Жетісуда 110 отбасы қоныс тойын тойлады

26 Қазан 2023, 08:55
685
Бөлісу:
Жетісуда 110 отбасы қоныс тойын тойлады
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Жетісу облысында кезекте тұрған 110 отбасы көптен күткен баспаналарына Республика күнінде қол жеткізді. Атап айтқанда, демеушінің қаржысына салынған көп қабатты үйдің жаңа пәтерлеріне талдықорғандық 60 отбасы ие болды. Ал Ақсу ауданында 50 пәтерлік үй пайдалануға берілді, оның құрылысына бюджеттен 855 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды BAQ. KZ.

Талдықорған қаласындағы демеуші компанияның қаражатына тұрғызылған 60 пәтерлі 5 қабатты жаңа үй «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Олардың қатарында толық емес және көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, тұрмысы ауыр отбасылар бар. Бұл үйде 30 үш бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтер бар.

Жаңа қоныс иелерін Республика күнімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл өңірде 2000-ға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болатынын, солардың бірқатары бүгін баспаналарына кіретінін атап өтті. Құрылыстың осындай қарқынын сақтай отырып, 3-4 жыл ішінде облыс орталығындағы кезекті 50%-ға қысқартуға болатынын айтты:

Соңғы жылдары Талдықорғанда пәтер мәселесі өзекті болды. Біз қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін тиісті шараларды қабылдадық. Өкінішке қарай мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үй кезегінде 15-20 жыл бойы тұру - тек біздің облыста ғана орын алып отырған жайт емес. Бұл – біздің кінәміз, ол үшін кешірім сұраймын. Енді электрондық кезекті енгізудің арқасында біз әділдік пен ашықтық қағидатын қатаң сақтай отырып, пәтер бөлудің ашықтығын қамтамасыз еттік. Бұл туралы Президент үнемі айтып келеді. Ал бүгін, мерекеде қабылданып жатқан шаралардың арқасында халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен талдықорғандық 60 отбасы демеуші компания мен қайырымдылық қордың қолдауымен қоныстой қуанышына кенеліп отыр. Жыл басында меценаттардың көмегімен бір 60 пәтерлі үйді қолданысқа бердік, бүгін тағы біреуін, екі аптадан кейін 60 пәтерлік тағы біреуін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, өмірлік қиын жағдайға тап болған халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрған 180 азамат көптен күткен баспаналарына демеушілердің қолдауының арқасында тегін қол жеткізді. Үйді салған демеуші компания – «Eurotranzit Terminal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдеріне алғысымды білдіремін. Баршаңызды Республика күнімен және қоныс тойларыңызбен тағы да құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! - деді Б. Исабаев.

Облыс басшысы жаңа үйдің жанында балалар алаңын орналастыруға арналған орын бар екені, оны келесі жылы салу жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті.

Атап өтсек, бүгін Ақсу ауданының тұрғындары да мерекелік қоныс тойын атап өтті. Кезекте тұрғандарға 50 пәтердің кілті берілді. Олардың арасында жетім балалар, көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек адамдар, апатты үйлерде тұратын отбасылар және т. б. бар.

Жансүгіров ауылындағы бұл жалгерлік көп пәтерлі үйді салуға бюджеттен 855 млн. 709 мың теңге бөлінген. Тұрғын үйдің құрылысын «Ритм Строй» ЖШС өткен жылдың маусым айынан бастап жүргізді.

Жыл басынан бері Жетісу облысында әр түрлі қаржыландыру көздері есебінен 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл ретте 1100-ге жуық отбасы, оның ішінде 145 көпбалалы және 158 аз қамтылған отбасы жаңа қонысқа ие болды.

Өзгелердің жаңалығы