Жетісуда заңсыз тау қопарып, алтын іздеген кімдер?

4 Сәуір 2024, 16:34
341
Бөлісу:
Жетісуда заңсыз тау қопарып, алтын іздеген кімдер?

Мұны не облыс әкімдігі, не жергілікті билік, не Антикор білмейді. Ақсу ауданына қарасты Суықсай елді мекенінің тұрғындары бәйек болуда. Қазына іздеген белгісіз адамдар ауыл маңайының астан-кестенін шығарған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жайылым жердің алба-жұлбасы шыққан

Суықсайлықтар қара джип көлігін тізгіндеп, алтын кенін қазған «беймәлім қазынашылардың» қылығына күйіп-пісіп отыр. Ауыл халқына не аудан әкімдігіне ешқандай ескертусіз мал жайылып жүрген шағын таудың айналасын ойдым-ойдым етіп, қазып тастаған. Өздері маңайына адам жолатпайды. Ауыл халқы басында қатты жарылысты естісе де аса мән бермеген. Аудан әкімдігінің арнайы тапсырысымен жүрген адамдар екен деп ойлаған көрінеді. Дегенмен артынан түрі бейтаныс адамдар жартастарды үгітіп, алтын қалдықтарын іздеп жүргенін байқайды.

Ауылдың іргесінде тұрғындар мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысады. Ата кәсіпті ермек еткен ел төрт түліктің соңынан қуып, ауылдан ұзап өріс іздейтін әдеті. Былтырдан бері ме, жоқ әлде алдыңғы жылы ма осы маңға бір топ адамдар қаптап кетті. Небір қымбат көлік тізгіндеген. Басында аң-таң болдық. Біреу малды ауылға айналдырып, үй соққалы жатыр ма деп те ойладық. Артынан ел аузынан бұлар осы маңнан кеніш тапқанын естідік. Содан қашан көрсең тарсылдатып жатады. Осы жерге мал жаятын жұрт жоламай кетті. Бұлар ешкімнен рұқсат алмаған, қолдарында бір жапырақ қағаз да жоқ. Ойына келгендерін істеп жатыр. Табиғатты мұнша қорлауға болады ма?, - дейді ауыл тұрғыны Егінбай Ертісбайұлы.

Бүгінде алтын кенін іздеушілер, аталған елді мекеннен 20-25 шақырым жердегі тау жартастарын техникамен қопарып жатыр. Гектарлап қопарылған аумақ қоқысқа айналған. Бұрын мал жайылатын өрістің бүгінде берекесі кеткен. Әр жерден бір қазылған шұңқырлардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ауыл тұрғындары бұл бассыздыққа кімнің жол бергенін түсінбей әлек. Құқық қорғау органдарынан заң аясында әрекет етіп, тоқтатуын сұрап отыр. «Күрек ұстаған қазынашылардың» қарадүрсін қимылына үзілді-кесілді қарсы. Барған сайын мал жайылатын жердің тарылып бара жатқанына алаңдаулы.

Бұл қазба жұмыстарының жүргеніне шатаспасам 2-3 жылдың жүзі болды. Бұларға жер қымбат емес, сол жерден шыққан алтын қымбат болып отыр ғой. Көріп тұрғандарыңыздай, бейберекет қазып, жердің обалына қалуда. Бұл жер таудың жотасы секілді алқап қой. Кейде халық осы маңға демалысқа шығады. Қазіргі әкімнің алдындағы басшы кезінде басталған. Бұлар ауызша рұқсат алып, іске кіріскен секілді. Біз қанша рет айттық, тоқтатыңдар деп. Біздің тыңдасың ба? Бір шикілік бары анық, - дейді ақсақал Сейсебек Еркінбаев.

Сөздің шыны керек, ауыл тұрғындары тиісті мекемелердің осы мәселеге қатысы бар ма деп күдігі жоқ емес. Неге десеңіз, кәсіпкерлердің тау-тасты қопарып, қазба іздегендерге бірнеше жылдан асқан. Содан бері жергілікті биліктің тосқауыл қоймағанына аң-таң.

Жергілікті билік те бейхабар

Жалпы соңғы жылдары Жетісу жерінде қазба байлық көп екен деген әңгіме қаулап кетті. Халық ішінде қытайлық компаниялардың техникасымен алтын кенін табуға болады екен деген қауесет те бар. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды дегендей, бұл істің де артында үлкен сауал тұрғаны анық. Ал жергілікті билік өкілдері мәселеден бейхабар екенін айтып, ат-тонын ала қашып отыр.

Шыны керек, бізге бұл ақпараттың жеткеніне 2-ақ күн ғана болды. Ауыл тұрғындары, тіпті ауыл әкімі де істің анық-қанығына бара алмай отыр. Бұл жерде жұмыс істеп жатқандардың бәрі заңсыз. Алдағы уақытта жерде қопарған жалдамалы кәсіп иелерін құқық қорғау органдарына тапсырамыз. Әрине, тұрғындар тілегі ескеріледі. Бізден де, басқа да құзырлы органдардан ешқандай рұқсатнама қағазы алынбаған. Қолдарында құжат болмағандықтан істің заң шеңберінен тыс екенін аңғарсақ болады, - дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев.

3 жылдан бері ауыл маңын шаң-тозаңға толтырған алтын іздеушілердің түр-түсін жергілікті әкімдік білмесе де, суықсайлықтар жақсы біледі. Алдағы уақытта билік өкілдері мәселені толық шешпесе, суықсайлықтар жоғары инстанцияларға шағымданатынын айтып отыр.

Біз осы ретте халықтың тілегін ескере отырып, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Саян Ахметжановқа осы мәселе турасында жеткіздік. Дегенмен ол елді елеңдеткен істің мән-жайына әлі қанық еместігін айтты.

Бұл мәселеден бейхабар екенмін. Айтқаныңыз жақсы болды. Әрине біз халықтың өтініш-тілегін бейжай қалдырмаймыз. Көмекшілерім нақты қандай себеп жатқанын алдағы уақытта зерттейтін болады. Егер олар мемлекетке тиесілі жерді қопарса, онда қылмыстық іс қозғалады. Алайда қазылған жердің жекеменшік иесі болса, онда істің бағыты өзгермек. Қазір заңнан тыс әрекет етуге болмайды. Уайымдамаңыз, мәселені анық-қанығына үнілетін боламыз, - деді Саян Қылышұлы.

Иә, табиғаты көркем байтақ Жетісуды кім көрінген жеке бас мүддесіне пайдалануға құқы жоқ. Мейлі, ол лауазымды қызмет иесі болса да, халықтан биік емес. Тұрғындардың жаңайқайы орынды. Табиғатты мұнша қорлауға болмайды. Жайылым жерін жоғалтқан жұрт қазылған шұңқырларға мал түссе, қайтып шыға алмайтынын айтады.

Өзгелердің жаңалығы