Сарытаудағы сақ қорғандары – Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінде орналасқаны көпке мәлім. Бұл – Жаркент қаласынан 100 шақырымда тұр. Оның тағдыры тарихшыларды алаңдатып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қорғандарға қорған болайық
Әр қорғанның артында үлкен тарих тұр. Содан болар, Сарытаудағы сақ қорғанының тоналғаны туралы суық хабар тарағалы бері көңілге тыныштық кірмей, жүректі өксік қысып тұр. Үш мың жылға жуық уақыт бойы жел мен жауынға, аптап пен аязға қасқайып қарсы тұрған, тіпті Кеңес дәуірінің өзі тимеген көне мұраның осылайша тоналуы – бүгінгі ұрпақтың тарихи жауапкершілігін сезіне алмай отырғанының ащы дәлелі.
Кешегі күзде Жаркент өңіріне сапар шегіп, Сарытаудың етегіндегі осы қорғанға арнайы ат басын бұрып, «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі дайындаған «Жетісудың қасиетті жерлері» атты кітаптың алғашқы томына оның тарихи деректерін енгізіп едік. Енді, міне, арада бір жыл өтпей жатып қасиетті топырақтың талқандалғанын көріп, тоналған тарихтың орнын санап отырмыз, - дейді өлкетанушы-тарихшы Қажет Андас.
Сарытаудағы сақ қорғандары – Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінде орналасқан, Жаркент қаласынан жүз шақырымдай қашықтықта. Бұл маң – қола дәуірінен бастап үйсін, сақ, түркі кезеңдеріне дейінгі тарихтан сыр шертетін шежірелі мекен. Алайда солардың ішіндегі ең зоры, ең айбындысы – биіктігі 7-8 метрге жететін, екі қатар меңгир тастармен қоршалған, құрылымы күрделі, үлкен қорған болатын. Өкінішке қарай, енді ол да ұрылардың шеңгеліне түсті.
Көктемде досымның шаруашылығына бара жатып, қорғанның қазылып, бүлінгенін көзім шалды. Бұл маңда ерте көктемде тіршілік бола қоймайды. Сондықтан тонаушылар дәл сол мезгілді пайдаланып, арнайы техникамен келіп, жүйелі түрде қазған. Мен дереу суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жарияладым. "Бұл іс тоқтамаса, басқа тарихи жәдігерлер де тоналады" деген қауіппен өлкетанушыларға хабарластым, - дейді Жаркент тұрғыны Алик Тихомиров.
Бір қарағанда бей-берекет шұңқыр секілді көрінуі мүмкін. Алайда қорғанның құрылымы мұқият зерттеліп, тіпті шығыс жағынан кіретін дәлізге дейін ұқыппен үңгіп шыққаны байқалады. Қазылған топырақ арнайы еленіп, зерделенген. Бұл жай қарақшылық емес, кәсіби деңгейде ұйымдастырылған тонау әрекеті. Артында біреулердің нұсқауымен қозғалған арнайы топтың тұрғаны анық.
Өлкетанушы Қали Ибрайымжановтың айтуынша, бұл қорғанның ерекшелігі – оның күрделі құрылымында. Төбесінің батыс жақ шетіндегі бүйірінен 6х6 метрлік жердің шығып тұруы мұнда бірнеше адам жерленуі мүмкін екенін аңғартады. 2019 жылдан бері зерттеліп келе жатқан бұл қорғанға қатысты облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы тарапынан қорғауға алу туралы ұсыныс та болған. Алайда нақты нәтиженің қандай болғанын ешкім дөп басып айта алмайды.
Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны сақтау – біздің борышымыз. Бірақ оны қорғаудың орнына қолдан айырылып отырмыз. Қорғанның бүгінгі сиқын көріп, жүрегім ауырды, - дейді Қ.Ибрайымжанов.
Ұрылар не олжалады, нақты айту қиын. Десе де шашылып жатқан аруақтардың сүйегі мен шіріген ағаш сынықтары, ақым тастарының қопарылып, сұрыпталғанын көріп, "тағы бір Алтын адам табылған шығар" деп жорамалдауға негіз бар. Мұндай қазыналар — ұлттың рухани байлығы, баба аманаты еді.
Бүгін тоналған бір қорған — ертең бүкіл тарихтың күл-талқан болуына жол ашпасын десек, қазірден бастап ел болып еңсемізді көтеруіміз керек. Қасиетті жерімізді, көне мұрамызды қорғай алмасақ, болашаққа қандай өнеге қалдырамыз?
Аруақ сыймаған жерде – ұрпақ ұлағатсыз қалады
Сарытаудағы қасиетті сақ қорғанының ішін үңгіп, тарихтың төрінде тұруы тиіс мұраны мал қорасына айналдырғанымыз – бүгінгі ұрпақтың рухани жүдеулігінің көрінісі. Бір кездері еңселі бейнесімен ата-бабамыздың парасатын паш етіп тұрған қорғанның орны бүгінде көлеңке қуалаған жылқының аялдамасына айналыпты. Төрге шығатын тарихымыз табалдырықта тапталса, қай мұрадан қадір қалады?
"Ат аунаған жерде түк қалады" дейді қазақ. Біз де үміттің ұшын ұстап, қорғанның маңынан қалған заттық айғақтарды жинап, жергілікті өлкетанушылар мен азаматтық белсенді Алик Тихомировтың қолына тапсырдық. Олар деректерді құқық қорғау органдарына табыстауға уағдаласты.
Жетісу Алатауының бөктері – тұнып тұрған тарих. Алайда соңғы жылдары бұл өлкенің қазынасы тоналып, қасиеті қор болып барады. Сапар барысында көзіміз жеткен жайт – тек Сарытаудағы емес, өзге де көне қорымдар, үйсін обалары мен түркі дәуірінің ескерткіштері де аяусыз бұзылған. Көне жұрттың жұрнағы талан-таражға түсіп, үнсіз жоғалып бара жатқандай.
Соңғы 10-15 жылда қазылған, қорланған ескерткіштер аз емес. Кейбір обалардың маңынан шашылып жатқан сүйектерді жиып, Құран оқып, қайта жерлеген кезіміз болды. Бірақ дәл мұндай жүйелі, аранды тонауды алғаш көруіміз. Бұлар жай қарақшы емес, қаскөй пиғылды, арам іске арнайы келген топтар, – дейді өлкетанушы Рауан Наймантаев.
Қайтар жолда тағы бір жаралы тарихқа тап болдық. Бұрқанның аузындағы Ақкүмбез кесенесіне көзіміз түсті. Қабырғасы күйдірілген қыштан өріліп, сырты Құран аяттарымен көркемделген сәулет туындысы бір кезде айбынды болғаны анық. Өкінішке қарай, 1930 жылдары шекара әскерінің зеңбірек оғынан күмбезі қирап, бүгінде тек жұрнағы қалған. Қасиетті жазулар өрілген қыш плиталар кесене маңында шашылып, малдың тұяғына тапталып жатыр.
Тоналған қорғандар мен құлаған кесенелерді көріп, тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығына хабарластық. Олар Сарытаудағы қорған мен Ақкүмбездің алдын ала мемлекет қорғауына енгізілгенін, құқық қорғау органдарымен бірлескен тексеріс жүргізілетінін және ескерткіштерді қайта түгендеу үшін экспедиция ұйымдастыру жоспары барын жеткізді.
Иә, біз "бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ұлы даланың мұрагеріміз" деп көкірегімізді кереміз. Бірақ бүгінгі іс-әрекетіміз бен ұрпаққа қалдырар аманатымыз неге бұл сөздермен үйлеспейді?
Егер өткенді қорламасақ – болашақ бізді қорламайды. Егер тарихты сатпасақ – артымыздан өсетін ұрпақ бізді мақтан етер еді. Ал біз бүгін не істедік? Аруақтардың сүйегін қопарып, кесенелерді күлге айналдырып, тасқа қашалған Құран аяттарын тайынша таптап жүр. Осы біз кім болдық?
Бүгін үнсіздік – ертең ұятқа айналады.