Жетісуда интернет желісіне кіру мүмкіндігі жоқ 20 ауыл бар

19 Қыркүйек 2023, 13:01
1296
Бөлісу:
Жетісуда интернет желісіне кіру мүмкіндігі жоқ 20 ауыл бар
Фото: автордан

Жетісуда 27 мектеп интернет жылдамдығы тым баяу. Яки, ауылдағы мұғалімдер kundelik.kz-ке кіріп баға қою үшін, компьютердің алдында күні бойы отырады. Тіпті, кейбір елді мекенде мектептен өзге жерлерде интернет мүлде ұстамайды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Интернетсіз мұғалім қайтіп күн көрмек

Жалпы әлем бойынша мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бір жыл ішінде 28,54 Мбит/с-тан 33,43 Мбит/с-қа дейін өскен екен. Ал соңғы мәліметтерге сүйенсек, біздің ел орташа алғанда секундына 34,06 мб жылдамдықпен 200 елдің ішінде 68-орында тұр. Енді қараңыз, Жетісуда интернет жылдамдығы 4 Мбит/сек-тен 8 Мбит/сек-ке дейін тартатын білім ошақтары бар. Осы сәтте менің телефоным «Теле2» операторы интернет жылдамдығы 20,7 Мбит/сек ұстап тұр. Оның өзі Kundelik.kz сәл бөгеліп кіреді. Демек, Жетісу өңіріндегі шалғай ауылдардың жайы тіпті қиын. Бізге хабарласқан мұғалімдер мектептегі Wi-Fi роутерге «Wi-Fi сигналын күшейтуші жабдық» жалғап, тіпті ұялы телефонмен бір-біріне таратып жан бағатынын жеткізді.

Алакөл ауданына қарасты Қоңыр орта мектебінде интернет желісі әлсіз. Біз мектепте «Репитор – усилитель связи» орналастырдық. Интернет смартфондар арқылы таратылады. Ауылда интернет антеннасы орнатылған, бірақ жақын маңайда орналасқан үйлерде интернет желісі жақсы да, алыстап кетсе Н, Н+ ұстап тұрады. Мұғалімдердің жұмысы интернет арқылы істелетіндіктен, оларға өте қиын, - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Арсен Омаров.

Осы ретте айта кетейікші, біз біраз мектепке хабарласқан едік. Көп мұғалім жұмысымызға кедергі келеді деп ат-тонын алып қашты. Онысы түсінікті, ашып айтса, Білім басқармасы мектеп директорының «құлағын бұрауы» мүмкін.

Өңірлік білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов жаңа оқу жылы басталмай тұрып өз баяндамасында былайша мәлімдеген еді.

Ауылдық жерлердегі мектеп ғимараттарының материалдық инфрақұрылымы қалалық білім алушылармен салыстырғанда ауылдық білім алушылардың мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Барлық мектеп интернет желісіне 100 пайыз қосылған. Алайда 50 Мбит/сек-тен 100 Мбит/сек-ке дейін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген - 221 мектеп (65 пайыз) 10 Мбит/сек-тен 40 Мбит/сек-ке дейін-91 мектеп (27 пайыз) және 4 Мбит/сек-тен 8 Мбит/сек-ке дейін-27 мектеп 8 пайыз. 27 ауылдық мектепте (9 435 оқушы) интернет желісінің жылдамдығы 8 МБит/с. Кең жолақты Интернеттің болмауына байланысты ауыл мектептерінің білім алушыларының цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділігін шектейді, - деді ол.

Бұл жерде айтылған есептердің көбі тексеруді қажет етеді. Себебі, мұндай аз жылдамдықпен интернетке кіріп отырған мектептердің саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі, Жетісуда аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдар өте көп. Былтыр Көкжар ауылының мұғалімдері көрші ауылға барып интернет торитынын айтқан еді. Ал мектебі баяғы тоқал тамдар секілді.

Таудың етегінде орналасқан ауыл-аймақтарға интернет антенналарын орнатқанымен, оның радусы 3-4, тіпті 5-6 шақырымға ғана жетуі мүмкін. Тіпті одан да аз болуы ғажап емес. Мәселен Ынтымақ ауылына интернет мұнарасын орнатылды делік. Оның қуаты қай жерге дейін еркін жетеді интернет сол маңға дейін ұстайды. Оны орнату оңай шаруа емес, кабель тартып апару қажет. Ары қарай сымсыз байланыспен жібереді. Төбелер, таулар, үлкен ғимараттардан сигнал өтпейді. Сондықтан интернет нашар ұстайды, - дейді инженер Шалбай Мәуленұлы.

Оның айтуынша, шалғай ауылдарға кабель тартып апару үлкен жұмыс. Көп қаражатты қажет етеді.

Мектептегі желіні қамту аймағын жақсарту үшін бүкіл ғимаратта жергілікті желіні жүргізу керек. Оптикалық талшық немесе радиореле технологиясы бойынша Интернет желісіне қосу керек. Алдын ала есептеулер бойынша жергілікті желіні жүргізу құны 278 млн теңгені құрайды, - деген еді басқарма басшысы Марат Сүлейменов өз баяндамасында.

Мұнарасы жоқ мобильді байланыс

Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Абай ауылы да осындай қиындыққа тап болып отыр. Бұл биыл ғана көтерілген жағдай емес, осыған дейін талай мәрте айтылып, шешімін таппаған түйткіл. Баласының қамын ойлаған ауыл тұрғыны Алма Есболғанова ата-аналар атынан аудан әкіміне хат жолдаған. Онда ауылдың басты проблемасы-  интернет және мобильді байланыс екенін айтқан.

Мен Абай ауылының тұрғынымын. Ескелді ауданына қарасты Абай ауылы Карабұлақ кентінен 5 км қашықтықта орналасқан. Біздің ауылдың басты проблемасы - интернет және мобильді байланыс. 2022 жылы ауылға әкімдік қаражатынан 50 дана Транстелеком интернет Wi-Fi желісін 50 ғана тұрғын үйге тегін қойып берді, басқа тұрғын үйлерге жетпеді. Қазір Транстелекомнан өз еркімен интернет орналастыру әр тұрғын үйге ақылы 50 000 теңгені құрайды, ауыл адамдарының мүмкіндігі шектеулі. Жақын орналасқан ауылдарда интернетпен ешқандай мәселе жоқ, нақты біздің ауылда қашаннан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Сол себептен Сізден сұрайтыным, өз тарапыныздан Абай ауылына Транстелеком Wi-Fi желісіне қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруынызды сұраймын, - деді ауыл тұрғыны.

Бұл хатқа көп ұзамай әкімдік тарапынан арнайы жауап та келген.

Мобильді байланыс жүйесі бойынша әкімшілік тарапынан, Tele2 және «Кар-Тел» ЖШС-на (яғни Beeline) байланыс жүйесінің мұнарасын ортану туралы хат жолданып, мұнара қойылатын орын белгіленді. Қазір байланыс жүйесі Республикалық деңгейдегі мәселе болғандықтан, мемлекеттен қаражат бөлінуіне байланысты «Кар-Тел» ЖШС-да қарастырылуда. Сонымен қатар ауыл тұрғындары жылдамдығы 20 мБт сымсыз интернет желісін пайдалануда, қосылудың біржолғы төлемі 50 мың теңгені құрайды. Осыған орай, өз тарапымыздан «Транстелеком» АҚ-сына хабарласып, ауыл тұрғындарына интернет қосуға біржолғы төлемін азайтуға немесе басқа да жеңілдіктер сұрастырылған болатын, айтуы бойынша жеңілдік ретінде біржолғы төлемді бөліп төлеуге, яғни: бірінші ай 20000 теңге, ары қарай екі ай 15000 теңгеден бөліп төлеу болатындығы айтылды. Жылдамдығы 20 МБт сымсыз интернет желісінің ай сайынғы тарифтік жоспарының ақысы 4000 теңгені құрайды. Егер де, аталған желіге қосылғыңыз келсе «Транстелеком» АҚ-сына жолығып, өтінім қабылдауларыңызға болады, - деді аппарат басшысы Б.Дүйсебаев.

Бірақ, бұл жауапқа ата-аналар қанағаттанбай отыр. Талай жылдан бері интернетсіз әбден қиналған ауыл тұрғындары құрғақ уәде деуде. Оның үстіне 50 мыңдық біржолғы төлем қалтаға үлкен салмақ. Қазір оның бағасы да қымбаттап кеткен.

Интернет желісіне кіру мүмкіндігі жоқ 20 ауыл бар

Бүгінгі таңда облыста 352 ауылдық елді мекендердің 332 АЕМ (94,3%) интернет желісіне түрлі технологиялар бойынша қол жеткізе алады. Интернет желісіне кіру мүмкіндігі жоқ – 20 ауылдық елді мекен бар. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі іске асырған «талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» Жобасы бойынша Жетісу облысында ТОБЖ жоспарға сәйкес 93 ауылға (242 ұйым) жеткізілді.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, қолданыстағы «талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын кеңейту шеңберінде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бұрын ТОБЖ жобасына кірмеген 171 АЕМ бойынша ақпарат, сондай-ақ аз қоныстанған ауылдық елді мекендерге дейін спутниктік арналарды ұйымдастыру үшін 33 АЕМ бойынша ақпарат жіберілді.

Қазір мобильді интернетке 352-ден 287 АЕМ (81,5%) қол жеткізе алады. Қол жетімді емес – 65. 135 ауылдық елді мекен (38,4%) – 4G-ге қол жеткізе алады. 287 АЕМ (81,5%) – 3G-ге қол жеткізе алады. Сондай-ақ «250+» жобасы аясында Жетісу облысында мобильді интернет 43 АЕМ-ге жеткізілді. 50+ жобасы бойынша облыстың 17 АЕМ-де 2025 жылға дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның еншілес компаниясы «ВОСТОКТЕЛЕКОМ» ЖШС-мен интернет жүргізу жоспарлануда. 12 АЕМ-де мобильді желілер сигналының сапасын және Интернетке кіру жылдамдығын өлшеу 2023 жылға жоспарланған, - дейді аталған басқарма қызметіндегілер.

Бүгінде ЦДИАӨМ-мен бірлесіп Жетісу облысының елді мекендерінің интернет желісіне сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жол картасы әзірленуде. Қазіргі уақытта жол картасы мобильді операторлармен келісу деңгейінде. Сондай-ақ бүгінгі күні мобильді операторлармен бірлесіп, республикалық және негізгі облыстық автожолдарды сапалы ұялы және интернет байланысымен қамту үшін қажетті антенна-мачталық құрылыстардың санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2023 жылғы 16 қаңтарда облыс тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша проблемалық мәселелерді шешу мақсатында Цифрлық технологиялар басқармасы мен «Қайнар-Медиа» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы меморандум шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары интернетті өтеусіз негізде қосуға, сондай-ақ ай сайынғы тарифтерге жеңілдіктер алуға мүмкіндік алуы ынтымақтастық бағыттарының бірі болып табылады. Сондай-ақ биылғы жылдың 24 тамызында байланыс сапасын және интернет желісіне қолжетімділікті арттыру мақсатында Жетісу облысының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы меморандум шеңберінде ынтымақтастық бағыттарының бірі - базалық станциялар санын кезең-кезеңімен ұлғайта отырып, 2023 жылдың соңына дейін Талдықорған қаласының аумағында 5G желісін іске қосу жұмысының басталуы, - дейді жауапты мамандар.

Иә, басқарманың сөзіне сүйенсек, бәрі жөнге келеді, жұмыс та жүріп жатқан сыңайлы. Ал ауылға барсаңыз интернет жоқ, құдды байырғы заманға қайта түскендей күй кешесіз.

Өзгелердің жаңалығы