Жетісу облысы. Жекеменшікке айналған қасиетті жерлер

25 Сәуір 2023, 12:30
3465
Бөлісу:
Жетісу облысы. Жекеменшікке айналған қасиетті жерлер
Фото: Қажет Андастың жеке мұрағатынан

Әр өңірдің өз киелі нысандары мен қасиетті жерлері бар. Әйтсе де сондай аяулы мекендердің дені қараусыз қалып отыр. Оны зерттейтін білікті мамандардың жұмысы бірізге қойылмаған деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Өлкетанушыларды өзектен теппейік

Соңғы кезде Жетісу өлкесі мен туризм саласы егіз ұғымға айналды. Біз бұған дейін осы мәселеге байлынысты айтқан Мемлекет басшысының сөзін мысалға алғанбыз. Асан қайғы бабамыз жерұйық іздеп жүріп, жер жаннатына балаған атамекенге Президенттің де ерекше назары ауып отыр. Енді өңірдегі туризм саласын ілгерлету үшін не істеу қажет? Әрине, оның сан тарау жолы. Бір жылда не он жылда Швейцарияға айналдыру мүмкін емес. Сондықтан бар ресурстарды пайдаланған абзал. Ол немене десеңіз? Жұрт зиярат етіп, тәу етуге жиі баратын нысандар. Яки, ата-бабамыз аманаттап берген, табиғат-ананың өзі аялап жеткізген мәдени ескерткіштер мен таңғажайып жерлерді экономиканың бір тірегіне айналдыруымыз қажет.

Қараңыз, осыдан тура алты жыл бұрын «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынған. Соған орай, Алматы облысы бойынша (ол тұста Жетісу облысы құрамында еді) комиссия құрылып, іске кіріскен. Сол комиссияның топ жетекшісі өлкетанушы-журналист Қажет Андас біраз тарихи орындарға статус беріп, өңірдің рухани өміріне елеулі үлес қосқан еді.

Біз жалпы Жетісу топыраеында тіркеуге алынбаған 500 нысанды анықтап, оның 57-сі Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгіздік. Атап айтсақ, Ақын Сара Тастанбекқызы кесенесі және мемориалды музейі, Фатима Ғабитованың үйі, Асаусай орта ерте ғасырлық қалашығы, «Қапал мешіті» сәулет ғимараты, Қойлық қалашығы, Қапал батыр кесенесі, Орбұлақ шайқасы, «Тамшыбұлақ» бұлағы, Алтынемелдегі Шоқан Уәлиханов мемориалды кешені және жерленген жері, Жаркенттегі сәулет-көркемөнер кешені, Малайсары Тоқтаұлы жерленген жер Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне, Қора шатқалы, Тұздыкөл (Рай көлі), Шыңғысханның тұрағы, Ешкіөлмес петроглифтері, «Бесшатыр» қорғаны, Әулие ағаш, Найзатапқан бұлағы, Үйгентас жайлауы, Тезек төре қонысы, Мамания мектебі, Орыс православиялық шіркеуі, Көтен тәуіп, Құлжабайұлы Тайсары, Үлпілдек Дарабоз ана, Қарынбай әулие, Байтулақ батыр, Солтанбай батыр, Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс батыр, Айту би, Мықтыбек батыр, Смағұл қажы, Тәнеке батыр, Жәлменде би Байшығанұлы, Есім төре, Қоғыл әулие, «Сөк төре», Алаш зиялысы Базарбай Мәметов, Сәмен батыр, Байғотанұлы Көтен тәуіп, Баянбай батыр кесенесі, ақын Бақтыбай Жолбарысұлы жерленген жер, Алаш зиялысы Барлыбек Сырттанов жатқан жер, Айғайқұм жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген еді. Бұлардың бәрі қазіргі Жетісу облысына тиесілі құндылықтар, - дейді Қажет Андас.

Оның айтуынша, былтыр ғана өз еркімен өңірлік өлкетанушылар бас қосып, Қапал маңындағы «Қызылжар шайқасы: Жүз оба және Қыз бейіті» тарихи кешенінің орнын анықтаған. Бұл үш ғасыр бұрын үш жүздің басын қосқан тарихи кешенге баланады. Соған орай ауқымды жұмыс істелуде.

Жетісу облысы. Жекеменшікке айналған қасиетті жерлер

Міне, өлкетанушы түстеп көрсеткен қасиетті жерлерді өңір туризмінің бір тетігі ретінде қарауға болады. Себебі, бағзы тарихтың бауырына басып жатыр. Бажайлап қарасаңыз бұл үдеріс туризммен жан баққан мемлекеттердің басты құралы саналады. Ал біз де ше? Өкінішке қарай, осындай рухани бай мұраларымыздың өз игілігімізге пайдалана алмай отырмыз.

Тізімде жоқ тарихи нысандар

Әрине, кеңес идеологиясы қанатымызды еркін жаюға мүмкіндік бермеді. Туған жеріміздің тарихы мен қасиетін түсіндірмек түгілі, ен далада емін-еркін өмір сүруге де мүмкіндік бермеді. Алапат ашаршылық, Алаш зиялыларының оққа байланғаны, ұлтты жоюға бағытталған саяси шешімдер түптамырымыздан ажырап қалуға әкелді. Әйтсе де уақыт жаңарып, еңсемізді тіктеп, елдігімізді бүтіндедік емес пе?. Енді не тұрыс? Әлем тарихын ашсаңыз, нағыз ата-бабасының жерінен алысқа ұзамаған, оны алтын бесік санаған елдің бірі – бізбіз. Ендеше, неге сол қастерлі тарихымызды, жаужүрек ерлігімізді, қасиетті жерімізді қайта жаңғыртпасқа?!

Ол үшін мемлекет өлкентанушыларға өзектен теппей, зерттеуге жол ашуы керек. Өлкетанушы ен даланы еркін кезіп, тіпті иығына мылтығын асып, білегіне қармағын іліп, баяғының ақсақалдарынша атқа қонып, жер-жерді аралауы қажет. Олар сонда ғана деректкрді шынайы бетін ашып, даланың ойы мен қырын елге әріп танытқандай танытады. Онык тарихшыдан не архиологтан айырмашылығы да осы.

Елімізде «Қазақстанның қасиетті жерлері» бағдарламасы басталып, бұрын ескерілмей келген құндылықтарымыз жарыққа шығып, туристер тартыла бастап еді, сол жерді иесі «менікіне» басты. Жекеменшікке өтіп, көне қорымдардың үстіне үй салып, көне қаланың орны егістікке айналып кеткендер де бар. Бұл – нонсенс. Ұлттың қасиетті деп танылған нысандары мемлекет меншігіне өтіп, қатаң қорғауға алынуы шарт. Міне, сонда ғана өркендейтіні анық. Бүгінгі таңда атамекенімізді ұлықтап, ескерткіштерді ардақтау туралы ұсыныстар көп. Бірақ көбінің қолы қысқа. Бұл іске мемлекет араласпай, жұмыс өңбейді, - дейді Қажет Андас.

Барды бағаламай отырмыз

Жасыратыны жоқ, құс қанаты талатын байтақ мемлекетіміз табиғи һәм рухани құндылықтарға бай. Мәселен, БҰҰ-да  «Елді ашаршылықтан қорғау» деген өсімдіктер тізіміне Жетісуда ғана өсетін 25 өсімдік енгізген. Сол өсімдіктерді сақтау мақсатында 2010 жылы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ ретінде құрылды. Аталған саябақ жұмысын бастамас бұрын «Таулардың жабайы алмасынан ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» деген тақырыппен «Жоңғар Алатауының» құрамына енетін таулардың бүтін картасы сызылды. Енді қараңызшы, сол картада бұрынғы 37 генетикалық резерваттың 11-і ғана бейнеленген. Қалғаны есепте жоқ.

Ал әлемде отыз мыңнан астам алма сорты бар деп есептесек, Еуропа мен Азиядан бастап, тіпті Африка мен Амриканы қоса алғанда алманың түп атасы Сиверстің шежіресін Жетісудан таратады. Қазір «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағының аумағында гүлдеп тұр. Ғалымдар бұл жемісті динозавр дәуірімен байланыстырады. Ал осындай ғажайып жаңалыққа ие топырағымызды тек әлпештеп қана отырмыз. Неге туристтік жерге айналдырмасқа?

Біз неге мұндай сауал қойып отырмыз. Қараңыз, жапон халқы Сакура ағашына символдық мән беріп, қадірлі санайды. Тіпті ол гүлдеген шақты ең ғажайып әлет санап, туристерге құшақ ашады. Сонда жылына 10 миллион қонақ келеді екен. Ал сол ағаштың ататегі біздің Сиверс жемісінен 20 саты төмен тұр. Мәселе, біздің немқұрайлылығымызда болып отыр. Құдай берген құндылықтардың қадіріне бойлай алмай отырмыз. Ал сырттан келген қонақ жәй келмейді, ел қазынасына қаржы құяды, елді жарнамалайды. Іргеде тұрған Сарқанға бармаймыз. Былтыр бірінші рет «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалі өтті. Оның өзі жоғары деңгейде өткенімен, насихаты кемшін болды.

Туризм тақырыбында мынадай бір өзекті мәселе бар. Ол – кәдесый. Біздің елді бұл үрдіс әлі толық дамымады. Шетелге саяхаттағанда тцристтік мемлекеттер ұлттық бұйымдарымен елітіп әкетеді. Ал біз де базар кезіп жүргенін. Тапқанынның өзі Қытайдан шыққан заттар. Сырттан келген қонаққа сыйлық жасауға зат таппай әбігерге түсесін. Базар біткенді көрші елдердің шеберлері жасаған бұйымдар жаулап алған. Келген турист естелік ретінде алғысы келеді. Бұл да ойланатын мәселе. Жетісудың бір өзінде беткеұстар құндылықтар жетіп жатыр ғой. Қайсібірін айтасын, - дейді белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубаев.

Аталған мәселеге үңіліп қарасақ, тағы да қателік өзімізде екен. Мәселен қырғыз елінде 13 мыңға жуық, өзбек ағайындылар 30 мыңға таяу қолөнер шебері бар екен. Бұл тіркелгені һәм мемлекет қолдап отырғаны ғана. Ал бізде мыңнан астам қолөнер шебері бар. Оның өзіне мемлекет жәрдемдесіп отырғаны шамалы. Егер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Жетісуда туризм саласын дамытуды көздесек, алдымен қолөнер шеберлерін қолдауды ұмытпауымыз қажет.

Біз бекерге Жетісуды мысалға алып отырған жоқпыз. Себебі, жоғарыда айтқандай мұнда рухани ескерткіштер мен қасиетті жерлер жүздеп кездеседі. Қаншама қалашық құмның астында жатыр. Оған да әлі тарихшылар нақты баға берген жоқ. Әрине, Үкімет қолдамай істің сиырқұйымшақтана беретіні даусыз. Туризмнің тұтқасы болар аймақтар жеке тұлғалардың иелгінде жатыр. Олар ол жерді сауық сайран һәм кәсіптің көзі ретінде ғана бағалайды. Бұл тақырыпқа кешенді зерттеу жүргізбей болмайды.

Өзгелердің жаңалығы