Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Ақынысарын ауылдық округінің таулы аумағында мал бағып жүрген екі азаматқа найзағай түсті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға салдарынан 1970 жылы туған азамат оқиға орнында қайтыс болды. Ал оның қасындағы 1975 жылы туған адам жеңіл жарақат алып, медициналық тексерістен кейін үйіне жіберілген.
Ал Жетісу облыстық ПД қазіргі таңда найзағай соққысынан адамның өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті сот сараптамаларын тағайындаған.
Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, ашық алаңда немесе таулы аймақтарда жүргенде найзағай кезінде дереу қауіпсіз жерге жасырыну қажет.