Жетісуда идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды қайта атау жөніндегі 2022−2025 жылдарға арналған жол картасының аясында жүзге жуық ономастикалық атау алмастырылады, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген 3 елді мекен, 20 құрамдас бөлік; 2024 жылы – 3 елді мекен, 25 құрамдас бөлік; 2025 жылы – 4 елді мекен, 27 құрамдас бөліктің атауын өзгерту көзделіп отыр.
Жетісу облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ермек Ақшолақовтың айтуынша, облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына жүргізілген мониторинг бойынша құжат айналымы 2023 жылдың І тоқсанында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші жүз пайызға жақын. Демек, жетісулық мемлекеттік қызметкерлер ана тілімізді жетік біледі деген сөз.
Жетісу облысының құрылуына байланысты мемлекеттік тілді еркін меңгерген халықтың үлесін бүгінгі жағдайға қарай өңірдегі халықтың тілді меңгеру деңгейлерін ескере отырып қайта қаралатын болады. Сонымен қатар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасына бүгінгі күні өзгерістер енгізілуде. Қазіргі уақытта жетілдірілген латынграфикалы әліпбиге өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты нысаналы индикатор 2023 жылдың екіншіжартыжылдығынан бастап жүзеге асырылатын болады, - дейді Ермек Ақшолақов.
Алдағы уақытта Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» республикалық-практикалық орталығы өкілдерімен, ғалымдармен бірлесе жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін арттыру мақсатында латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің емле ережесін түсіндіру, оқыту курсын ашу, семинар-тренингтер ұйымдастыру, мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйымдарда кездесулер, түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаралары жүзеге асырылатын болады.
Көрнекі ақпарат бойынша кәсіпкерлік нысандарында тіл туралы заңнама талаптарының орындалуына мониторинг жүргізілді.Тілдік негізде кемсітушілікті болдырмау және тұтынушылардың тіл таңдау құқықтарын шектеуге жол бермеу мақсатында тіл саласына жауапты мамандардың және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті тәлімгерлерінің қатысуымен кәсіпкерлерге тіл туралы заңнама талаптарының нормалары түсіндірілді. Нысан атауларын, маңдайшалар, баға белгілері, мәзірлер, жарнама, хабарландырулар, тағы басқа көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде дұрыс орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілді, - дейді Ермек Ақшолқов.
Оның айтуынша, тілдік негізде кемсітушілікті болдырмау және көрнекі ақпараттардың заңға сәйкес рәсімделуін қадағалау мақсатында аудан, қала әкімдіктеріндегі тілге жауапты мамандардың қатысуымен 2023 жылдың 18-24 қаңтары аралығында жергілікті жерлерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының талаптарының сақталуына мониторинг жұмыстары жүргізілген.
Мониторингпен Ақсу, Алакөл, Ескелді, Сарқан, Көксу, Панфилов аудандары және Талдықорған, Текелі қалаларында орналасқан 44 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары қамтылыпты. Шара барысында 20-дан астам нысаннан қате рәсімделген ақпараттар анықталып, нысан иелеріне көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде дұрыс орналастыру бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Оның ішінде 10 нысанның әкімшілері қате рәсімделген көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заң талаптарына сәйкес реттеген. Қалған нысан иелеріне көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қаталерді заң талаптарына сай түзету үшін белгілі мерзімге уақыт беріліпті.