Жетісу облысы Ескелді ауданында Наурыз мейрамы қарсаңында 60 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көппәтерлі жалгерлік үй кезекте тұрған жетім балаларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға, сондай-ақ апаттық үйде тұратын отбасы мен басқа да санаттағыларға берілді. Жалпы ауданда кезектегілер үшін тағы 60 пәтерлі үй салынып жатыр, оның құрылысы биыл жазда аяқталуы тиіс.
Қарабұлақ ауылындағы бұл жаңа үйде 30 үш бөлмелі, 15 бір және екі бөлмелі пәтер бар. Құрылыс жұмыстарын «Компания Строй Индустрия» ЖШС 2021 жылдың наурыз айында бастаған болатын. Толық дайын болған баспана бүгін қарабұлақтықтарды қуанышқа кенелтті.
Тұрғындарды құттықтаған аудан әкімі Елдос Ахметов Наурызды өз шаңырағында қарсы алудың символдық мәні зор екенін атап өтіп, алпыс отбасыға жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Жергілікті тұрғын, еңбек ардагері Роза Баймұханбетова да жаңа қоныстанушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Қазір Ескелді ауданында мемлекеттік тұрғын үй кезегінде мыңнан астам адам тіркелген, соның 60-ы салынып жатқан тағы бір көп пәтерлі тұрғын үйге тамыз айында кіреді деп жоспарланып отыр.
Жалпы Жетісу облысында биыл 2100-ден астам әлеуметтік әлжуаз отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Барлығы 322 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілуі тиіс.