тарихи құбылыстардың ішкі иірімдерін, кейіпкердің жан дүниесіндегі толқыныстар мен ой ауысуларын өмір шындығымен үйлестіре отырып, көркем образ арқылы шынайы суреттеуінде. Бұл — жазушы мен оның туындысы арасындағы терең әрі ерекше логикаға негізделген өзара байланыс.

Өмірдің көркем бейнесі – тек бір дәуірдің елесі ғана емес, сонымен қатар адам мен қоғам арасындағы рухани, азаматтық қатынастардың айнасы. Адам өткенге ғана тән тұлға емес. Ол – өз кезеңінің ғана емес, келешекке әсер ететін құндылықтардың да иесі. Сондықтан тарихи тақырыпты арқау еткен туынды – бір кезеңнің оқиғаларын баяндау емес, соны бүгінмен үндестіре отырып, адамгершілік пен эстетикалық ой-толғамдарды қозғау.

Осындай тұтастықты терең түсінген жазушы Әнуар Әлімжанов өзінің «Жаушы» романында тарихи шындықты көркемдік таныммен ұштастырып, оқырманын өткенге көз жүгірте отырып, бүгінгі күнге сергек қарауға шақырады. Роман поэтикалық қуатқа ие, философиялық астары терең шығарма ретінде ерекшеленеді.

Шығармада баяндалатын кезең — ел басына қара бұлт үйірілген ауыр шақ. Қазақ даласын басып-жаншу ниетімен келген жүз мыңдық шапқыншы армия, Қытай зеңбіректерімен қаруланған дұшпанның кенет шабуылы, сол тұстағы қазақ руларының алғашқы жеңілісі – бәрі тарихи шындықтың қасіретті көріністері. Бұл — тек әскери күйзеліс қана емес, рухани ауыр соққы еді. Артында отаршыл пиғылдағы Қытай империясы тұрған басқыншылар өз мақсаттарына жету үшін халықты бір-біріне айдап салып, үстемдігін орнатуға тырысты. Қытай боғдыхандарының пәрменімен жалған тарихшылар тіпті «қазақ елі тарихтан өшті» деген жалған ақпаратты күллі дүниеге жаюға тырысты, - дейді ақын Жангелді Немербаев.

Әнуар Әлімжанов осындай тарихи әділетсіздікті көркемдікпен шебер сабақтастырып, ұлт жадын жаңғыртуға, тарихи сана қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Оның «Жаушысы» – тек әдеби туынды ғана емес, тарихи-пәлсапалық мәні зор, рухани серпіліске жетелейтін шығарма.

Ұлт руханиятының жарқын жұлдызы болған Әнуар Әлімжановтың есімі мәңгі елдің жадында сақталары сөзсіз. Ол – руханият кеңістігін кеңейткен қаламгер. Қазақ әдебиетінің салқар көшінде өзіндік болмыс-бітімімен, қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Әнуар Әлімжанов – көркем сөз әлемінде де, қоғамдық өмірде де терең із қалдырған дара тұлға. Оның қаламынан туған әр туынды терең білім мен кең эрудицияның, ой мен сезімнің тұтастығынан нәр алады. Жазушы ұлттық әдебиетіміздің өрісін кеңейтіп қана қоймай, оны халықаралық деңгейде таныта білді.

Әлімжанов шығармаларында елдік мүдде мен азаматтық парыз, рухани тұтастық пен адамгершілік қасиеттер, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық болмыс көркемдік шеберлікпен өріледі. Оның романдарындағы монолог пен диалог, авторлық баяндау мен тарихи оқиғалар – барлығы да терең философиялық тұжырымдарға, мәнді концепцияларға негізделген, - дейді айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов.

Жазушының қаламынан туған әрбір шығарма – халқына деген сүйіспеншіліктің, перзенттік адалдықтың көрінісі. Ол тарихи тақырыпты арқау ете отырып, ұлттық рухты ұлықтап, жалпыадамзаттық құндылықтарды көтерді. Осы арқылы тек өзінің ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани абыройын биіктетті.

Өзгелердің жаңалығы