Жетісуда дәрігер тапшылығы білінуде

4 Тамыз 2024, 18:46
373
Бөлісу:
Жетісуда дәрігер тапшылығы білінуде
Фото: автордан

Облыс медицина саласында білікті мамандарға әлі де зәру. Кадр тапшылығын жою мақсатында 47 резидент оқыту жоспарланған. Сырттан келген 6 маманға біржолғы төлем де берілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Медициналық гранттар қажет

Медицина саласындағы маман тапшылығын бұрынырақта айтқанбыз. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл мәселенің алдын алу үшін сырттан білікті мамандарды тарту іс-шараларын қолға алуды тапсырған. Яки, Талдықорғанды шалғай деп түсінген жастарға барынша жағдай жасап, өңірде сақтап қалудың жолын іздеген. Тіпті пәтермен қамтып, облыстық бюджеттен миллиондаған қаржы берген-ді. Ал кейбір мекемелер оқуды жаңадан бітіріп келген жас мамандарға бірден үлкен қызмет ұсынып, кадр тапшылығын жылдам арада шешуге тырысқаны белгілі. Әлі де тәжірибесіз толыспаған жас дәрігерлер осылайша үлкен қызметке келген еді. Бұл да өңір тұрғындары үшін үлкен жаңалық болған. Былтыр, 400-ге жуық медицина маманының орны бос тұрған, оған қоса 226 орта медицина қызметкері қажет екені де айтылған. Облыс орталығында 100-ге тарта бос жұмыс орны бар екені белгілі болған. Биыл сала мамандарының айтуынша, әлі де тапшылық болғанымен, былтырғыдай көп емес.

Ауылдық жерлерде заманауи блокті модулді ауруханалар салынып жатыр. Ішінде отырған мамандардың көбі бас ауруы мен қанқысымды ғана тексере алады. Көбі жәй ғана медбике, аға медбикелер де бар. Ал терапевт, педиатр деген атымен жоқ. Қазір балалар көбіне түрлі инфекциялар жұқтырып алады. Ал енді инфекционисті ауыл тұрмақ, аудан орталығынан таба алмайсыз. Қалаға барсаңыз кезек күтуге тура келеді. Ақылы емханаларғада бағасы удай. Оған бәріміздің бірдей шамамыз жетпейді. Алдымен осыны ойлау қажет. Ауылдық емханаларға жас білікті мамандарды тарту керек. Әйтпесе зәулім ғимараттын қажетіне не?, дейді Сарқан ауданының тұрғыны Әсем Тауасарова.

Былтыр өңір әкімі 44 маманға үстемеақы төлеп, жалдамалы пәтер беріп осында қызмет етуге ұсыныс тастаған. Олар қазір облыста еңбек етіп жатыр. Өткен жылы эксминистр Ажар Ғинаят келгенде өңірдегі аса қажет мамандарға арнап 64 грант бөлінгенін айтқан еді. Осы мәселенің алдын алу үшін аталған министрлік «Резиденттер ауылға және моноқалаларға» жобасын іске асыруа. Жобаға 377 резидент қатысып, 241 клиникалық тәлімгерді тарта отырып, 156 клиникалық база жұмылдырылған. Ең маңңыздысы бірегей бағдарлама болашақ дәрігерлердің ауылдық денсаулық сақтау саласындағы жұмысына серпін береді.

Алдыңғы жылы өңірлік медицина мекемелеріне 100-ге тарта дәрігер келді. Оның 35 пайызы ауылдық жерлерге жолдама алды. Оларды бекіту үшін ауылда сараланған еңбекақы төлеу және тұрғын үй беру түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 1 500 айлық есептік көрсеткіште баспана салуға болмаса сол қаржыға сатып алуға бюджеттік несие берілді. Былтыр 60-қа тарта түлекке осындай қары бөлінген.

Медициналық ұйымдарда кадр тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2024-2025 оқу жылына 47 резидент оқыту жоспарланған. 2024 жылы облысқа медициналық кадрларды тарту үшін, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі айқындалды. Ауылдық денсаулық сақтау саласына келген мамандарға біржолғы төлем – 10,0 млн.теңгені, қалалық денсаулық сақтау мекемелеріне келген мамандарға – 5,0 млн. теңгені құрайды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров.

Оның айтуынша, биылғы соңғы жартыжылдықтағы жағдай бойынша комиссия шешімімен облыстың медициналық ұйымдарының 6 дәрігеріне біржолғы жәрдемақы берілген. Оның ішінде 10 млн. теңге мөлшерінде 2 ауылдық жерде жұмыс істейтін дәрігерлерге және 4 қалалық жерде жұмыс істейтін дәрігерлерге 5 млн. теңгеден бөлінген.

Қараңыз, өткен жылы маман тапшылығын шешу жолында жауапты ведомства мемлекеттік білім беру тапсырысының аясында облыстың қажеттілігіне сай 64 грант тапсырған. Қандай мамандар екенін нақтылап өтсек, 1 – хирургке, 2 – отбасылық медицина мамандарына, 7 – травматологке, 7 – акушер-гинекологке, 3 – терапевке, 3 – педиатрға, 1 – инфекциониске, 6 – анестезиологтер-реаниматологке грант қарастырған екен. Биыл да бұл гранттардың қажеттілігі білінуде.

Скринингпен халықтың 60 пайызы ғана қамтылған

Жалпы өңірде 354 денсаулық сақтау мекемесі бар, оның ішінде 307 мемлекеттік, 47 жекеменшік мекемелер саналады. Осы жылы облыста 3 үздік тәжірибе орталықтары ашылған. Атап айтсақ, Талдықорған қалалық емханасы, Ескелді аудандық орталық ауруханасы және Көксу аудандық орталық ауруханасы. Үздік тәжірибелер орталықтарының жұмысының негізі – отбасыны әлеуметтік бағалаудың көпсалалы командалық форматы болып табылады. Оның ішінде баланың даму қажеттіліктері, баланың әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне жәрдемдесу, отбасылық факторлар және қоршаған орта, ата-ана қамқорлығының сапасын бақылау және пациенттерді тексеру және қолдау қызметі бар.

Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізу мақсатында 2024 жылға арналған жоспарды бекітті. Скринингтен жалпы саны 117 350 адамды өткізу жоспарланып отыр. 2024 жылғы 1 жартыжылдық қорытындысы бойынша халықты қамту – 60,3%, яки 70 817 адам, оның ішінде анықталған науқастар пайызы – 11,8%, бұл – 8 389 адам құрады. Осы мақсатта шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындарын профилактикалық скринингтік тексеруден өткізу үшін барлық аудандар жылжымалы медициналық кешендермен, яғни 5 автобус, 3 КамАЗбен қамтамасыз етілген. Биыл облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 28 бірлік медициналық техника сатып алынды, - дейді А.Жансеңгіров

Бүгінде «СК-Фармация» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторы арқылы құны 20,0 млн. теңгеден асатын медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу шеңберінде ЕФИС порталына өтінім беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2024 жылға 7 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 4 объект республикалық бюджет есебінен салынады.

Ауыспалы объектілерді ескере отырып, 27 БМК орнату жоспарлануда. БМК орнату үшін 9 нысан бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Олар Ақсу ауданына қарасты – Құрақсу, Қопа, Еңбек ауылдары. Қаратал ауданына қарасты – Кишитөбе, Сарыбұлақ ауылдары. Көксу ауданына қарасты – 45-ӨСБ, Кенерал ауылы. Панфилов ауданына қарасты – Қызылжиде ауылы, Керімағаш. Одан бөлек 8 объект бойынша блоктық модульдік конструкцияны орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Алакөл ауданындағы - Бибақан ауылына. Ескелді ауданындағы – Ақешкі, Екпенді ауылдарына. Кербұлақ ауданындағы – Қызылкөл, Тастыбастау ауылдарына, Сарқан ауданындағы – Абай, Аманбөктер ауылдарына және Текелі қаласына, - дейді басқарма басшысы.

Бүгінде 6 нысанда БМК орнату жұмыстары аяқталды. Алакөл ауданына қарасты Қоңыр, Арқарлы ауылдары, Ескелді ауданына қарасты Жаңалық ауылы, Кербұлақ ауданына қарасты Онжас, Көксай ауылы елді мекендері және Сарқан ауданындағы Черкаск ауылы заманауи ем-дом ала алады. Осы жылы жергілікті бюджет қаражатынан 5 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Олар Сарқан ОАА жұқпалы аурулар бөлімшесі; Қаратал ОАА маңындағы абаттандыру және кір жуатын орын ғимараты; Панфилов ОАА күндізгі бөлімшесі; Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылы; Қаратал ОАА блогы. Барлық нысандар бойынша мердігерлік ұйым анықталып, шарттар жасалған. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2024 жылы 8 ауданда 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салу жоспарланған. Анықтама: Ақсу ауданы - 4, Алакөл ауданы - 9, Ескелді ауданы - 5, Қаратал ауданы - 6, Кербұлақ ауданы - 17, Көксу ауданы - 4, Панфилов ауданы - 11, Сарқан ауданы - 3. Барлық 59 денсаулық сақтау нысанын салуға жер-кадастрлық жоспарлар дайындалды.Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту нәтижесінде облыстық клиникалар деңгейінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер енгізілуде, - дейді А.Жансеңгіров.

Жетісуға шет елден келіп емделеді

Мәселен, облыстық көпсалалы клиникада - мидың қатерлі ісіктерінде, өкпе, бауыр, ұйқы безі, бүйрек ісіктерінде аймақтық артерия-ішілік химиотерапия сияқты емдеу түрлері жүргізіледі. Бүгінгі күні емдеудің бұл түрлері тек онкологиялық институттар деңгейінде жасалады. Қараңыз, облыстың онкологиялық орталығына шет елдерден науқастар жүгінуде. Нақтылап айтсақ,

Ресей Федерациясының 4 азаматы және Өзбекстанның 1 азаматы келіп ем алған. Өзге де өңірден келіп емделушілер саны артып келеді.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында есту қабілетін жақсарту операциялары (барлық түрдегі тимпанопластика), есту сүйектерін протездеу, мұрын қуысында эндоскопиялық операциялар және сыртқы тіліктерсіз параназальды синустар сияқты операциялар жүргізілуде. Облыстық кардиологиялық орталық базасында облыста алғаш рет жаңа технологиялар енгізілуде: «Аорталық қақпақшаны эндоваскулярлық ауыстыру», «Жүрек аневризмасын кесу», «Қолқа/митральды қақпақшаны алмастырусыз ашық вальвулопластика», «Қос ішкі маммар-коронарлық шунттау». Сонымен қатар, кардиовертер-дефибриллятор функциясы бар үш камералы электрокардиостимуляторды имплантациялау сияқты күрделі құрылғыларды орнату мүмкіндігі пайда болды,- дейді Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Асқар Марат.

Сондай-ақ, жақын және Германия, Франция, Ресейдің үздік клиникалары базасында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың нәтижесінде облыстың кардиохирургтары мен онкологтары бірлескен күрделі операцияларды жүргізе бастады. Хирургиялық емдеудің мұндай түрлерінің бірегейлігі - бір пациентке бір уақытта бірнеше органдарда операциялар жасалады.

Айта кетейік, соңғы алты айда алғашқы медициналық-санитариялық қызметтің 20 маманы біліктілікті арттыру мақсатында «Жалпы дәрігерлік практикадағы асқазан-ішек жолдары мен гепатобилиарлық жүйенің аурулары», «Балалар жасындағы ауруларды интеграцияланған қарау», «Амбулаториялық практикадағы ішкі аурулар», «Жалпы практика дәрігерінің қызметіндегі жедел шұғыл көмек» тақырыптары бойынша оқытудан өткен. Одан бөлек көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту және тәжірибе алмасу мақсатында облыс мамандары шетелдік клиникаларда тәжірибе алмасуда. Германияның Дюссельдорф қаласындағы клиникаға төрт маман 2 хирург, 2 невропатолог, 4 акушер-гинеколог маманы Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына оқуға жіберілген.

Тағы бір айта кететін жайат, өңірді цифрландыру бойынша облыстық, аудандық және қалалық ауруханалар деңгейінде интернет желісіне жүз пайыз қолжетімділік қамтамасыз етілген. Мәселен аудандық деңгейден төмен – 96%. Компьютерлермен қамтамасыз ету жүз пайыз құрайды. Қағазсыз құжат айналымы 28 медициналық ұйымда енгізілген. 223 нысан электрондық форматқа ауыстырылып, электрондық денсаулық паспорттарымен қамту 655,9 мың адамды құрап отыр.

Ауылдық жерлерге емхана салған жақсы, тек сол жерде отыратын жақсы маман табылса нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде көбі ауылға барғысы келмейді, ақшаменде қызықтыра алмайсыз. Сондықтан жас мамандарға ауылдық жерде істеуді міндеттейтн арнайы заң керек секілді. Әйтпесе халық қалаға сабылып, әбден қалжырады. Оысын ескерген жөн, - дейді қоғам белсендісі Асқат Жебегенов.

Өкінішке қарай, қазір обылста бюджеттің көлемі бұрынғыдай көп емес. Аграрлы өңір болғандықтан медицина саласы екінші планда қалып келеді. Дегенмен облыс басшысы аталған салаға инвестиция құюға бейіл азаматтармен тілтабысуда. Жақында облыста тұңғыш рет онкологиялық орталық ірге жаяды. Бұл өңірдің медицина саласына үлкен көмек болғалы тұр. Ал кордиологиялық орталықтың ашылуы кейінге қалуда. Қазір осы салаға жаңа нысан іздестіріліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы