Жетісу облысының прокуратурасы шетелге кеткен, бірақ Қазақстан азаматтығын сақтаған азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде Көксу ауданының тұрғынына 2,3 млн теңгеден астам зейнетақы төлемі қайта есептелді.
Прокуратура мәліметінше, азамат Қазақстан азаматтығын сақтағанына қарамастан, шетелге қоныс аударуына байланысты зейнетақы төлемдерінен айырылған.
Прокуратураның араласуынан кейін төлемдер 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қайта тағайындалды. Осы уақыт аралығында төленбей қалған зейнетақы қаражатының 2,3 млн теңгеден астам сомасы есептелді.
Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының №79 нормативтік қаулысында көрсетілген құқықтық ұстанымға сәйкес жүргізілген.
Қаулыға сәйкес, Қазақстан азаматы заңда белгіленген өзге талаптарды орындаған жағдайда, мемлекеттік базалық және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін ел аумағында тұрақты тұруға міндетті емес.
Жетісу облысының прокуратурасы осындай жағдайларды анықтау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.