Жастар саябағы жанындағы 97 метрлік Тудың қасына жиналған мыңнан астам өңір тұрғыны әнұранды бірге шырқады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты іс-шара мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылды. Алдымен жетісулық ардагерлер бастаған топ көк Туды көкке көтеріп, шеруге шықты. Қала көшелерін аралап, рәміздердің қасиетін насихаттады.
Елдің ынтымағы мен берекесіне бастау болған мемлекеттік рәміздер күні тек қана атаулы мереке емес, ұлттың болмысына ұстын болар жарқын мейрам. Қазір жиналған жастардың әнұранды сүйсіне орындауы көңіл жадыратады. Айбынды еліміз керегесі кең, алға қойған жоспары анық. Болашақ жастар осы еркіндік пен азаттықтың аспанында қырандай еркін самғауын тілеймін. Біз кеңес өкіметінің азапты жылдарын көрген адамбыз. Мына жастар сол қасіретті басынан өткізбеуін шын тілеймін, - дейді облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Ермек Келімсейіт.
Таң ата жиналған қауым көк байрағымызды төбеге көтеріп, саябаққа жиналды. Қазақы шапан киген ақсақалдар мен кимешек киген әжелеріміз немерелерімен бірге келді. Әуелі халықтың қошеметімен көк Ту тұғырына қонды. Одан кейін бірлесе Гимн шырқалды.
Қазақ даласында небір зұлматты оқиғалар болған. Соның бәрі бүгінде ертегі секілді. Себебі елтаңбамыз елге үлгі, көк Туымыз аспанмен таласып тұр, ал әнұранымызды кішкентай бүлдіршіндер жатқа айтуда. Мұның бәрі азаттықтың арқасы. Бабаларымыздың қанымен келген қуаныш. Қала десек те, ұлттық рәміздерімізді құрметтей білуіміз қажет. Оның қасиетін балалар да бағамдай алуы қажет, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков.
Жиын соңында Д.Рақышев атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, халықтың ыстық ілтипатына ие болды.