Жетісу облысында 3 автожол жобасы жүзеге асырылып жатыр

9 Қараша 2022, 10:19
1356
Бөлісу:
Жетісу облысында 3 автожол жобасы жүзеге асырылып жатыр

Мемлекет басшысы Жетісу облысына жасаған сапары аясында аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен автомобиль жолдары инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне назар аударған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, осыған орай, қазіргі күнде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Автокөлік жолдарын дамыту бағытындағы жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылмақ. Оның аясында 2022 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 91 пайызын, жергілікті жолдардың 85 пайызын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Бұған дейін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қалыпты жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Бұл мәселе  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты әрі жіті бақылауында.

Жетісу облысындағы автомобиль жолдары саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар турасында айтар болсақ, 2021 жылдан бері республикалық бюджет қаражаты есебінен «Сарыөзек – Көктал» автокөлік жолында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Көктал – Жаркент – Хоргос» бағытындағы жолдың 31 шақырымында (130-145, 306-322) орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында аталған құрылыстар мен жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтауға қажетті барлық қаражат қарастырылған. Автокөлік жолдарының өзге учаскелерінің техникалық жағдайы жолдарды күтіп ұстау аясындағы жол-жөндеу жұмыстары есебінен жүргізілмек. 

Бұдан өзге, алдағы екі жылда «Лепсі – Балқаш» жол желісінің құрылысын аяқтау көзделген. 2018 жылы жалпы ұзындығы 110 шақырымды құрайтын «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған болатын. Аталған жоба екі учаскеге бөлініп іске асырылуда. 2021 жылы бірінші учаскедегі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Ал екінші учаскедегі жұмыстар 2024 жылы аяқталмақ.

Ал «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына дейінгі жол жөндеу жобасы турасында айтар болсақ, алдын-ала жоба бойынша жол желісі Ескелді ауданындағы Қора шатқалы арқылы Текелі қаласынан «Бұрхан бұлақ» сарқырмасына дейін жалғасады. Бүгінде облыс әкімдігімен бірлесіп жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жол учаскесі бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы даярлау 2023 жылы толығымен аяқталмақ.

Өзгелердің жаңалығы