Бұл соңғы 6 айда белгілі болған жағымсыз жайттар. Полиция қызметкерлері әсіресе егде жастағы адамдар айлекерлерге сеніп қалатынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр да осындай оқиғалар қайталанған еді. Әлеуметтік желіге байланған жұрт көбіне түрлі ойындарға қаржы салып, артынан бармақ тістеп қалады. Кейбірі арзан тауар алып беремін деп алдап, қажетті затын әкеп бермейді. Қазір өңірлік полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Келеңсіз оқиғалар күніге тіркеледі. Интернет-алаяқтарды құрықтау оңай емес, соның құрбанына айналған тұрғындар жоғалтқан қаржысын оңайлықпен қайтара алмайды. Біздің тараптан күнделікті профилактикалық жұмыстарға қарамастан тұрғындар алданып қалуда. Қоғам әлі де айлакерлердің қулықтарына щырмалып қалып жатыр. Мәселен қаңтар айының басынан бастап осы кезеңге дейін 200-ден астам жағдай тіркелді. Оның тең жартысы әлеуметтік желінің алаяқтарына алданып қалған, - дейді өңірлік полиция департаментінің ЖПҚБ бастығының орынбасары Аида Белгібаева.
Бүгінде айлакерлер күн сайын жаңа тәсіл ойлап тауып, тұрғындарды сан соқтырып кетеді. Жасанды интелект арқылы дауыстарын өзгертіп, банктен немесе туған-туыстарының атынан хабарласып ақша сұрайды. Оған қоса Уатсап, Телеграмм арқылы қажетті сомманы тауып беруді сұрайды. Оған да иланып қалатындар бар.
Аталған департамент қызметкерлері жетісулықтарды барынша қырағы болуға шақыруда. Алаяқтарды құрықтау оңай емес, ұсталғанның өзінде қаржыны қайтарып ала алмайды.
Сондықтан бөтен нөмірмен хабарласқан болса, нақты тексеріп алған жөн. Әсіресе зейнет жасына жақындаған өңір тұрғындарының абай болғаны маңызды.