Жетісу облысында жел электр стансасы іске қосылды

10 Ақпан 2023, 21:31
1330
Бөлісу:
Жетісу облысында жел электр стансасы іске қосылды
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сарқан ауданында қуаты 50 МВт «Абай-2» жел электр стансасының іске қосылуының салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аудандағы осы ірі инвестициялық жобаға 19 млрд-тан астам жеке қаржы инвестициясы тартылған. 

Жалпы биылғы жылы облыста жиынтық қуаты 23,5 МВт болатын тағы 3 ГЭС пайдалануға беріледі. Қазіргі кезде өңірде жаңартылған энергия көздерінің 14 нысаны бар, олардың жалпы қуаты – 160 МВт, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Лепсі ауылдық округіндегі жел электр стансысының кезең-кезеңімен жүргізілген құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған еді. Әсіресе нысанның орналасатын жеріне ерекше назар аударылды. Жазық алқап - желдің жылдық орташа жылдамдығы үшін таптырмас жер, сондықтан онда жыл бойы электр энергиясын өндіруге болады. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың қараша айында толық аяқталған. Сол кезден бергі ЖЭС-те өндірілген электр қуаты 23,767 мың КВт/сағатқа жетті. 

Жетісу облысында жел электр стансасы іске қосылды

Жалпы «ENEVERSE KUNKUAT» ЖШС іске асырған жоба аясында  16 жел қондырғысы орнатылған. Жел мачтының биіктігі - 100 метр, қалақшасының көлемі – 70 метр. Әрбір құрылғы шамамен 3,2 МВт электр энергиясын өндіре алады. Жалпы қуаты – 50 МВт. 

Атап өтсек, Сарқан ауданында «жасыл» энергетиканы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауданда іске қосу жоспарланған 5 су электр стансысының бүгінгі күні 3-еуі табысты жұмыс істеп тұр. Қалған 2-еуінің құрылысы биыл аяқталып, іске қосылады. Атап айтқанда, «Baskan Power» ЖШС-ның жалпы қуаты - 14,9 Мвт болатын, құны 11,7 млрд. теңгелік, 24 жұмыс орны құрылатын Жоғарғы Басқан ГЭС-2 және 3 жобасы. Оған қоса Кербұлақ ауданында қуаты 8,6 МВт, құны 6,3 теңгелік Көктал ГЭС-1 жобасы да бар, - деп жазды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, 2021-2025 жылдар аралығында Жетісу облысында жалпы қуаттылығы 236,7МВт болатын 13 жаңартылған энергия көзі нысанын іске қосы жоспарланған. (ГЭС – 10, ЖЭС – 2, КЭС – 1). Соның 3-еуі бүгінгі күні пайдалануға берілген, тағы үшеуі биыл қолданысқа беріледі, жалпы қуаты 132,5 МВт қалған 7 нысан 2025 жылға дейін іске қосылуы тиіс.

Жалпы Жетісу облысының өзінде өндірілетін электр энергиясының көлемі 479,2 млн. кВт/сағатты құраса, ондағы жаңартылған электр энергиясы көздерінің үлесі 340,6 млн. кВт/сағат болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы