2020 жылы басталған Талдықорған қаласының 19 суару каналының құрылысы аяқталған жоқ. Қазір тапсырыс беруші тарап пен мердігер компания арасында сот жүріп жатыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Су үнемдеу технологиясы тиімді ме?
Тағы да сол «Монолит» жауапкершілік серіктестігі. Әдетінше істі соңына дейін жеткізбеген. Жетісудағы бірнеше ауылға ауызсу сыйлаймыз деп тендерді тізгіндеген компания үш жыл ішінде жұмыстың 60 пайызын ғана орындаған. Жалпы ұзындығы – 113,2 км құрайтын су каналдарына 1,6 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 1,2 млрд теңге игерілген екен. Қалған ақшаға соңына дейін жеткізуге қызметкерлер құлықсыз болған секілді. Тапсырыс беруші әдеттегідей құрылыс басқармасы. Екеуара келісім бойынша аталған жоба 2021 жылы аяқталуы керек болған. Жалпы, осы «Монолит» компаниясы біраз елді мекендердің басына пәле болып отыр. Оны алдыңғы мақалаларымызда мысалға алғанбыз. Тіпті, ауыл әкімдері компанияның атын естісе қашатын болған.
Мәселен, Жетісуда жыл басынан су үнемдеу технологиясы 800 гектарға енгізіліп, бүгінгі күнге оның пайдалану көлемі 8,9 мың гектарға жеткізіліпті. Жалпы жоспар – 10,2 мың га есептелген. Оның ішінде тамшылатып суару – 2,4 мың га, жаңбырлатып суару – 6,5 мың га.
Негізінен заманауи озық технологияны енгізуді қолдау үшін егін шаруашылығына 3,7 млрд теңге субцидия қарастырылған. Яки, тұқымға, тыңайтқышқа, пестицидтарға дегендей. Ал ауыл шаруашылығы техникалары мен жаңбырлатқыш машиналарын сатып алу шығынын өтеуге 2,3 млрд теңге жұмсалады. Нақтылай кетсек, техникаға – 1,7 млрд теңге, су үнемдеу технология – 520 млн.теңге қарастырылмақ. Әрине аз ақша емес, бірақ өңірдегі шаруалардың мәселесін толық шеше алмайды. Себебі, су үнемдеу технологиясы шаруалар толық түсінбеуде.
Егінге суды өзендерден аламыз. Қазір өңірдегі экологиялық жағдай нашарлап барады, баяғыдай тау басынан ағатын бұлақтарды тазартып отыратын ешкім жоқ, климат та құбылып тұр, содан ба әйтеуір судың көлемі өте аз. Қазір облыста су үнемдеу технологиясын пайдаланып отырған шаруалардың саны 10 пайызға да жетпейді. Бұл бағытта үлкен жұмыс керек, арнайы жоба әзірлеу шарт. Әйтпесе егін басына су жетпей жатыр. Су – өнімнің бітік шығуына әрі мол болуына негіз болатын тіршілік көзі. Біз тамшылатып суғару технологиясын әлі толық түсінген жоқпыз. Алдағы уақытта мемлекет көмектессе ғана іске асырамыз деп ойлаймыз, - дейді жетісулық шаруалар.
Гидротехникалық нысандарды қалпына келтіру қажет
Дәл қазір жыл сайын суармалы егістіктің ұлғаюы мен суару желілері мен гидротехникалық нысандарды тозуына байланысты оларды мүмкіндігінше қалпына келтіруі маңызды. Биыл 10 су шаруашылығы объектісі жөндеуден өтіп жатыр. Түстеп өтсек, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласында суару желілерін қайта жаңғырту жүргізілуде. Оның сыртында, Ақсу ауданының Қызылағаш алқабында жаңа суару желілерін салу басталған. Ал Көксу ауданының суару желілерін жаңарту жақын арада жүзеге аспақ. Сонымен қатар, Кербұлақ ауданының Еңкөл (5,0 млн.м3), Аралтөбе (0,6 млн. м3) су қоймалары мен Сарқан ауданының 2 магистральдық каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жобалар барлығы 30 мың гектар суармалы егістікті қалпына келтіріп, сумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта су шаруашылығында қосымша 15 жобаны іске асыру жоспарланған, атап айтқанда: Көксу (1,2 кезен), Алакөл (1,2 кезен), Кербұлақ аудандарында суару жүйелерін қайта жанғырту бойынша 5 жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Ақсу (Бүйен), Ескелді (Балықты), Көксу (Быжы), Панфилов (Қорғас, Тышқан, Үсек) аудандарында жаңа су қоймалары мен Сарқан ауданында бөгет салуға қатысты 7 техникалық экономикалық негіздеме даярлануда. Сондай-ақ Ескелді, Сарқан аудандарында 3 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары басталады, - дейді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Оның айтуынша, бұл өз кезегінде 45 мың гектар жерді сумен қамтуды жақсартып, 24 мың гектарды айналымға қайта енгізуге жол ашады.
Қант қызылшасы қайтсек көбейеді
Қант саласын дамыту бойынша Президенттің пәрмені түскелі, аграрлы облыс осы бағытқа барынша белсенді жұмыс істеуде. Әсіресе шаруаларға ерекше көңіл бөліп, егіндерді бақылауға алуда. Мәселен, фермерлерді қолдау және дақыл өндірудің рентабельділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы субсидия мөлшері ұлғайған. Бұрын өнеркәсіптер шаруаларға мөлшерлеп беретін еді, ал қазір оларға қант зауыттары тоннасына 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді.
Шаруашылықтармен көтерілген мәселесі, сатып алынған қызылша жинайтын комбайндарды, сепкіш пен сабақкескіштердің өтемақы нормативі 50 пайызға дейін арттыру мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігінде қолдауын тапты. Биыл 380 мың тонна қант қызылшасын және 30 мың тонна қант құрағын өңдеп, 77 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Яки қызылшадан – 47 мың тн, қамыстан – 30 мың тн, - дейді салаға жауапты мамандар.
Жалпы өңірде 2026 жылға дейін қант қызылшасының егістігі 15 мың гектарға, жалпы түсімі 525 мың тоннаға жетпек. Әрине, ол үшін жер беріп, субцидияны үйіп-төгуден бөлек, тұқымға су жеткізу мәселесі де бар. Мыңдаған гектарлық егінге тонналап су кететіні белгілі. Ал Жетісуда су дефицит екені көпке мәлім. Ол үшін тамшылатып суару технологиясын тарту қажет. Қазір үлкен шаруалар бұл бағытта өндіріп жұмыс істеп жатыр. Ал орта және шағын шаруалардың шамасы жетпеуде. Өйткені технология қыруар ақша тұрады.
Өңірде қант қызылшасын өсіруде озық технология енгізген бірқатар шаруашылықтар бар. Мысалға, Кербұлақ ауданында тәлімдік егістікке жаңбырлатқыш машиналарын орнатқан Қызылшоқы серіктестігі гектарына 500 центнерге дейін өнім жинауда. Бұл су үнемдеу арқылы өнімін де еселеуге болатынына дәлел.
Жетісуда егістік жер толыр жатыр. Тек оның басына су жеткізу оңай шаруа емес. Ал Мемлекет басшысы міндеттеген көрсеткішке жету үшін су үнемдеу технологиясын көптеп қолданған тиімді. Әйтпесе шаруаларға күш артқанмен өнім мандымауы мүмкін.
Иә, ауыл шаруашылығын дамыту және ауылдық елді мекендердегі халықтың табысын арттыру мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін толық орындауға мүмкіндік мол. Тек осындай кедергілерді жеңе білу шарт.