Жетісу облысының Сарқан ауданына қарасты Басқан өзенінде, Екіаша ауылы маңында орналасқан шағын гидроэлектростанциялардың бірінде ірі апат болды. Оқиға 12 тамыз кешкісін орын алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, кешкі уақытта олар қатты гүрсілдеген дыбысты естіген. Артынша бөгет астынан қуатты су ағыны шыққан. Бірнеше минут ішінде су Жоғарғы Басқан ГЭС-інің бүкіл аумағын, оның ішінде ғимаратты және жабдықтарын басып қалып, нысанның жұмысы толық тоқтатылды.
Оқиға орнына құтқарушылар, полиция қызметкерлері және апаттық бригадалар жетті. Аумағы қоршауға алынып, персонал эвакуацияланды. Су тасқыны түннің ортасына қарай ғана тоқтатылды.
Жетісі облысы әкімдігінің мәліметінше, өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ, халық пен экологиялық қауіпсіздікке қатер туындаған жоқ.
Технологиялық тұрғыда құбырдың жарылуы орын алып, соның салдарынан су ГЭС ғимараттары арқылы және сыртқы бетке шығарылды. ГЭС-тің жедел кезекші қызметкерлері электр қуатын ажыратып, су беруді тоқтатты, ал сағат 18:00-де құбыр толықтай сусыздандырылды. Суды сорып шығару жұмыстары басталды, бүгінде ғимарат ішіндегі су толығымен сорылып шығарылды, қазір апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деді "Baskan Power" ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаев.
Айта кетейік, "Baskan Power" ЖШС-да шамамен 90 адам жұмыс істейді, олардың барлығы – жергілікті тұрғындар. Бұл гидроэлектростанция қуаты 5-10 МВт болатын шағын энергетикалық нысандар санатына жатады және маңайдағы бірнеше елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз етеді.