Алқапта қазылмаған қант қызылшасы толып жатыр. Жалдамалы тасымалдаушылар әр келісіне 15 теңгеден сұрап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазылмаған қант қызылшалары алқапта қатып жатыр
Жетісуда қант қызылшасының мәселесі ушығып тұр. Биыл бұрын соңды болмаған мәселелер қабат-қабатымен алдыдан шығып, шаруаларды әлекке салуда. Бүгін біз облыстық ауылшаруашылығы басқармасының қателігін саралайтын боламыз. 2 айдан бері тәтті түбір қабылдап жатқан қант зауыттары лық толды. Ал әлі егінін қазып алмаған шаруалар бар. Олар абыр-сабыр күйге түсіп, бізге қайта-қайта қоңырау шалып, түйткілді таразылауға жәрдемдесуімізді сұрап отыр. Күннен күнге күрделеніп бара жатқан ауылшаруашылығы саласына қатысты түйткіл аграрлы өңір үшін нағыз аламайдан болды. Жергілікті билік тығырыққа тірелгенін білсе де, шешімін табудың жолын қарастырар емес.
"Биыл қалағанынша тұқым ал да егініңді ек" деген еді жергілікті билік басындағылар. Шаруалар жаз бойы алқаптың басын күзетіп жүріп, күн-түн демей мол өнім алудың қамына кірісті. Ал енді қараңыз. Қыс келді, жер қатты, әлі зауыт алдындағы кезек таусылар емес. Біздің ауылдың жігіттері әлі қызылшасын қазып алған жоқ. Жер тас болып қатып қалған. Оны жырту үшін анау-мынау техниканың күші жетпейді. Тіпті қазып алып, алқаптың жиегіне үйіп қойған шикізатымыз шіріп жатыр. Түсіміз төртеу, өңіміз екеу болып отыр. Кезек деген он шақырымға дейін созылды. Зауытта орын жоқ, бірінің-үстіне бірі үйілген қызылша кагат алаңында техника кіретін жерге дейін шашылып жатыр. Зауыт басшылары енді қабылдамаймыз деген әңгіме де айтыпты. Кешке досымыздың үйіне барып, жуынып-шайынып келеміз. Мұнда адамдардың бір-біріне жаны ашитындай емес,- дейді Көксу ауданының шаруасы Естай Алтайұлы.
Шаруалардың сөзіне сүйенсек, облыстық ауылшаруашылығы басқармасына қарасты "Жетісу" ӘКК" ӨДИ" АҚ-тың биыл үлестірген тұқымының сорты элиталы болғанымен, оның пісіп-жетілу уақыты өте ұзақ. Топыраққа сіңіп, толық өсіп-өңгенше 150-160 күн кетеді екен. Бұл дегеніңіз көктемнен алысқан қожалықтар қанша тырысқанымен жиын-терімін күзде бір-ақ бастайды деген сөз. Ол ол ма, барлық шаруаның егіні бір уақытта піседі. Міне, содан зауыт алдына айқай-шу басталады. Бұл жердегі қателік осымен аяқталмайды. Мәселен, ескілділік шаруалар алдымен өнімін өткізуге оқталғанымен арасына Қаратал, Көксу ауданынан келген шаруалар кіріп кетеді. Егінін ерте қазып қойған ескелділіктер амалсыз кезегін күтеді. Ал күн өткен сайын өнімнің өңі кете бастайды. Шіриді, салмағын жоғалтады, босап кетеді. Кезек ретсіз болғандықтан тасымалдаушылар арасында ұрыс-керіс үдеп, тіпті төбелесуге дейін барады.
Қазір өңірде Франция, Германия және Даниядан келген жоғары өнімді қант қызылшасы тұқымы егіліп жатыр. Биыл шаруалардың дені жоғары сортты тұқым септі. Қант қызылшасының формасы үлкен, өте бітік шықты десек болады. Өкінішке қарай, бұл сортта ұзақ уақыт ұстауға арналмаған. Жылдам өңдеп іске жаратпаса, өңін жоғалтып, өнім сапасына әсер етеді. Мәселен, "Данюша", "Мустанг" секілді жоғары сортты тұқымдар жер талғамайды. Нәтижесі де жоғары, оның үстіне қант мөлшері басқа тұқымдарға қарағанда көбірек. Сол сияқты "Шкипер" деген сортты да көбі мақтап жатыр. Олар гектарына 500 центнерден жоғары береді. Қанттылығы 15-20 пайызды құрайды. Дегенмен толық жетілу уақыты жүз күннен асады. Ол да шаруаның күтіміне байланысты. Элиталы тұқымдар барлық шаруаға жетпеуі мүмкін, бірақ өнім сапасы мен салмағына тікелей әсер етеді, - дейді агроном Асаубай Талапбеков.
Қазір егіншілер келер жылы тәтті түбірмен айналысамыз ба, жоқ па деегн сауалдан гөрі өнімін аман-есен өткізіп алуды ойлап отыр. Себебі ауа райы әлі егін қазып алуға жарап тұр, қар жауған жоқ. Желтоқсанға дейін созылса жердің тоны тіптен қатып, бар шикізатты қазып ала алмай қалуы ғажап емес.
Жалдамалы тасымалдаушылар дау шығарды
Жетісуда қант қызылшасын жинау науқаны қызған шақта үлкен жүк көліктерінің иелері шаруалармен өзара келісімге келіп, қант қызылшасын зауытқа дейін жеткізіп беру үшін ауызша шарт жасасады. Қыркүйек айының басында әр тоннасына 6-7 мың теңгені құраса, қазан айында 10 мың теңгеге жеткен. Енді жалдамалы тасымалдаушылар шаруаларға зауыт беретін қаржыны бізге беріңдер деп қиғылық салуда. Яғни, әр тоннасын 15 мың теңгеден бағалап отыр. Себебі камаз мінген жүргізушілердің 1 күндік жұмысының құны 60-70 мың теңгені құрайды. Ал олар қант зауытының алдында 5-6 тәулік кезегін күтіп тұрады. Сондықтан әр күнін есептей келе, 300-400 мың теңге сұрап отыр. Олай істемесе, алқап басынан шаруалардың өнімін тасуға құлықсыз. Шаруалар сұрғанын бермейін десе, өнімі далада шіріп кетуге таяп тұр.
Мен Алматы облысы Бақанас ауылынан келдім. Былтыр да қант қызылшасын тасып, 15 күн осында жатқанбыз. Ал биыл 2 айға жуықтады, әлі бітер емес. Шамамен 500-600 тонна ғана тасыдық қой деймін. Бір апта зауыт алдында тұрасын, әбден қажып кеттік. Оның үстіне тиеген қызылшамыз тіркемеде қатып қалып, өзіміз ломмен ойып түсіреміз. Оған шаруаның шақырып отыратын уақыт жоқ. Біз оған келіскен жоқпын. Қазір бір кг-на 10 теңгеден төлеп отыр. Бірақ бұл аз, жататын жеріміз бар, ішетін тамағымыз бар, оның бәрі артық шығын. Бала-шағаны көрмегелі 2 ай болды. Бізді де түсінуі керек. Сондықтан әр кг-на 15 теңгеге дейін төлегені жөн. Дизель отыны да қымбат, бір барып-келгенімізге 50-60 литр жағамыз. Өзіңіз ойланыңыз, 5 күнде қаншама жанармай кетеді. Түнімен камазды қыздырып қоямыз, пеш қоспасаңыз мына суықта үсіп кетесіз, - дейді жалдамалы тасымалдаушы Серік Уалиханов.
Қазір өңірде қант қызылшасын еккен 600-ден астам шаруа болса, соның басым бөлігінде тасымалдайтын жеке техникасы жоқ. Көбі жалдамалы жүргізушілердің қызметіне жүгінеді. Олардың өз талаптары бар, келіскен қаржысын бермесе суық күнде тұруға құлықсыз. Олардың талабы да орынды. Себебі көбі камаздың ішінде түнейді, сонда тамақтанады. Түнде ұрлық-қарлық болмауы үшін техникасын күзетуі керек. Жеке-меншік дүниесі болғаннан кейін барынша сақ болғандары абзал. Бірін-бірі аңдыған тасымалдаушылар тіпті көлігіне лом секілді қолға ұстап қорғануға ыңғайлы заттар да алып алған екен.
Жалдамалы тасымалдаушылар өз талабын қойып отыр. Зауыт беретін 15 теңгені бізге бер деп талап қойды. Қазір өзара жеңілдік жасап, 12 теңгеге келістік. 1 тоннасына 12 мың алады. Камазға кемі 50-60 тонна шикізат тиеледі. Өкінішке қарай олар 5 күн жатады. Оңай емес, түсінеміз, бірақ біздің қалтамызға артық салмақ. Қаншама шығын құрттық. 5 гектар жерге егін егу үшін 3 млн қаржым кетті. Шығынша батпасам да өзімнің еңгебіме сай табыс тапқым келеді. Оны несін жасырайын. Мемлекет тарапынан көмек болып жатқанымен зауыттың мәселесі шешілмей тұр. Көксу қант зауытында қызылша өңдейтін он апараттың екеуі ғана жұмыс істеп тұр екен. Күніне 60-70 жүк көлігі кіріп жатыр, кагат алаңында аяқ алып жүрер орын жоқ. Оны қашан өңдеп үлгереді,- дейді шаруа иесі Талапбек Қанағатов.
Шаруалардың айтуынша, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының берген мәліметтері жалған. Қант қызылшасының 90 пайызы жиналды деген ақпаратқа ешкімнің көнгісі жоқ. Себебі ондаған шаруа әлі қызылшасын қазып алған жоқ. Олар күн-түні қызылшасын күзетіп жүр. Оның үстіне кезек те тұрған жүк көліктерінің саны әлі таусылатын түрі жоқ. Қабылдау уақыты желтоқсанның аяғына дейін созылатын түрі бар.
Комбайн алқап басында батпаққа батуда
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, 14 мың гектарға тарта жерге себілген қант қызылшасының 84% қазып алынған. Бүгінде оншақты шаруа әлі өнімін толық термеген. Осы күнге дейін қант зауыттары 600 мың тоннаға тарта өнім алған. Қазір 80 комбайн қазып алу жұмыстарына атсалысып жатыр. Көксу мен Ақсу қант кәсіпорындары тәулігіне 200-ден астам көлік кіргізіп жатыр. Олар шамамен 5 мың тонна өнім қабылдауға тырысады.
Алайда бұл мәліметке шаруалар сенбейді. Кезекте тұрған шаруалардан сұрасақ, Көксу қант зауыты күніне 70-80 ғана жүк көлігін кіргізеді. Яки шаммен 3 мың тонна ғана өнім қабылдап жатқанын аңғаруға болады. Таңғы сағат 8:00-де ашылған өндіріс орны кешкі сағат 17:00-ге дейін өнім қабылдайды. Сол уақыт аралығында кіріп үлгерген тасымалдаушылар ғана өнімін өткізе алады, қалғаны келесі күнді күтеді. Түнде қабылдау жұмыстары жүрмейді. Ондай шешім қабылдауға зауыт басшылығы бірден қарсы болған. Қазірдің өзінде керекті өнім жинап үлдерді. Амал жоқ, қалған қызылшаны қабылдауына тура келеді. Себебі елімізде осы екі зауыттан басқа зауыт өнімді жұмыс істеп тұрған жоқ.
Тәтті түбірге мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемі артқан соң, биыл өңірдегі алқап көлемі ұлғайды. Бұрынғыдай емес, шаруалардың саны артып, салаға қызығушылар көбейді. Басында 11 мың гектар жерге егіледі деп жоспарланған тәтті түбір, 14,7 мың гектар алқапқа егілді. Түсетін өнімді қос кәсіпорын қабылдап алып жатыр. Алайда биыл Жамбыл облысынан 29 мың тонна қосымша шикізат келді. Әрине, өнімді дер кезінде қазып алу маңызды. Сол себепті біз жинауды қыркүйек айынан бастадық. Жоспардан тыс 3 мың гектар жерге тұқым артық себілді. Бүгінде қос зауыт кестеге сәйкес қабылдап жатыр. Ешқандай шаруаның өнімі далада қалуына жол бермеуіміз керек, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметі қараша айында берген соңғы ақпаратына сүйенсек, осы уақытта 450 тоннаға тарта өнім қос зауыттың кагат алаңында жатыр. Ақсулық кәсіпорын да, көксулық кәсіпорын да 200 мың тоннадан аса өнім қабылдаған. Жинап алынған тәтті түбірдің жүз мың тоннасы шаруашылықтардың егістік алқаптарында буртта жинақталған. Алда тағы қазылатын 2,2 мың гектардан 95 мың тонна қызылша жиналады деп жоспарланып отыр. Ал жалпы облыс көлемінде жиналатын қызылшаның көлемі 700 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Тіпті одан да асуы ықтимал. Себебі қазылмаған өнім көлемі жоспарлаған межеден асып кетуі де мүмкін.
Қазір алқап басы батпақтанып кетті. Оған комбайнның бәрі бара бермейді. Арнайы батпақта жүре алатын комбайндар болмаса, басқа техника тұрып қалады. Сол себепті қазір облыстық ауылшаруашылығы басқармасына мәселені жеткіздік. Шама бар, көмек көрсетіп жатыр. Алайда техника тегін келмейді. Қызмет ақысы қыркүйек айындағыдай емес, қымбаттап кетті. Оның үстіне жалдамалы тасымалдаушылардың талабы да артты. Басында қабылдайтын орынды көбейту қажет еді. Осының бәрін аңғармағандықтан, түрлі кемшіліктер алдымыздан шығып отыр. Қаншама шаруа зар қағып жүр. Қызылша өткізуге кезекте тұрған көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасалмаған. Мұнда дәретхана жоқ. Бақтыбай ауылынан басталған кезек Балпық биге жеткенге дейін 3 тәулік өтеді. Олардың бәрі жолдың жиегінде тұрады, - дейді шаруа иесі Кененбек Жасаров.
Айта кетейік, кезекте тұрған тасымалдаушылардың жайын ескерген еріктілер іске араласып, ыстық шәй таратқан еді. Олар тазалық сақтау үшін жүк көлік иелеріне арнап арнайы қолжуғыштар мен қоқыс жәшіктерін орналастырған. Алайда бұл қошемет те 1-2 сағатқа ғана созылған екен. Жергілікті органдар барынша көмек көрсетуге бейіл екенін жеткізуде. Дегенмен тасымалдаушылар тағы бір қабылдайтын орын ашып үлгеретін уақыт болғанын айтып отыр.
Соңғы жылдары егін шаруашылығына, оның ішінде қант қызылшасының өндірісіне мемлекет тарапынан жылда қомақты қаржы бөлінеді. Мәселенки, осы жылы Жетісу өңірінде егін саласына жалпы алғанда 14 млрд теңге бөлінген. Оның басым бөлігі дақылдарды субсидиялауға жұмсалған. Бұған 10 млрд-қа жуық қаржы қарастырылған. Одан кейін, 2,6 млр теңгеге минералды тыңайтқыш пен 1,2 млрд теңгеге тұқымдар сатып алынған. Одан бөлек, 483 млн теңге пестицидтерді субсидиялауға жұмсалған. Сондай-ақ көктемгі дала және өнімді жинау жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Жергілікті бюджет есебінен тәтті түбірді дамыту мақсатында 5 ауданда жаңа 8 сервистік-дайындау орталығы ашылды. Оған 2,5 млрд теңге қарастырылды. Оған қоса 62 бірлік себу және өнімді жинау техникасы шаруашылықтарға лизингке берілді. Нақтылап айтсақ, 28 сепкіш, 15 жапырақ жинағыш машина, 19 комбайн алынды. Шаруаларға өткізген өнімінің қаржысын уақытылы беру маңызды. Осы бағытта қабылданған шикізат үшін 3 млрд астам қаржы төленді. Оның ішінде көксулық зауыт тарапы – 1,4 млрд теңге төлесе, ақсулық кәсіпорын – 1,9 млрд теңге төлеген. Жалпы қос өндіріс орындарының шаруалармен есеп айырысуы мен өткізілген өнімді субсидиялау шаралары шаруашылықтардың өтінімдерінің түсуіне қарай жалғаса береді. Аталған саладағы мәселелер басқарманың бақылауында,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев
Мемлекет басшысы қант қызылшасын дамытуды тапсырғанда, өңірге қант зауыты қажет екенін ешкім айтпады. Ақсу қант зауытын реставрациялау жұмысына 10 млрд-тан астам қаржы кеткен. Бәрібір ішіндегі апараттардың дені сол кеңес заманынан қалған техника саналады. Оның күш-қуаты тонналап өңдеуге жетпейді, қалдық көп қалдырады. Ал жаңа зауытты жабдықтау үшін кемі 50 млрд-тан астам қаржы қажет. Ол үшін инвестор тартудан басқа амал жоқ. Жетісу облысының бюджеті бір қант зауытын салуға жетпейді. Жаңа зауыт салынбай жоғарыдағы мәселелер ешқашан шелімейді. Олай болмаса, қазақ халқы Ресейден келетін қантты тұтына береді.