Талдықорған қаласында "Қазақ киносының онкүндігі" атты мәдени жоба басталды. Іс-шараны Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанаты І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтіп, көрермен назарына Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолын бейнелейтін "Қажымұқан" көркем фильмі ұсынылды. Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Онкүндік аясында "Жамбыл. Жаңа дәуір", "Дос-Мұқасан", "Набат операциясы", "Патриоттар уақыты", "Бауырына салу" сияқты әртүрлі жанрдағы фильмдер көрсетіледі.
Жобаның мақсаты – ұлттық киноны насихаттап, ауыл-аймақ тұрғындарына отандық фильмдердің жаңарған келбетін көрсету. Бұған дейін мұндай кино көрсетілімдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында өткен.