Жетісуда балалар арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Себебі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің барлық өңірінде Ювеналдық полиция бөлімшелері мен білім беру ұйымдары бірлесе отырып 475 рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе мейрам және демалыс күндері бақылау күшейтіліп, барлық тұрғындар чаттарына ескерту хабарламалары жолданып отыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2505 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға артық көрсеткіш. Ең көп таралған құқық бұзушылықтың бірі – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жүруі. Мұндай 2060 жағдай тіркеліп, олармен бірге жүрген ересек азаматтар ҚР ӘҚБтК 442-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды” - дейді облыстық ПД жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы Қайсар Мұхметов.
Оның айтуынша, балалар қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстардың маңызды бір бағыты – ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. Өткен жылдың 16 маусымынан бастап Әкімшілік кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген заңды өкілдерге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қауіпсіздік шараларының ішінде терезеден құлау деректерінің алдын алу өзекті болып отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көбінесе 2–7 жас аралығындағы балалар арасында кездеседі. Бұл – олардың қауіп-қатерді жете түсінбейтін жас кезеңі. Сондықтан бұл жерде басты жауапкершілік – ата-ананың мойнында.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп, үйлер мен ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ювеналдық полиция инспекторлары мектептердегі ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың терезеден құлау қаупі туралы, сонымен қатар заң бойынша қарастырылған жауапкершілік туралы ақпарат береді. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, ескерту хабарламалары чаттар арқылы таратылып отырады, - дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков.
Нәтижесінде, осы жылы балалардың терезеден құлау дерегі тіркелмеген. Қазіргі таңда жаз мезгілінің басталуына байланысты суға түсу кезеңі де назарға алынып, осы бағытта да жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Баланың амандығы – қоғамның амандығы. Сондықтан әрбір ата-ана мен әрбір азамат ортақ жауапкершілікті сезініп, балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.
6 бала терезеден құлаған
Былтыр елімізде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп, алаңдатарлық жағдай қалыптасты. Республика бойынша бір жыл ішінде осындай 223 оқиға тіркеліп, өкінішке қарай, 25 бала көз жұмды. Тағы 198 бала ауыр, түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Бұл – ата-аналар мен бүкіл қоғам үшін өте үлкен дабыл. Әсіресе 2–7 жас аралығындағы балалар қауіп-қатерді жете түсінбейтіндіктен, мұндай оқиғалар жиі тіркеледі. Баланың қауіпсіздігіне бейжай қараудың салдары орны толмас өкінішке әкелері сөзсіз.
Біздің облысымызда да өткен жылы балалардың терезеден құлауының 6 жағдайы тіркелді. Қуантары – бұл оқиғаларда адам өлімі болған жоқ. Алайда бұл көрсеткіш те қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейту қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Сондықтан полиция мен білім беру ұйымдары, ата-аналар бірлесе отырып балалардың қауіпсіз ортада өсуіне барынша күш салуы тиіс. Алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу, терезелерге қорғаныш тор орнату, балаларды қараусыз қалдырмау – әр отбасының басты міндетіне айналуы қажет, - дейді Ринат Тазабеков.
Статистика көрсетіп отырғандай, балалардың терезеден құлау оқиғалары көбіне көктем мен жаз мезгілдерінде тіркеледі. Ауа райы жылып, терезелер жиі ашылатын кезеңде қауіп те арта түседі. Әсіресе 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер биіктен қорқу, қауіп-қатерді сезіну дағдысын толық меңгермегендіктен, мұндай қайғылы жағдайларға жиі ұшырайды.
Алайда бұл – алдын алуға болатын, тұрмыста жиі кездесетін жазатайым оқиғалардың бірі. Өкінішке қарай, қарапайым сақтық шараларын ескермеу, балаларды қараусыз қалдыру, ашық терезелерде қауіпсіздік құрылғыларының болмауы, терезе маңындағы жиһаздардың орналасуы, москит торларына артық сенім артудың салдары – орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, кейде кішкентай балаларға үлкендердің қарауын тапсырып қою да қауіптің алдын ала алмайды.
Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, ПИК және МИБ төрағаларымен бірлесе отырып, көпқабатты тұрғын үйлерде түсіндіру және техникалық қауіпсіздік шараларын енгізу бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, терезелерге арнайы құлыптар орнату, терезе конструкцияларын жоғарыдан ашылатындай етіп жобалау секілді шаралар ұсынылуда.
2024 жылдың басынан бері облыс көлемінде көрнекі жерлерге 10 билборд орнатылып, 52 көпқабатты үйде профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар 587 пәтерді қамтыды, 750-ден астам жадынама парақшалары таратылды. Ал өткен жылы 602 үйде 8775 пәтер қамтылып, 11 мыңнан астам жадынама мен брошюралар таратылған. Сонымен қатар, ата-аналарға бағытталған түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да жүргізіліп келеді. Бейнероликтер мен ескертпе парақшалар WhatsApp топтарына жіберіліп, әр ата-ананың санасына сақтық пен жауапкершілік ұғымын орнықтыру көзделуде, - дейді Қ.Мұхметов.
Бала қауіпсіздігі – тек құқық қорғау немесе құтқару қызметтерінің ғана емес, әр отбасының, әр ата-ананың күнделікті өмірінің басты қағидасына айналуы тиіс. Себебі бір сәттік немқұрайлылық – өмір бойғы өкінішке ұласуы мүмкін.
Жанұя орталығының маңызы бар ма?
Қоғам арасындағы әлеуметтік теңсіздікті сақтау мақсатында әрі балалар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау үшін құрылған "Жанұя" отбасын қолдау орталығы: халыққа қызметтің жүйелі үлгісі саналады. Мәселен, 2020–2023 жылдар аралығында "Жанұя" әлеуметтік орталығының қызметіне 7197 азамат жүгінді. Жыл сайын қызмет алушылар саны тұрақты деңгейде болды: 2020 жылы – 1627 адам, 2021 жылы – 1937 адам, 2022 жылы – 1850 адам, 2023 жылы – 1783 адам көмекке жүгінген. Орталықтың негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін және кешенді қолдау көрсету. Осы жылдар ішінде орталықтың психологтары 4090 адамға кәсіби көмек көрсетті, 48 тренинг барысында 2014 адам түрлі психологиялық және мотивациялық дәрістерге қатысқан.
Заңгерлік көмек те орталықтың басты бағыттарының бірі. 2875 көп балалы және аз қамтылған отбасы заңгер көмегіне жүгініп, 4123 азамат бір реттік кеңес алды. Сонымен қатар, 3184 ауызша құжат ұсынылып, оның ішінде 528 құқықтық құжат рәсімделді. Заңгерлер 114 жағдайда сот пен мемлекеттік органдарда азаматтардың мүддесін қорғап, өкілдік жүргізді. Өтініштердің басым бөлігі меншік құқығы, қорғаншылық, алимент, әлеуметтік қолдау сияқты мәселелерге қатысты болды, - дейді Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау ориалығының президенті Жанар Нұрмұханова.
Орталық жұмысының аясында 2651 азамат әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде: 1103 адам – әлеуметтік қолдау қызметтері бойынша, 99 – тұрғын үй мәселесі, 364 – денсаулық сақтау бойынша, 296 – білім беру бойынша, 136 – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар бойынша, 653 – өзге де бағыттар бойынша қолдау көрсетілген. Одан бөлек "Бір терезе" қағидаты бойынша кеңес беру қызметі де белсенді жүзеге асырылып келеді. Egov порталы арқылы 5124 азаматқа қызмет көрсетілген, оның ішінде: 2103 – ЭЦҚ ашу, 412 – тұрғылықты жер бойынша тіркеу, 1450 – атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу, 1159 – түрлі анықтамалар алу бойынша қызметтер көрсетілді.
2020–2022 жылдар аралығында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында орталықты материалдық-техникалық жабдықтауға 90 млн 150 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. 2024 жылдың мамыр айынан бастап «Жанұя» әлеуметтік орталығының атауы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы болып өзгертілді. Атауы өзгергенімен, орталықтың бағыт-бағдары мен қызметтері өзгеріссіз сақталып, халыққа сапалы әрі кешенді көмек көрсетуін жалғастыруда. Орталықтың қызметі – отбасы институтын нығайтуға, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған маңызды бастама ретінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді, - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мади Шакенов.
Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша конкурс кешіктірілуіне байланысты, тапсырыс беруші мен орталық арасындағы келісімшарт тек мамыр айында жасалды. Осыған орай, орталық толыққанды жұмысын тек жылдың екінші тоқсанынан бастап жүргізе алды. Аталған кезең ішінде орталыққа барлығы 695 азамат жүгініп, оларға 824 қызмет түрі көрсетілді. Қызмет алушылар келесі бағыттар бойынша кеңес алды: Психологқа – 198 адам, Логопедке – 57 адам, Заңгерге – 154 адам, Әлеуметтік қызметкерге – 112 адам, Басқа санаттағы мамандарға – 174 адам жүгінген.
Орталықтың басты қызметі – психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес түріндегі кешенді бағдарламалар арқылы аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау. Сонымен қатар, орталық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған келесі бағыттарда жұмыс жүргізеді: қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру, жұмысқа орналасуға бейімдеу, қаржылық сауаттылықты арттыру. Арнайы курстар арқылы аналарды оқыту – орталық жұмысының маңызды бағыты, - дейді Жанар Нұрмұханова.
Қала аумағындағы білікті педагог мамандардың қатысуымен өмірлік қиын жағдайдағы аналарға арналған келесі мамандықтар бойынша тегін курстар ұйымдастырылып, оқу соңында сертификаттар табысталады: "Кондитер" – 23 адам, "Компьютерлік сауаттылық" – 132 адам, "Шаштараз" – 42 адам, "Маникюр-педикюр" – 19 адам, "Массаж курсы" – 139 адам, "Аспаз" – 34 адам, "Визажист" – 20 адам. Барлығы орталық ашылғалы бері 409 ана кәсіби оқудан өтіп, сертификат иеленді.
Орталықтың бұл бастамалары аналарды еңбек нарығына бейімдеп, олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға, сондай-ақ отбасындағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.