Аталған сырқатпен ауырғандар қатарында 1 жасқа толмаған сәбилердің саны көп. Әсіресе ауыл-аймақтағы тұрғындар жиірек шалдығуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде облыста 40-қа жуық көкжөтелдің жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда көбірек. Әсіресе әлі емшектің шықпаған сәбилердің ата-аналары шырылдап отыр. Мұндай жағдай облыс орталығынан бөлек, Ескелді, Алакөл, Кербұлақ, Панфилов, Ақсу, Сарқан аудандарында тіркелген.
Бүгінде өңір көлемінде тіркелген сырқаттанушылардың көбі бұрын көкжөтелге қарсы екпе алмаған болып шықты. Біздің есептеуімізше 94 пайызы вирустың алдын алар дәрі салдырмаған. Осы ретте, инфекциялық ауруды төмендету үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Жас сәбилердің мұндай сырқатпен ауырғаны қауіпті. Ата-аналар барынша сақ болғаны абзал. Қазір көктем уақытында вирус қатты дамиды, - дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.
Оның айтуынша биыл осы уақыт шеңберінде 2, 3, 4, 18 айдағы және 6 жастағы 10 мыңнан астам балаға көкжөтелге қарсы екпе егілген. Қазір 18 жасқа дейінгі екпе алмағандардың иммундық мәртебесіне ревизия ұйымдастырылып, екпе жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен науқастардың арасында ересектер тіркелген жоқ. Барлығы дерлік балалар.
Жалпы көкжөтелмен ауырған адамның дене қызуы көтеріледі. Оның белгілері жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясына ұқсас. Екі мұрыны бітіп, су ағып, құрғақ жөтел жиілейді. Бұл сәтте сырқат адам бірден медицина қызметіне жүгінгені абзал. Себебі айналасындағыларға жұқтыруы әбден мүмкін.
Мамандар, көкжөтелге қарсы бірегей алдын алу шарасы вакцинация екенін айтып отыр. Ата-аналар балаларын екпеге әкелуі шарт.