Жетісуда интернеті жоқ ауылдар бар

Бүгiн, 19:26
114
Бөлісу:
Жетісуда интернеті жоқ ауылдар бар
Фото: автордан

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылдардың көбі болашағы жоқ елді мекендер қатарына жатады. Бүгінде өңірде мұндай ауылдардың саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауылды сақтап қалудың амалы бар ма?

Жетісу топырағында болашағы жоқ ондаған ауыл бар. Мал шаруашылығына бейім жұрт атақонысты қимай отырғандықтан амалсыз ауыл ішіндегі «ауыл» ретінде тіркеліп тұр. Құтты қонысын қиғысы келмейтін қарашаның жанайқайы жүрекке батады. Амалы жоқ, бала-шағасы өсіп, қала маңына қарай орын жылжытқан соң ата-анасы да көшуге шешім қабылдаған. Ал кейбірінің сол қарашаңырақтан басқа көңілі марқаяр жері жоқ. Қимайды, қалай қисын, жастық шағының жаңғырығындай жасампаз топырақты тастап кеткісі келмейді. Ата-бабасын жатқан төбені әлі де әлдилеп отырғандар бар. Соның бірі – Ақсу ауданына қарасты Ақтөбе ауылы. Суықсай ауылдық округіне қарайтын аядай ауылда бастауыш мектебі болған, қазір ол да жабылды.

Баланың бәрі қалада тұрады. Демалыста келіп тұрады. Біз сол малға қарап, осында қалдық. Жол алыс, оның үстіне мұнда жету қиын. Кезінде қаншама шаңырақ болды. Осында ұланасыр той болып жататын. Қазір 4-5 үй ғана қалдық. Шекарада орналасқан ауылдың бар тынысы мал, одан басқа істер шаруа да жоқ. Ата-бабамыз осы жерге жерленді, одан ыстық атамекен жоқ. Мұндағы кейбір көршілеріміз қалаға барғысы келмейді. Онда күтіп отырған ағайын болғанымен, жерді қиып кеткісі жоқ. Интернет ұстамайды, біз көбіне төбеге шығып сөйлесеміз. Елдің мұнда интернет қарайтын да уақыты жоқ-ау. Малға қараған жұрттың қолы тие бермейді ғой. Кешке үйге сүрініп жетеміз, - дейді ауыл тұрғыны Жәмилә Алпамысқызы.

Жалпы өңірде интернет толқыны жетпеген елді мекендер көптеп кездеседі. Мәселен жауапты мамандар баяу болса да интернетке қосылған ауылдарды «интернет бар» деген тізімге қосады. Алайда ондағы халық ешқандай әлеуметтік желіге кіре алмайды. Сондай ауылдар Алакөл ауданында да кездеседі. Ондағы шағын елді мекендер ұялы телефонмен сөйлесу үшін тау-тасты жағалауы қажет. Мәселен, Бақалы ауылдық округіне қарасты Кәкімжан Қазыбаев ауылының тұрғындары интернет пен телефон байланысының нашарлығынан қиналып жүр.

Өзіміз медицина саласында қызмет еткеннен кейін уақыттың тығыздығы біздің саланы басты құндылығы екенін білеміз. Себебі адам өмірін сақтап қалу үшін әр секунд маңызды. Мәселен күрделі аурулар болып, «Жедел жәрдем» шақыртуға немесе аудандық емханадағы білікті дәрігерлерден кеңес алуға тура келгенде төбе-төбені қыдырып, телефон ұстайтын жерді іздеп алып-ұшамыз. Өзіңіз ойлап қараңыз, Қазыбаев ауылы мен Бақалы ауылдық округінің орталығына дейін 6 шақырым жерді құрайды. Жаяу бару мүмкін емес, көлік келу үшін кемі 20 минут уақыт кетеді. Оған қанқысымы көтеріліп жатқан науқас шыдай қоймайды. Амал жоқ жеке көлік жалдап ауылдан ауылға шапқылаймыз. Байланысты жоқтығынан орталықтан дәрігерде шақыра алмаймыз. Кейде жол тосып көлік күтеміз, болмаса көлігі бар көрші-қолаң мен туған-туыс, дос-ағайынға өтініш айтамыз,-  дейді ауылдық емхананың дәрігері Сабира Шопанова.

Мұндағы халықтың тілегі көкейге қонымды. Интернетсіз жұмыс-шаруаң оңайлықпен бітпейтіні рас. Әсіресе мемлекеттік қызметте істейтін мамандарға қиын. Мұғалім, дәрігер, әкімшілік қызметкерлері ебіл-дебіл болып жүреді.

Әлеуметтік желіге кіре алмай әбігерге түседі

Қызығы сол, Бақалы ауылы Алакөл ауданындағы басқа елді мекендерге қарағанда жаңа нысандар салынған, дамып келе жатқан ауылдың бірі саналады. Оған бір дәлел осы жылы К.Қазыбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы қолға алынып, үш қабатты мектеп ғимаратының жанынан үлкен стадион салынып, қолданысқа берілген. Тіпті бір шетінен балалар ойын алаңының да іргесі қаланған. Ауылдан түлеп ұшқан жастар мен мектеп түлектері мектеп қақпасының құрылысын өз мойнына алған. Бақалы ауылындағы кең сарайдай мәдени ошаққа бара қалсаңыз алдыңыздан мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Арынның бюсті қарсы алады. Осыдан-ақ ауылдың тыныс-тіршілігі түзу екеніне көз жеткізуге болады. Алайда интернет желісінің жоқтығы осы атқарылған жұмысқа керағар түсінік секілді.

Мектебіміздің іргетасы ертеректе қаланған. Кеңес заманына келе жатқан ғимараттың бірі. 600-ден астам балаға арналған білім шаңырағында 300-ге жуық бала оқиды. Ішінде шағын балабақша арналған орталық бар. Былтыр көктемде жаңа автобус берілді. Онымен алыста орналасқан К.Қазыбаев ауылының балалары тасымалданады. Осы жылы облыс әкімдігі тарапынан қомақты қаржы бөлініп, көптен айтып жүрген мектебімізге күрделі жөндеу жұмысы істелді. Тіпті, кіреберістен шатырға дейін ауыстырылды. Есік алдына төсеме тастар төселіп, еден мен есіктері жаңарып, жаңа үстел мен орындық алынды. Оған қоса терезелерге жаңа перде тартылды. Жиынжай мен асхана, үлкен және кіші спортзал толықтай жаңартылды. Онымен қоса, Кәкімжан Қазыбаевтың мерейтойына орай түрлі кездесу шараларын өткізіп тұрамыз. Мектептерде арнайы интернет желісіне арналған апараттар болады. Сол арқылы байланысқа шығамыз,- дейді мектеп директоры Назерке Құтбаева.

Күнделікті өткізген пәнін, балалардың алған бағасын арнайы «Bilimclass», «Kundelik.kz» секілді платформаларға енгізіп тұрмаса, мұғалімдердің жұмысы байқалмайды. Үйдегі ата-ана да соған қарап, баласының оқу жоспарын анықтап отырады. Алайда мұғалімдер бұл жұмыстарды істеу үшін мектептен алысқа ұзай алмайды. Себебі сәл де болса сапалы интернет тек мектепте ғана бар. Одан алысқа ұзаса интернеттің жылдамдығы азайып кетеді.

Интернеттің жоқтығынан елде болып жатқан жаңалықтан мақрұм қалдық. Бір бөтен мемлекетте өмір сүріп жатқандаймыз. Елдің әңгімесін бәрінен кеш естиміз. Той-томалақ, өлім-жітімнен жеткен хабар кешігіп келеді. Телефон байланысының нашарлығынан үйде қалған үлкен кісілермен байланыса алмай дал боламыз. Кейде амалсыз жедел-жәрдемді Үшарал қаласынан, Талдықорған қаласынан, арысы Алматы мен Астанадағы ағайындарымыз арқылы шақыртуға тура келеді. Мұнда олар жетем дегенше әбден тозып кетеміз. Балаларды жіберіп алдынан тосып аламыз, - дейді ауыл тұрғыны Раушан Мұқанова.

Жалпы Қозыбаев ауылы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласынан 44 шақырым жерде орналасқан. Ең қызығы Үшарал – Талдықорған тас жолынан аса алыс та емес. Қазаққа аты мәшһүр қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың атын арқалаған ауылдың жайы ешкімді алаңдатпайды дегенге сену қиын. Мәселен, Бақалы ауылдық округіне Бақалы, Кәкімжан Қазыбаев, Тасқұдық елді мекендері кіреді. Сол үш шағын ауылды қосқанда 2 мыңға тарта тұрғын бар. Бүгінде нақты 363 үй тіркелген. Осы жылы сол ауылдан шыққан шаруалар 12 мың гектардан астам жерге дәнді-майлы дақыл, қант қызылшасы мен көпжылдық шөп сеуіп, облыстағы өнім көлеміне өз үлесін қосқан.

Ауылға интернет орнату мәселесі аудан әкімдігінің назарында. Алдағы уақытта арнайы антена орнатылып, интернет желісінің жылдамдығы күшейтілетін болады. Шекаралық аймақ болғаннан кейін интернет жылдамдығы сәл баяу жүреді, - дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айжан Асланқызы.

Хабар алу қиын, қоңырау да бармайды

Ауыл халқы мемлекетке шағым айтпайды. Ақсақалдардың әңгімесін тыңдасақ, қорадағы азын-аулақ малға шүкірін айтып отыр. Жеріне егін егіп, төрт түлігіне жетер қыстық жем-шөбін әзірлеп қойған. Дегенмен олардың алаңы өсіп келе жатқан ұрпағының қамы. Әлемдік ақпараттар тасқынының арасында қалмауы үшін жастардың сауатты болғаны жөн. Сондықтан интернетсіз білім жинау заманның да, баланың да сұранысын қанағаттандырмайды. Біз арнайы іс-сапармен барған алдыме айтқан өтініші сол болды.

Басқа ауылдарға қарағанда біздің ауылдың тыныс-тіршілігі бұзылған емес. Өткен жылы модульді емхана салынып, бір жасап қалдық. Көптен бері айтып тұрған сұранысымызға сай заманауи нысан салынды. Қазір онда 3 маман еңбек етеді. Өзіміз де барып жиі қаралып тұрамыз. Өкінішке қарай, сондағы дәрігерлеріміз интернеттің нашарлығына байланысты құжаттарды рәсімдеп, аудандық, облыстық ауруханаға сұраныс жіберіп, тапсырыстар қабылдап алу үшін Бақалы ауылдық округініне жүгіреді. Мұнда да қаншама халық бар. Олар аудандық дәрігерлерге қаралу үшін де бір күн ерте барады. Себебі хабарласып мән-жайды сұрай алмайды. Сондықтан интернетсіз іс бітпейтініне көзіміз жетіп отыр,-  дейді ауыл ақсақалы Әбдібек Жақсыбеков.

Сапар барысында Бақалы ауылындағы игілікті істерді көріп қайран қалғанымызды қайтейік, ары қарай Кәкімжан Қазыбаев ауылына бет алғанымызда шұрық-тесік жолға тап болдық. Сәл ұзай бергенімізде-ақ телефонның антенасы төмен түсіп, интернет желісі үзілді. Шұңқырға айналған жолмен жеңіл көлік әрен қатынайды екен. Ауыл халқының айта-айта әбден ығыры шыққандай көрінді. Олардың айтуынша, Қазыбаев ауылы Бақалы мен Тасқұдыққа қарағанда жетім қозының күйін кешіп жүр. Себебі инфрақұрылымдық желілер алдымен сол ауылдарға тартылып, артылғаны ғана Қозыбаевқа келеді.

Ауылда 200-ге тарта адам тұрады десек, соның 30-ы зейнетке шыққан апа-аталарымыз. Қарттық келген соң олар жиі сырқаттанады. Бала-шағасының бәрі қалада жұмыста болған соң алаңдайды. Олар әке-шешесінен хат-хабар ала алмағандықтан демалыс сайын келіп тұрады. Қалаға көшіріп әкетейін десе үлкендердің қарашаңырақты қиып кеткісі жоқ. Осында сүйегім алады деп турасын айтады. Бір де 90-ға келген әжеміз сүрініп, аяқ-асты есінен танып қалады. Ауыл жұрты жабылып жүріп әрең дегенде жедел-жәрдем шақырды. Абырой болғанда әжемізді аман сақтап қалдық. Сәл кешіккенде жағдайы тіпті қиын болған екен. Өзге жұрт балаларының қолынан телефонды ала алмай жүрсе, Қазыбаев ауылының тұрғындары балаларына телефонын құшақтатып, ауыл сыртындағы төбелерді қыдыртып, интернет желісін іздетеді,- дейді ауыл тұрғыны Жанар Тасқынбаева.

Қазір аядай ғана ауылда шап-шағын бастауыш сыныптарына арналған білім ордасы бар. Онда бар болғаны 20 оқушы оқиды. Одан кейін жоғары сыныпқа көшкенде Бақалы ауылындағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы орта мектепте білім алады. Бақалы да да интернетті қатты істеп тұрғаны шамалы. Үйіне тұрғындар 50 мыңға Wi-Fi орнатады. Көп отбасының оған жағдайы келмейді. Амалы жоқ балалары үшін солай істеуге мәжбүр. Десе де сол құрылғы бірде ұстап, енді бірде ұстамай қалады екен.

Қазір облыс әкімі Бейбіт Исабаев шалғайдағы ауылдардың тамырына қан жүгірту үшін түрлі нысандар салып жатыр. Бірнеше ауылдың жолы жаңарып, спорт, медицина нысандары ашылды. Алайда 300-ден астам үлкенді-кіші ауылы бар Жетісу облысының экономикалық күші барлық ауылды қамтуға жетпейді. Қозыбаев ауылы кезегін күтеді. Мүмкін келесі жылы, мүмкін одан арғы жылы, әйтеуір бір күні интернет келетіні анық. Ауылға кіреберіс жолда жасалатынының әкімдік тарапынан естідік. Халыққа шыдам берсін дейміз.

Өзгелердің жаңалығы