Жетісуда су мәселесі қашан шешіледі

29 Мамыр 2024, 15:13
509
Бөлісу:
Жетісуда су мәселесі қашан шешіледі
PHOTO
Фото: автордан

Алдағы он жылда Жетісу ауыз суға да зар болуы мүмкін. Себебі жылдан жылға өңірді құрғақшылық басуда. Оның үстіне егіс көлемі де артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көксулықтардың күйбеңі

Бүгінде облыстағы экологтар мен агрономдар арасында әңгімені бастауы судан өрбитін болды. Неге десеңіз, шаруалар егістік аумағын көбейтіп, өнімді арттыруға бейіл, ал табиғат жанашырлары өзендердің сарқылуын жақсы ырымға жорып отырған жоқ. Жылдан жылға шағын өзендер арнасын жоғалтып жатқаны жасырын емес. Тіпті, кейбір қожалықтар бұлақ бастауларын өзіне қарай бұрып алып, өзен арнасын арық ретінде пайдалануда.

Қараңыз, қазір облыста ауылшаруашылық басқармасы осы маусымда егістік алқаптарында су тапшылығын болдырмау үшін кешенді жұмыс істеп жатыр. Сол мақсатта 180 шақырымға жуық арық мен каналдың жолы тазартылған екен. Одан бөлек 54 гидротехникалық қондырғы, 10 гидробекет жөнделген. Әрине, бұл жұмыстар толық су тапшылығын шешпесе де, есеп бергенге үлкен мәтін.

Жетісуда су мәселесі қашан шешіледі

Бүгінде лоток қойылып, су ағыны үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұрындарды суға таласып, осындағы шауралар арасында түсініспеушілік көп болатын еді. Бәріміз егін егіп отырғаннан кейін суды мол алуға тырысамыз. Күннің аптап ыстығында егін басы күйіп кетпеуі үшін осылай қам жасамасақ болмайды. Алайда су желілері ескіргендіктен су ағыны баяу жүреді. Кезек күткен шаруалар көп, сондықтан егістікті толық суарып біткенше әбден әбігерге түсеміз. Қазір лоток қойылып, дұрыс болды. Енді талас-тартыс болмайды деп ойлаймын. Осындағы шаруалар да риза. Біз мұны басқармаға бұрыннан айтып жүргенбіз. Әйтеуір, көңіліміз жайланып отыр, - дейді шаруа иесі Мұхтар Әбіләшім.

Жалпы жаз бастала көксулық шаруалар судың сұрауы болатынын жақсы түйсінеді. Қанша бітімге келуге тырысқанымен еңбегі еш кетпеуі үшін судың уақытылы келгені абзал. Сол үшін шаруа арасында өкпе-реніш көп жүреді. Өзара алқап басында кейде суға таласып, жаға жыртысып қалатынын да жасырмай отыр. Осы жылы мәселе толықтай шешімін табады деп сендірді жауапты мамандар. Мәселен, ауданда жалпы ұзындығы 108 шақырымдық 15 магистралды канал жөнделіп жатыр. Бұл өз кезегінде 13 600 гектар егістікке судың ысырапсыз жетуіне септігін тигізеді. Әрі егін басына су еркін жетпек.

Қайбір жылы Қытайдан агрономдар келіп судың бейберекет ағып жатқанына қапа болған. Оларда су тапшылығы өте үлкен екен. Себебі егістік көлемі де әжептеуір. Мәселен олар су желілеріне арнайы қаптама салады. Яки, алқапқа барар суды жол бойы жерге сіңбеуін қадағалайды. Ал бізде берілген су егістік басында жеткенше жол бойы топыраққа сіңіп кетеді. Бұл өз кезегінде су тапшылығына әкеледі. Егіс көлемі артқан сайын суды барынша үнемдеген жөн. Себебі бүйте берсек, алдағы уақытта барлық шаруаның маусым бойы сумен қамту үшін әр ауданға 2-3 су қоймасы қажет болады. Алдағы он жылда ауыз судан да тапшылық көруіміз абзал. Өзен суын ішіп отырған халық барын ұмытпайық, - дейді агроном Азат Әріпов.

Жалпы, көксулықтар ауыл шаруашылығына қажет тіршілік нәрін үш өзеннен алады. Сондықтан талай жылдан бері жөндеу көрмеген арықтар жаңартылып, бетоннан салынып жатыр. Екінші кезеңде тағы 160 шақырымға жуық канал қалпына келтіріліп, қожалықтар бұрынғыдай таласқа түспейді. Жетісу облысында таулы мекендер көп болғандықтан кейбір шаруалардың егініне толықтай су бармайды. Сол себепті су желілерінің осындай бетоннан салған болғаны абзал. Оны «Қазсушар» рмк көксу аудандық филиалының басшысы Құдайберген Сержанов та айтып отыр.

Жетісуда су мәселесі қашан шешіледі

Мамыр айының басыннан бастап халыққа суды бере бастадық. Жан-жағынан арнайы айналма жол қазылады. Біздің жұмысымыз жаз бойы жалғаса береді. Күз де де қарап қалмақ емеспіз. Жоспар бойынша 2026 жылға дейін толық бітіруіміз қажет. Сол үшін жан аямай еңбектеніп жатырмыз. Жұмыс шарты 2 кезеңге бөлінен. Аяқтаған жұмысты біртіндеп халыққа өткізге береміз. Су желілері жаңарған соң шаруалар судан тапшылық көрмейді деп ойлаймын,-  дейді Қ.Сержанов.

Айта кетейік, Жетісу жерінде егістік алқабы 18 мың гектарға ұлғайған еді. Сол себепті суға деген сұраныс жылдан-жылға еселеніп келеді. Сол үшін өңірде суды үнемдеумен қатар жаңа су қорларын игеру міндеті тұр. Қазір осы мақсатта жұмыстар жүріп жатыр.

Су қоймалары ауадай қажет

Ауылшаруашылық саласының мамандарының айтуынша, өңірдегі су тапшылығын шешу үшін әр ауданға үлкен су қоймалары қажет. Мәселен, күні кеше Көксу өзені тасып, халық біраз әбігерге түсті. Егер ауданда су қоймасы болғанда мұндай қиындық кездеспейтін еді. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Жақында Су ресурстары және ирригация министрлігі Жетісуға тиеселі өзендерде 6 су қоймасын салу жоспарланғанын айтқан еді. Бұл егістік алқаптарына орай қарастырылған жоба.

Қазіргі таңда «Қазсушар» филиалы Ақсу, Алакөл, Панфилов, Көксу, Ескелді аудандарында 6 жаңа су қоймасын салу жұмысын жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін аяқтауы қажет. Биыл егіс көлемі артаны өздеріңізге белгілі, соған су су тапшылығы да білені бастады. Ал су қоймалары әрі халықтың қауіпсіздігі үшін әрі шаруалар үшін маңызы зор. Бүгінде үшеуінің құрылыс жұмыстары басталды. Қалған үшеуінің техникалық негіздемелері жасалынып жатыр. Бұйырса, бұл су қоймаларда жалпы көлемі 70 млн текше метрге дейін су жиналады, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқарамасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аталған жоба – сумен қамтамасыз етілген егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуға және трансшекаралық өзендерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде филиал қарамағында 4 су қоймасы бар. Олардың барлығы шаруашылықтарға су беріп отыр. Алдағы уақытта қосымша жаңғырту жұмыстары жүруі мүмкін.

Жетісуда су мәселесі қашан шешіледі

Одан бөлек Қаратал ауданында суару каналдарын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, Күшік-қалпе магистральдық каналында ұзындығы 7 шақырым учаске механикалық әдіспен тазаланған. Сондай-ақ оны бетондау, дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген. Гидротехникалық құрылыстар мен гидробекеттерді жөндеу шаралары да қарастырылған.

Ақсу, Алакөл, Панфилов, Көксу, Ескелді аудандарында су қоймасын салу маңызды жоба. Бұл егін үшін ғана емес, су тасқынының алдын алу үшін де елеулі бастама. Біз мұны бұрыннан айтып келе жатырмыз. Жетісуда Балқашқа барып құятын үлкен өзендер көп. Кейбірі арнасына сыймай далаға ағып жатыр. Ал су қоймасы салынса суға ысырап болмайды. Әрі қауіпсіз әрі шаруаға тиімді, - дейді шаруа иесі Асанәлі Өтепберген.

Алағы 5 жылда су қоймалары іске қосылса су тапшылығы біршама азаяды. Жылдан жылға көбейген егістік аумағы осындай қадамға баруға мәжбүрлеп отыр. Оның үстіне Жетісудың климаттық жағдайы да көп өзгеріске түскен.

Өзгелердің жаңалығы