Жетісу облысында 164 нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделеді

26 Шілде 2023, 18:03
819
Бөлісу:
Жетісу облысында 164 нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделеді
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында 2023 жылы облысы бойынша әлеуметтік нысандарды бейімдеу үшін 164 нысанға 472,6 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бейімдеу жүргізілетін нысандардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала нысандары мен әкімдік ғимараттары.

Бөлінген қаржының уақытылы, сапалы іске асырылу мәселелеріне қатысты облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли аудан, қала әкімдіктерімен селекторлық жиын өткізді. Жиында баяндама жасаған Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, бейімдеу тек пандус орнатумен шектелмейді, ол 6 аймақты қамтиды. 

Бүгінгі күні 13 ғимаратта бейімдеу жұмыстары аяқталған. Ал қалған 71 нысанда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса, 76 нысанда әзірге мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған.

Облыста орналасқан ішінара бейімделген нысандарды толық бейімдеу үнемделген қаржы есебінен жүргізілетін болады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінген нысандардағы жұмыстардың барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді жалғастырады, - делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы