1921-1931 жылы қазақ даласында 400-дей көтеріліс болған. Соның 325-і Жетісу жерінде орын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрбандарға арналған бірде бір белгітас жоқ
Жетісудың тарихы қалың. Оны реттеп, жүйелеп отыру біздің міндетіміз. Бірақ, жұмыс тәртіппен жүруі шарт. Әрбір зерттеуші өз қалағанын жаза беретін болса, республикаға Жетісудың қат-қабат тарихы толық танылмайды. Мұны осы саланың бас-қасында жүрген білікті мамандар айтып отыр.
Мен Құндақбай мергенді 15 жылдан бері зерттеп келемін. Қаншама деректер таптық. Комиссияға да мүше болдым. Молданазардың алғашқы суретін таптым. Жетісуда Құндақбай мерген жасырынған үнгір бар. Сонықтан саяси қуғын көрген тұлғаларға арнайы бір жер таңдап үлкен белгі қою керек. Көксуда шайтансай деген жер бар. Кейбір жерлерді әлі түйенің, жылқының сүйегі жатыр. Барлық жерге белгі қоюға келмейді. Кісіқырылған да тарих парағында тұр. Онда мыңнан астам адамның сүйегі шашылып қалған. Ол таудың басында. Тереңөзекте Шуақ деген жер бар, сонда белгі қойса да болады. Басшиге де белгі қоюға келеді, - дейді саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жетісу өңірлік комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі Серік Сарыбай.
Шымырда 150 адам жатқан жер бар, Шайқорғанда атақты ақын, әнші Пышан Жәлмендеұлы жатыр. Біз бұл тарихи мекендерге салғырт қараймыз. Мәселен, Ресей Кеңес одағы тарағанда осындай азапты бастан кешкен азаматтарға арнап арнайы үлкен кітап шығарған. Одан бөлек архивтегі материалдарды індете зерттеп, өз бағасын да берді. Ал қазақ елі әлі күнге бір сүрлеумен келеді.
Біздің қолымызда Жетісуда қуғынға түскен 4 мыңдай адамның тізімі бар. Оны жинақтау қажет. Біз Қоғамдық даму басқармасына осы мәселені бірнеше рет айтқанбыз. Төрт ауданынан 346 адамның ату жазасына кесілгені анықталды. Кезінде Жаркент ауданы екіге бөлінген. Бірі – Октябрь болса, бірі – Жаркент аталған. Сарқан ауданы да Көлбай аталған. Кербұлақты уағында Малайсары ауданы ретінде аталғаны туралы құжаттар бар. Менде Шайқорғанға ату жазасына кесілген адамдардың тізім ескерткіші жасалса деген ұсыныс бар. Қазір төрт ауданнан белгілі, қалған 4 аудан қосылса мың адам бола ма, одан көп пе анықталады, - дейді С.Сарыбай
Жетісуда қуғынға ұшыраған адамдардың аты-жөні толық анық емес. Қазір осы мәселе тек атаулы күнде ғана көтеріліп, қалған уақытта ескерілмейді. Жетісу бұл ретте көштің соңында келеді. Мысалы, Жаркентте 1930 жылы бір ауылдан 22 адам тұтқындалған. Не себепті? Себебі – салық. Бей-берекет халыққа салынған салықтан азаматтар көтерілген. Жалпы ел ішінде көтеріліске қарсы 5 мың адам көтерілді деп алсақ, соның басым бөлігі – жетісулықтар. 1930 жылы өңір ақсақалдары бір-біріне хат жазып, кеңес өкіметін төңкеруге шығады. Оны ғажайып тарихшы Талас Омарбеков өз еңбегінде жазған. Бірақ, өкінішке қарай тарихта Жетісу көтерілісі жоқ. Олай ешбір жерде аталмайды.
Ақталмаған алыптар көп
Былтыр өңірлік жұмыс тобы ақталмаған жаңа есімдерді анықтау үшін ҚР Орталық мемлекеттік архивінде, ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар қорында, Жетісу облысының мемлекеттік архивінде және Панфилов аудандық мемлекеттік архивінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, бір архив құжаттар жинағын және халық жады бойынша естеліктер жинағын құрастырып, Республикалық жұмыс тобына өткізген. Одан бөлек, жергілікті қаражат есебінен «Жетісу өңірінің қуғын-сүргін қасіреті» атты естелік кітабын құрастырған.
Қытайға босып барған Жаркент уезі бойынша 372 адам белгілі. Ал Лепсі және Қапал уезінен бойынша 394 адам. Елге келіп ауылдарға орналастырылған 7561 адам, оларға көмек қолын созған 1014 адамның тізімі жасалды. Ең өкініштісі осы адамдардың көбі кейін қуғынға ұшырады. Сондықтан ақтау санатына жатады. Сол заманда Жетісуға жер аударылған шешен, түрік, кәріс, тағы басқа этнос өкілдері ұрпақтарының естеліктері жинақталып, Халық жады жинағына енгізілді. Атақты Штуттгоф концлагерінің тұтқыны болған текелілік Татьяна Громницкаяның естелігі де енді, - дейді комиссия мүшесі, өлкетанушы Қажет Андас.
Кеңес өкіметі тарапынан азап көрген 6 діни қайраткер анықталған. Большевиктік-коммунистік билік тарапынан жабылып, қиратылған Бұқа молданың мешіті бар. Бұл – Панфилов ауданында. Былтыр осы бағытта өңірлік жұмыс тобы БАҚ құралдарында 10 материал, 7 сюжет шығарған. Дегенмен жұмыс тобы былтыр зерттеуді уақытша тоқтатқан. Десе де, бір топ бастамашыл азаматтардың қолдауымен тіркелген «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі бұл іспен өз еркімен айналысып келеді.
Біз көтеріліс орын алған жерлерді, жаппай аштыққа ұшыраған ауылдарды, қуғын-сүргін құрбандары атылған әрі жерленген жерлердің толық картасы жасаудамыз. Сондай-ақ, Лепсі, Жаркент, Қапал уезіндегі Саяси қуғын-сүргінге қатысты төте жазумен жазылған архив құжаттарының толық нұсқасын реттеп жатырмыз. Жетісулық аты аталмайтын Алаш зиялылары және Алаш әскеріне көмек көрсетіп, жазаланған адамдардың тізімін құраймыз. Жетісу өңіріндегі «Банды» атанған халық батырларын толық ақтауға күш салып жатырмыз. Атап айтсақ, Құдиярхан, Қален, Нұрмұхамт, Тұрсын төре, Құндақбай, Омарбек, Ақжол, Мамырхан, Акпар-Сейіт, Қазықан, - дейді Қажет Андас.
Қазір зерттеушілер мынандай ұсыныс білдіріп отыр. 1916-1950 жылдары Саяси қуғын-сүргіннің барлық санаты бойынша қазақтың жартысы қырғынға ұшырады. Сол құрбандарды еске алып, гүл шоғын қоятын, тіпті арнайы жиын өткізетін орын жоқ. Сонымен қатар сотталған жерлердің картасын жасау маңызды. Сол жерлерге ескерткіш тақта қажет. Облыс музейінен Саяси қуғын-сүргінге қатысты арнайы бөлім ашылуы шарт. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасында Жетісу өңіріндегі Саяси қуғын-сүргіннің себебі мен салдарын зерделейтін бакалаворлық, магистрлік, докторлық ғылыми жұмыстардың тақырыбы белгіленіп, жас зерттеушілердің шоғырын қалыптастыру қажет.
Осы ретте ардагер журналист Жұмахмет Жайлаубаев қала әкімдігінің қарекетін сынап отыр.
Саяси қуғын көрген азаматтардың рухын асқақтату үшін облыс орталығы Талдықорған шаһарарындағы Қабанбай мен Абай көшелерінің қиылысында сонау тоқсаныншы жылдардың басында ескерткіш орнатамыз деп белгітас қойылған еді. Кеше немеремді ойнатып жүріп байқап қалдым сол таста «ескерткіш» деп жазылып тұр екен. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді қазақ үнемі айтады. Түпкі мәнін түсініп, жүректен сүзіп емес, жәй тіл ұшындағы құрғақ сөз, айтпағымызды тұздықтау үшін ғана. Халықтың жағдайы нашар, күнкөріс қиын, байлықтың үстінде отырып кедейміз деп орайы келгенде өкпемізді айтып қоямыз. Мүмкін сол нәубеттерде қырылған қазақтың аруағы риза болмағандықтан «байымай» отырған шығармыз, - дейді Жұмахмет Жайлаубаев.