Жетісуда дирижерлер мен вокалистер байқауы өтеді

27 Сәуір 2023, 13:50
1035
Бөлісу:
Жетісуда дирижерлер мен вокалистер байқауы өтеді
Фото: Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан

Жетісу топырағынан алғаш шыққан кәсіби классик композитор Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына орай Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер мен «Кестелі орамал» вокалистер байқауы өтеді, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Аталған байқаудың мақсаты – дирижерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, шығармашылық тәжірибе алмасу, аталған салада жаңа есімдерді анықтау. Сондай-ақ қазақ музыкасын жаңа шығармалармен толықтырып, қазақ халқының ән, күй туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

М.Төлебаев алуан жанрда еңбек етіп, фортепиано мен скрипкаға арналған пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі формадағы шығармалар, өзіндік музыкалық тілі бар ән-романстар, опералар, сондай-ақ драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазған. Сондықтан оның мұрасы қай қырынан қарасақ та ел үшін рухани азық.

Ән өнерін дамытып, жас талант иелерін іздеуге басым бағыт ьеріп отырмыз. Жастар арасында әншілік өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашпақ ниеттеміз. Композитордың халқымыздың асыл қазынасына айналған әндерін жаңғыртып, жастар арасында насихаттау, өнер сүйер қауымға кеңінен таныстырамыз.. Байқаудың 1 кезеңі онлайн түрінде 14 сәуірде өтті. Әр қатысушы орындайтын шығармаларын жанды дауыспен өңдеусіз (обработкасыз) жазып, видеоға түсіріп, жіберді, - дейді Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева.

Иә, «Өнерін сүйген, өнерпазын әспеттеген елдің қашанда мәртебесі жоғары», дегендей, ұлттық өнеріміз бен әлемдік музыка саласының қайнар бұлағына айналып үлгерген ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың музыка саласындағы мұра етіп қалдырған ұлағатты жолын тағы бір мәрте саралау артық етпес. Халқымыз «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» дейді. Шығармашылық жастарды адамгершілік рухта тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келе жатқан Мұқан мұрасы қашанда асқақ.

Республика көлемінде байқау 4 рет өткізілсе, биылғы 6-шы байқау осымен 2-ші рет Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр.

Ән додасына алыс-жақын елдерден, еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардан кәсіби дирижерлар мен жас әншілер қатысады.

VІ-ші Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер, «Кестелі орамал» вокалистер байқауына төрелік жасайтын кәсіби өнер майталмандары, белгілі өнер және қоғам қайраткерлері болмақ.

Халықаралық байқауға 36 воколист, 18 дирижер бақ сынамақ.

Өзгелердің жаңалығы