Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда қанша ағаш егілді?

27 Маусым 2025, 15:48
1077
Бөлісу:
 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл Жетісуда “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 7 мың тоннаға тарта қоқыс шығарылған,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бір ағашты орманға айналдырған адам

Мақаланың әлқиссасын бір қызық оқиғадан бастасақ. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деп түсінетін қазақ халқы ежелден көктем келген сайын ырымға сүйене отырып, жаңа өмірдің бастауы ретінде жаңа көшет отырғызған. Ондағы мақсат осы көшеттей көктеп көгерейік деген ниет еді. Сол ниеттің шеңберінде Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылының тұрғыны Еркін Пидахмет қыстың көбесі сөгілген сәтте отбасын ертіп көшет егуді дәстүрге айналдырған. 20 жылға жуық уақыт ішінде он мыңға тарта ағаш отырғызған екен. Отбасымен бірге игілікті істі қолға алған жанның өнегелі өміріне қарап таңдай қағуға болады. Мемлекеттен ешқандай жәрдем сұрамай, өзі суғарып, өзі баптаған ауыл азаматының шұғылалы шаруасы бүгінде облысты ғана емес, күллі республиканы қызықтырып отыр.

Ағаш егу дәстүрі байырғы заманнан бар әдет. Ол кейіннен ұмытыла бастады. Көктемнен қуаныш күтетін қазақ халқы ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, жақсы ырымға жол ашқан. Бұрынырақта қарттар өзен жағасына жеміс ағаштарын егіп, көлеңке болады деп жоспарлаған. Немерелерін ерткен қариялар бір түп ағаш арқылы ұлттың татулығын, бір-біріне сая болып жүруін тілеген. Біздікі де сол дәріпті дәстүрді сөндірмеуге деген бастама болатын. Қазір балаларым да бастап кетті, - дейді кейіпкеріміз.

"Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” дейтін дана халқымыз әрдайым бірлік пен еңбекті жоғары бағалаған. Осындай елдік пен ерлікті бір бойына тоғыстыра білген азамат – Еркін Пидахметұлы бүгінде Көксу ауданы, Мұсабек ауылындағы табиғатқа жан бітіріп, айналасын көгалға бөлеген жасампаз жан ретінде танылып отыр.

Жетісуда қанша ағаш егілді?

Ол алыстағы атажұртын аңсап, 2008 жылы Қытай елінен түп қопарып елге оралған. Қолында бір жапырақ қара жері болмаса да, жүрегінде туған елге деген шексіз сүйіспеншілік пен табиғатты түлетуге бағытталған асқақ арман бар еді. Сол арманына сеніп, алғашқы көшін Талдықорған қаласының маңындағы «Ащыбұлақ» саяжайына тікті. Балалық шағында, он жасынан бастап ағаш егуді ермек емес, міндет санап үйренген Еркін алғаш келген бетте-ақ 30 сотық жерге Қытайдан ала келген алма, өрік пен көктерек көшетін отырғызып, туған жердің топырағына бейімдей бастайды.

Алайда үлкен армандар әрқашан күрес пен қажыр сұрайды. 2010 жылы елімізде қолға алынған «Жасыл Қазақстан» бағдарламасын естігенде Еркін қарап жатпады. Ол тікелей облыс әкімдігіне хат жолдап, орман өсіру, ауыл экологиясын жақсарту және өңір табиғатын жасыл желекке айналдыру жайлы ойын жазды. Көп ұзамай жағымды жауап келіп, «Қай ауданнан лайықты жер тапсаң, қолдау көрсетеміз» деген сүйінші хабар келді. Осылайша Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарын аралап, жүрек қалауымен Мұсабек ауылына тоқтады. Бұл ауыл табиғаты қаталдау, желі үзілмейтін, құмдауыт жер. Бірақ Еркін мұндай қиындықтардан қаймықпады.

Алғашында жеміс ағаштарын атажұртқа келген бетте ектім. Бірақ топырақтың ерекшелігіне байланысты олар жерсінбей қалды. Осыдан соң, табиғатқа төзімді Қытай көктеректерін отырғыза бастайдым. Бүгінде еккен 8 мыңнан астам көктерек тамырын тереңге жайып, 22 гектар жерді жасыл орманға айналып отыр. Бір шақырымға созылған 10 қатарлы көктерек аллеясы – Еркіннің төзімі мен табандылығының айғағы, - дейді Е.Пидахмет.

Армандарын көкке бойлаған мекен

Ауылдың тау бөктерін көмкерген көктеректер бүгінде жай көзге көркемдік сыйлап қана қоймай, нақты пайдасын да тигізіп отыр. Ертеректе желдің өтінде тұрған ауылды құм басып, бақ өсіру мүмкін болмайтын. Ал көктерек алқабы желге қалқан, құмға тосқауыл бола білді. Қазір сол көктеректің саясында алма, өрік сынды жеміс ағаштары жайқалып өсіп, ауыл тұрғындары өз ауласында бақша салып, өнім алуға мүмкіндік алып отыр.

Жетісуда қанша ағаш егілді?

Еркіннің ақысысыз атқарған жұмысы бүкіл елді таңғалдырып отыр. Президенттің бастамасымен қолға алынған игілікті шаруалар біздің ауданнан ертеректе басталып кеткені көңіл қуантады. Әр азамат осылай жеріне деген махаббат жеткізсе еліміздің экологиясы жақсарар еді. Биыл көксулықтар ағаш егуде кенде қалған жоқ. Жетісудың әр өңірі секілді ауданымызда мыңдаған көшет отырғызылып, табиғатты тазалау жұмыстары жүрді, - дейді Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов.

Мұсабек ауылының ақсақалдары мен әкімдік қызметкерлері, мектеп ұжымы мен оқушылары Еркіннің осы игі бастамасын бір кісідей қолдап, көшет отырғызу мен суару жұмыстарына белсене араласқан. Бұл жай ғана орман өсіру емес, бүтін ауылдың ынтымағы мен табиғатқа жанашырлықтың үлгісі.

Ауыл тұрғыны Зиягүл Досанқызының айтуынша, көктеректер желді тоқтатып, ауыл микроклиматын жақсартып, егіншілікке жол ашқан. Бұрын жерсінбеген жеміс ағаштары бүгінде өнім беріп, тұрғындарға табыс көзіне айналып келеді. "Еркіннің көктерегі" деген тіркес бүгінде ауыл мақтанышына айналған.

Қазір Еркін тек көктерек өсірумен шектелмей, қара ағаш тұқымын да сеуіп, 1-2 жылдық көшеттерін еліміздің ірі қалалары – Астана, Алматы, Түркістан мен Қарағанды, Шымкентке жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Төрт түлік мал ұстағанмен, Еркіннің басты байлығы – осы жасыл орманы. Ол көктерекпен қатар жеміс ағашын да өсіріп, ауыл экологиясына, қоршаған ортаға, тіпті елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосып жатыр.

Біздің елде еңбек еткен адамға мүмкіндік мол. Мемлекет қолдап отыр. Ауылдасым дем берді. Алла жар болды. Мен осы істі бастағанда тек өзім үшін емес, келешек ұрпақ үшін ағаш ектім. Бұл — табиғатқа деген борышым, - дейді өзі.

Еркіннің ісі бүгіннің емес, ертеңнің қамын ойлаған азаматтың ісі. Ол отырғызған әр көктерек – болашаққа жол тартқан үміт, елге сіңірген шынайы еңбек, туған жерге тағзым. Кішкентай ғана Мұсабек ауылында басталған бұл игі іс – бүтін Қазақстанға үлгі боларлық тірлік. Өйткені, туған жердің табиғатын түлету – әр азаматтың парызы. Еркін Пидахметұлының өнегелі жолы осы ұғымның айқын дәлелі.

Тамырын тереңге тартқан көшеттер

Жасыл желекке толы Жетісу облысы табиғаты көркем өңірдің бірі де бірегейі. Дегенмен Құдай берген тұмса табиғатты аялап ұстау әр азаматқа парыз. Осы ретте еліміздің экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы жүйелі әрі белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері бұл бастамаға өңір бойынша 100 мыңға тарта адам қатысып, табиғатты көгалдандыру және абаттандыру бағытында бірқатар маңызды шаралар қолға алынды.

Жетісуда қанша ағаш егілді?

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, осы уақытқа дейін жалпы саны 56 491 түп көшет отырғызылып, 6 218 тонна қоқыс шығарылған. Бұл – өңір жұртшылығының табиғатқа деген жанашырлық көзқарасының нақты көрінісі.

Аталған бағдарламаның аясында елді мекендерді абаттандыру мен көркейту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуынша, 2025 жылдың басынан бері бірнеше шаруалар қолға алынған.

25 балалар және спорт алаңы жаңартылып, заманауи талаптарға сай абаттандырылды. Одан бөлек 16 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделіп, 2 шақырым арық желілері жабдықталып, су өткізу жүйесі жаңартылды. 69 ескерткішке қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өңірдің мәдени және әлеуметтік нысандарын көркейту жұмыстары жалғасып жатыр, - дейді А.Бекетаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 21 саябақ, оның ішінде аллеялар мен скверлер, 2 орталық алаң, 3 ескерткіш, 51 аула және 58 балалар мен спорт алаңына жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліліп жатыр.

Бұдан бөлек, өңір көлемінде 94 көпқабатты үйдің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, 15,5 шақырым арық желілерін жаңарту жұмыстары басталып кеткен. Ал 279 шақырым көшеге жарық шамдары орнатылып, облыс аумағы түнгі мезгілде қауіпсіз әрі жарық болуына жағдай жасалуда.

Ағаш егу өз алдына, қоршаған ортаны таза ұстау ішкі мәдениеттің үлгісі болып қала бермек. Мәселен, Талдықорған қаласы таза шаһарлар қатарына жатқанымен, халық саны артқан сайын қатты қалдықтар саны көбейіп келелі. Яки тұрмыстық қалдықтар көптеп шығуда. Оның бәрі қоқысқа тасталмайды. Ол қоқыс жәшігі уақытылы тазарса жақсы, желмен бетіндегі қоқыстар жан-жаққа ұшады. Осы мәселе де естен шықпауы қажет, - дейді қала тұрғыны Қанипа Алдабергенова.

Осы күні бағдарлама аясындағы бақылау жұмыстары да күшейтілген. Қазіргі таңда облыста 14,8 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың бір бөлігі қоғамдық орындарды бақылайтын болса, екінші бөлігі білім беру мекемелерінде орналасқан. Бұл құрылғылар тазалық пен тәртіпті сақтау жұмыстарында үлкен рөл атқарып келеді.

Жетісуда қанша ағаш егілді?

Қазір халықтың тілек-арызы билік басына тез жетеді. Мәселен, қоғаммен кері байланыс орнату мақсатында іске қосылған арнайы Telegram-бот арқылы да тұрғындар өз шағымдары мен ұсыныстарын жолдай алады. Осы күнге дейін ботқа 466 өтініш келіп түссе, соның 404-і орындалып, қалған 62-сі бағдарлама шеңберіне жатпағандықтан қаралмаған. Қаншама азамат сол арқылы мәселесін шешіп алған.

Экологиялық ахуалды жақсарту – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы орайда Жетісу жұртшылығы бір кісідей жұмылып, табиғат тазалығын сақтауға, туған өлкені көркейтуге өзіндік үлес қосып отыр. Бұл бастама – ел болашағына жасалған жарқын қадам.

 

Өзгелердің жаңалығы